АРБАУ — 1) діни наным-сенім бойынша тіршіліктің, оқиғалардың табиғи болмысына ғайыптан әсер еткіш қасиеті бар сөздер: сыйқырлы сарындар, магиялық сыры бар дұғалар, арнайы айтылатын “жырлар”. Арбаудың бірнеше түрі болады. Жылан, бүйі, қарақұрт, шаян шаққанда уын қайтару үшін немесе олармен “күш сынасу” үшін айтылатын сарындардың әрқайсысына тән өзіндік ерекшеліктері бар. Тиісті әсер еткіш сөздері табылса Арбауға алынған улы жәндік адамның дегеніне бағынады, жеңіледі, ал денеге тараған у сыртқа шығады деп сенген. Бұлт, жаңбыр шақыру —“күн жайлату” деп аталады. Оған арналған Арбау сөздері табиғат күштеріне бағытталған. Балқаштың Топар аймағында күн жайлатып, бұлт шақыратын қасиеті бар Бұйғамбай деген кісі өтіпті. “Темір, Темір, Теміржан! Темірдің ұлы Қауғажан, Тасырқасаң тас жаудыр, Қаһарлансаң қар жаудыр, Бұрқандансаң мұз жаудыр, Мұздай темір құрсандыр. Кел, Кел, бұлт, кел бұлт!” деп келетін “күн жайлату” сарындары сол Бұйғамбай секілді кісілерден қалғаны мәлім. Барыс жылы Амазонкада болған жойқын өртті тоқтатуда шамандардың “күн жайлатуы” қалай әсер еткенін баспасөз құралдары тосырқай да, таңырқай жазды. Арбау көне сенім-нанымдардың ажырамас бір бөлігі. Ол бақытсыздықтың бетін қайтаратын немесе жауына жамандық жіберетін, сондай-ақ аурудан сауықтыратын, істі оңға бастайтын, кейде қара ниетті іске асыратын т.б. сиқырлы әрекеттерді табиғи емес жолдармен жүзеге асыратын әдіс-тәсіл ретінде қаралған. Арбау көбіне бақсылық сарындарымен үндес болып келеді.2) Ауыспалы мағынада бөтен пиғылмен біреуді алдау, сол арқылы өз дегеніне көндіру, иландыру, көзбайлау.