Өндiрiс және шығын. Шығындар теориясы.
Өндiрiс – бұл адамдардың табиғи заттарға әсер ете отырып, материалдық және рухани игiлiктердi өндiру процесi және де адамдардың өз қажеттiлiктерiн қанағаттандыруға бағытталған мақсатты iс-әрекеттерi.
Фирманың өндiрiстiк шешiмдерi нарық жағдайлары мен өндiрiс шығындары арқылы анықталады. Өндiрiс көлемiнiң өзгеруi жалпы және орташа шығындарды өзгертедi, ал бұл жағдай баға мен фирмалар ұсынатын тауарлардың мөлшерлерi арасындағы қатынасқа едәуiр ықпалын тигiзедi.
Шығындар – өндiрiстiң сатып алынған факторларының төлемi, ұсыныс көлемiне әсер ететiн басты фактор. Бұл даусыз ақиқат.
Өндiрiстiң жалпы шығындарын екi топқа бiрiктiруге болады: бухгалтерлiк және экономикалық.
Бухгалтерлiк шығындарға өндiрiстiң есеп беру кезеңiндегi нақты шығындар жатады және олар шығарылатын өнiмнiң өзiндiк құнының құрамына кiредi. Оған мыналар жатады: шикiзат пен материалдар құны, жұмысшылар менқызметкерлердiң жалақысы, амортизациялық өтемдер, салық және т.б.
Ал, экономикалық шығындарға бiз жалпы, барлы шығындарды жатқызамыз, оның iшiне фирманың өз меншiгiндегi сатып алынбайтын өндiрiс факторларын пайдаланғандағы айқынсыз шығындар да кiредi. Сондықтан да, экономикалық шығынға фирманың өз ресурстарын қолданғандағы табыстары да кiредi.
Өндiрiстiк шығындардың 5 түрi бар: жалпы, тұрақты, айнымалы, орташа және шектi.
Тұрақты шығындар – бұл қысқа мерзiм кезеңiнде өнiм шығару көлемiнiң өзгеруiне байланысты өзгермейтiн шығындар.
Айнымалы шығындар – бұл шығарылатын өнiм көлемiнiң өзгеруiмен бiрге өзгеретiн өндiрiстiк шығындар.
Жалпы шығындар – бұл тұрақты және айнымалы шығындардың жиынтығы.
Орташа шығындар – бұл нарықтық тепе-теңдiктi айқындайтын шығындар және де шығынның бiрқалыпсыз өзгерiсi барысындағы өнiмнiң бiр бөлiгiне кеткен шығынды көрсетедi.
Шектi шығындар – бұл ең арзан жолмен өндiрiлген қосымша өнiм бiрлiгiмен байланысты кеткен қосымша шығындар. Шектi шығындар тұрақты шығындарға тәуелдi емес.
Орташа шығындар мен шектi шығындардың арасында келесiдей қатынастар болады: бiрiншiден, шектi шығын мөлшерi орташа шығын мөлшерiнен артық болса, онда орташа шығынның мөлшерi, өнiм көлемi өскен сайын, арта түседi; екiншiден, егер шектi шығын орташа шығыннан кем болса, онда, өнiм көлемi өскен сайын, орташа шығын мөлшерi төмендейдi; үшiншiден, орта шығын қисығын шектi шығын қисығы оның минималды нүктесiнде қияды.
Құрал-саймандардың кiруiне байланысты шығындар сыртқы және iшкi шығындар болып бөлiнедi.
Сыртқы шығындар – фирманың шикiзат, құрал-жабдық, көлiк, энергияны басқа жақтан сатып алу, яғни кәсiпорын құрамына кiрмейтiн жабдықтаушылардың сатып алуға кеткен ақшалай шығындары.
Iшкi шығындар – өзi өндiрген және дербес қолданылатынресурсына төленбейтiн шығындар.
Өнiмдiлiк – фирма қызметiнiң тиiмдiлiгiн анықтайтын негiзгi шама. Өнiмдiлiк деңгейiн анықтайтын факторлар болып мыналар табылады: еңбек ресурстарының, негiзгi қорлар мен технологиялардың сапасы, басқару шешiмдерi мен ресурстарды пайдаланудың тиiмдiлiгi.
Еңбек өнiмдiлiгi бiр уақыт бiрлiгiнде өндiрiлетiн тауарлар санын көрсетедi. Ал, қор қайтарымы негiзгi өндiрiстiк қордың қолданылуының тиiмдiлiгiн бiлдiредi.
Шектi өнiмдiлiк шектi өнiм өндiрiс нәтижесiнiң өзгеруi мен өндiрiстiк процессте қолданылып отырған айнымалы факторлардың санының өзгеруiнiң қатынасын көрсетедi.
Өнiмдiлiктiң төмендеуiне әсер ететiн факторлар болып мыналар табылады: жұмысшы күшiнiң саны мен құрамы, өндiрiстiң техникалық жаңаруына жұмсалатын шығындардың кемуi, құрал-жабдықтардың моральдiк ескiруi.