АРАМСӘБІЗ (лат. Cnidium) – шатыршагүлділер тұқымдасына жататын бір, екі немесе көп жылдық шөптесін өсімдік. Олар Тобылдың, Есіл өзендері алабында, Көкшетау, Сарыарқа, Алтайдың қалың ормандарында, құрғақ және ылғалды шалғынды жерлерінде өседі. Қазақстанда күмәнді Арамсәбіз (C. dubіum) түрі бар. Биіктігі 80 см-дей. Тамыры ұршық тәрізді. Жоғарғы жағы бұтақталған, түзу сабақты. Түксіз, сағақты жапырағы қауырсын тәрізді тілімденген. Гүлшоғыры – күрделі шатыр құрылымды (20 – 35 салалы). Гүлдері ақ, кейде қызғылт түсті болады. Шілде айында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі тұқымша тәріздес.