АРГЕНТИНА — Оңтүстік Американың (Латын Америкасының) оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан мемлекет, федеративтік республика. Аумағы 2,77 млн. км². Халқы –33,8 млн. адам (1993), мемлекеттік тілі – испан тілі. Астанасы – Буэнос-Айрес. Аргентина 22 провинция, 1 ұлттық аумақ және 1 федералды астаналық округке бөлінеді.Аргентинаның солтүстік-шығысында Гран-Чако, Ла-Плата жазықтары, батысында Анд тауы (ең биік тұсы Аконкагуа шыңы, 6960 м) жалғасып жатқан Атакама шөлі бар. Оңтүстік-батысын Патагония үстірті (2000 м) алып жатыр. Кен байлықтарынан мұнай және табиғи газ, тас көмір, қорғасын, мыс, темір, вольфрам, уран кентастары өндіріледі. Аргентина тропиктік, субтропиктік және шөлейтті климаттық белдеуде орналасқан. Қаңтардың орташа температурасы 9 – 20 С, шілдеде 23 – 30 С, жылдық жауын-шашын мөлшері 250 – 900 мм. Суы мол Парана, Парагвай, Уругвай өзендерінде кеме жүзеді. Көлдердің көбі осы өзендердің алабында және Патагонияда орналасқан. Жерінің бестен бірі тропиктік орман.Ерте заманда Аргентина жерінде үндіс тайпалары қоныстанған. Солтүстік-шығыс пен орталықта гуарани, тапес, чарруа, керанда, солтүстік-батыста диагиттер, оңтүстікте араукандар, патагондар тұрған. Диагит тайпалары отырықшы тұрмыс құрып, егіншілікпен шұғылданды, мата тоқуды, түсті металл қорытуды кәсіп етті. Бұлардан басқалары негізінен көшпелі үндістер болды. 1516 ж. испан теңізшісі Хуан Диас де Солис Рио-дела-Плата өзені сағасының төңірегін Испания жері деп жариялады. Осы күнгі Аргентина жерін отарлау 15 ғасырдың 30-жылдарынан кейін күшейе түсті. Отаршылдар үндістерді қырып-жойып, көпшілігін құлға айналдырды. Испандар бағындыра алмаған тайпалар құнарлы жерлерінен тықсырылып, оңтүстіктегі суық өңірлерге қарай ығысты. 1620 ж. жаулап алынып, Ла-Плата деген ат қойылған аймақ Перу вице-корольдігіне қосылды. Отарлаушылар ірі жер иеліктерін құрып, жұмыс қолы жетіспеген соң Африкадан зәңгі-құлдар әкеле бастады. Осы күнгі Аргентина, Боливия, Парагвай мен Уругвай кіретін аймақ 1766 ж. Ла-Плата вице-корольдігі болып бөлінді. 19 ғасырдың басында Испанияның отарлық үстемдігі әлсіреп, енді бұл өңірге ағылшындар көз тіге бастады. Алайда жергілікті халық жасақтары 1806 – 07 ж. ағылшындардың екі дүркін шабуылын тойтарып, 1810 ж. Ла-Платаның уақытша үкіметін құрды. Үкімет тәуелсіздік жолындағы күресті күшейтті. 1816 ж. 9 шілдеде Оңтүстік Американың біріккен провинциялары (осы күнгі Аргентина) өз тәуелсіздігін жариялады. 1826 ж. Аргентина Федеративтік Республикасы болып қайта құрылды.
19 ғасырдың 2-жартысында Еуропадан қоныс аударушылар лек-легімен ағылып, елдің халқы тез көбейді, экономика жедел өркендеді. 20 ғасырдың басында еуропалықтардан құралған аргентина ұлтының қалыптасу процесі аяқталды. Отаршылдар қырғынынан аман қалған аз ғана үндістер елдің қиыр оңтүстігі мен солтүстігін мекендеуге мәжбүр болды.20 ғасырдың 30-жылдарынан басталған әскери төңкерістер 1983 жылға дейін толастамай, Аргентина жарты ғасырдан астам уақыт әскери адамдардың билігінде болды (1955 – 58); 1966 – 73; 1976 – 83). Соңғы әскери режим билігі кезіндегі елдегі жағдай әсіресе 1982 ж. сәуір – маусым айларында Англия мен Аргентина арасындағы әскери жанжал кезінде шиеленісе түсті. Бұл соғыста Аргентина жеңіліс тауып, Фолкленд (Мальвин) аралдарында (Оңтүстік Атлантика) Ұлыбританияның үстемдігі орнады. 1983 ж. елде демократиялық өкімет қайта орнап, құқық билігі үстемдік алды. А. 80-жыддары өте ауыр әрі ұзаққа созылған қаржы-экон. дағдарысты бастан кешті. Мемл. бюджетке ауыр салмақ түсірген түрлі саладағы тапшылық пен құлдырауды тежеуге тырысқан Р. Альфонсин үкіметінің әрекеті еш нәтиже бермеді. Елдің орасан көп мөлшердегі (60 млрд. доллар, 1989 ж.) сырткы қарызы өсе түсті. Альфонсин бастаған радикалдар үкіметі биліктен кетуге мәжбүр болды. 1989 ж. мамырдағы жалпы халықтық сайлауда басым дауыс алған пероншылдар (Хуан Перронның саясатын жақтаушылар) “Экономикалық және әлеуметтік жағдай жөніндегі төтенше ұлттық заң” қабылдады. Ұлттық экон-ны ұйымдастыру, қайта құру бағытында елеулі өзгерістер жасалды. 1986 жылдан бері келе жатқан табысты индексациялау жүйесі, баға белгілеу, валюталық нарық жүйесіне мемл. бақылауы жойылды. Еңбекақы мөлшерін тұрақтандыруға әрекет жасалды. Сыртқы сауда ырықсыздандырылды. Шетел компанияларына жеңілдіктер жасалды. Жалпы айтқанда, А. экономикада АҚШ-тың стратег. бағдарламаларына сәйкес дәстүрлі бағытқа көшті. 1993 жылдан бастап елде К. Менемнің бастамасымен Әлеум. даму жоспары аясындағы іс-шаралар қызу іске асырыла бастады. Егер Менем үкімет басына келген кезде елде ақшаның құнсыздануы жылына 3000% болса, 1993 ж. наурызда ол 7%-ке түсті. А. ауыр өтпелі кезеңді бастан кешті. Сыртқы саяси жағдай бірқалыпқа түскенімен үкіметтің экон. саясаты төңірегінде шиеленіскен идеол. және саяси тартыстар жүрді. Респ. БҰҰ-ға, Халықар. валюта қорына, Америка мемл-тері ұйымына және басқа да халықар. ұйымдарға мүше. 1993 ж. 25 маусымда ҚР-мен дипломат. қатынас орнатты.
Экономикасы. Аргентина – аграрлы-индустриялы ел. Негізгі пайда экспортқа шығаратын өнімдерінен түседі. Экономикасының дамыған саласы – ауыл шаруашылығы. Басты бағыты – астық және мақта егу, етті мал өсіру. Сонымен қатар темекі, жеміс және цитрус плантациялары бар. Жері орманды, ағаш қоры жөнінен Латын Америкасында 3-орын алады. Теңіз жағалаулары мен өзендерден балық ауланады. Пайдалы қазбаларға бай. Мұнай, газ, тас көмір, темір, қорғасын, мырыш, уран кендері өндіріледі. Өнеркәсібінің басты салалары – ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін тамақ және жеңіл өнеркәсіп, кен өндірісі. Бидай ұны, қант, күнбағыс майы, мақта жібі, жасанды талшық өндіріледі. Металлургия өнеркәсібін дамытуда едәуір табысқа жеткен. Машина жасау өнеркәсібі автомашиналар мен тракторлар, станоктар мен кіржуғыш машиналар шығарады. Басты өнеркәсіп орталығы – Буэнос-Айрес қаласы. Барлық жүк айналымының 37,2%-ы су жолымен (басты порттары – Буэнос-Айрес, Госарино), 29,5%-ы автомобильмен, 20,6%-ы темір жолмен, 12,7%-ы құбыр арқылы тасылады. Сыртқы саудадағы негізгі серіктестері – АҚШ, Бразилия, Германия.
А-да экспорттық және импорттық өнім мөлшерінің көрсеткіштері 1996 ж. тиісінше 23,6 және 23,2 млрд. доллар құрады. Оның дүн. жүз. ішкі жиынтық өнімдегі үлесі — 0,89%.
Әдебиеті мен өнері испан тілінде дамьнан. А-ны мекендеген байырғы үндіс тайпаларының әдеби ескерткіштері сақталмаған. 16 — 19 ғ. аралығындағы отаршылық кезеңдегі испан әдебиетінің әсері айқын байқалады. Дегенмен халықтық көркем шығармашылықта ұлттық өзгешелік нышандары көріне бастады. Ұлттық әдебиеттің қалыптасуында халық ауыз әдебиеті үлкен рөл атқарған. 19 ғ-дың басында тәуелсіздік алғаннан кейін гаучолардың (малшылар) суырып салма жырлары (видала, тристе, т.б.) кеңінен тараған. Бұл таза аргентиналық құбылыс — гаучо әдебиетінің тууына негіз болды (Б. Идальго, И. Аскасуби). Ұлттық роман дәстүрінің қалыптасуына Д.Ф. Сармьетоның “Факундо” аталатын филос. көркем туындысы үлкен ықпал жасады. Жазушы, әрі тарихшы Э. Эчеверрия — романтик. бағыттың (19 ғ. орта шені) негізін қалады. Оның шығармаларының негізгі пафосы — отаршылыққа қарсы күрес (“Тұтқын қыз” поэмасы). 20 ғ-дың басындағы А. әдебиетінде реалистік бағыт нығайды (Фрай Мочо, М. Угарте, М. Гальвес, т.б.). Сонымен қатар модернистік әдебиет те үлкен рөл атқара бастады (Л. Лугонес, Э. Лоррета). 20-жылдары Латын Америкасындағы постмодернизммен қатар туған авангардизм А-да айқын көрінді. Бұл, әсіресе, Х.Л. Борхес шығармашылығына тән. Ұлттық драматургияның қалыптасуына Ф. Санчес үлкен үлес қосты.
60 — 70 ж. реалистік талдау мен символдық жинақтау тәсілдерін ұластырудан әлеум. құбылыстарға ұлттық нақтылық пен әмбебап көзқарастарды ұштастыру талабы байқалды. Бұл бағыт қазіргі Латын Америкасы әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан X. Кортасардың прозалық шығармаларында терең көрініс тапты. А. архитектурасы испан бароккосының ықпалымен пайда болды. Оның көрнекті үлгісі Кордоводағы собор (18 ғ.). Ал ұлттық бейнелеу өнері 19 ғ-да қалыптаса бастады да, 20 ғ-да жан-жақты өркендеді. А-ның байырғы халқы — үндістердің дәстүрлі муз-сын елдің оңт.-бат-нда өмір сүретін араукандар ғана сақтап қалған (өндері мен билері — арави , уайно, карнавалито; муз. аспаптары — кена, пикильо, сику). 19 ғ-дың басынан қалыптаса бастаған қазіргі муз. фольклор испан мәдениетінен бастау алады. Бұл кәсіби ақын-әнші паядорлардың орындауындағы гаучолар муз-сы. А. әндері әуезді, әсерлі, әр түрлі ырғақты бір дауысты болып келеді, оны жеке әншілер гитарамен немесе халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен орындайды. А. тангосы әлемге белгілі. Ел тәуелсіздігін жариялағаннан кейін (1816) ұлттық муз-ның дамуына қолайлы жағдай туады. Композитор Б. Парера “Патриоттық марш” шығарды, бұл туынды 1813 жылдан А-ның ұлттық гимні болып табылады. Консерватория ашып (1893), А. Вильямс ұлттық муз. мектебінің негізін қалады. “Колон” опералық театры (1908 ж. ашылған), бүкіл Латын Америкасының белгілі өнер орталығына айналды. Кино 20 ғ-дың басынан түсіріле бастағанмен, шын мәнісінде ел тіршілігін көрсететін шығармалар реж. Х.А. Феррейраның “Ажал тангосы”, “Ақкөгершіндер” (1920), “Гаучоның әні” (1930) фильмдерінен соң өрістеді. Ұлттық бояуы басымырақ, әсерлірек муз. фильмдер түсіріле бастады. Режиссёрлер М. Соффичи, Л. Торре Нильсон, Ф. Аяла, Р. Кун, Э. Оливера, А. Дориа (“Арал”, 1979, “Қорқыныш”, 1980), т.б. әр түрлі идеолог. бағытта жұмыс істеді.