Шығармашылықтың психологиясы табиғаты туралы зерттеулерді жүргізгіндер Р.Солсо, С.Л.Рубинштейн, А.В.Брушлинский, О.К.Тихомиров бұл қасиеттің адамның жалпы және арнайы қабілеттерімен тікелей байланысты дамитынын дәлелдеген. Жалпы және арнайы қабілеттердің психофизиологиялық негіздерін зерттеген Б.М.Теплов өз еңбектерінде қабілеттің анықтамасын беріп оның жалпы және жеке даралық өзгешеліктерін көрсеткен. Қабілетті дамыту психологиясын зерттеушілер Н.С.Лейтес, Д.С.Брунер зерттеулерінде қабілеттілік тәрбиеленетін қасиет екенін дәлелдеп, оны дамыту мәселелері бойынша зерттеулер жүргізген.
Л.С.Выготский, А.Н.Леонтьев, Дж.Гильфорд, Ж.Пиаже еңбектерінде оқушылардың таным процесінде болатын күрделі өзгерістерге негіз болатын сыртқы және ішкі факторларды талдай отырып олардың шығармашылығының дамуы іс-әрекеттен туындайтынын көрсетті, мұның арқасында заттық әрекеттер адамның санасы мен ойлауында бейнеленетінін көрсеткен. Тиісті міндеттерді орындаған кезде бұйымды бөлу, бөлшектеу, ажырату жөніндегі заттық іс-әрекет «ойдағы жүйке моделіне» айналып, ол модель біртіндеп іс-әрекетпен алмастырылады. Заттық іс-әрекет интериоризация процесінде ойша талдау процесіне айналады. Сондықтан іс-әрекет тек сырттан анықталған міндеттер және объективті мәліметтермен ғана шектелмейді, сонымен бірге ішкі, жеке негіздермен, яғни әуестену мен бағдарлар формасындағы қажеттіліктермен де анықталады. Сонымен қатар ішкі бағдарлардың дұрыс құрылуы ойлауды дамытудың шарттарының бірі болып табылады. Осы «жүйке моделі» бұрынғы тәжірибеде болғанның елесімен байланысты, дегенмен тіптен жаңа формада болуы мүмкін. М.А.Холоднаяның айтуынша осындай көріністегі ойлау және іс-әрекет шығармашылық қабілеттің көрінісі болып табылады. Шығармашылықты зерттеген ғалымдар анықтамасын жасап, оның дамуына әсерін тигізетін факторларды анықтады.