АРАМОТ ТҰҚЫМДАСЫ (лат. Najadaceae) – сукөріктер тұқымдасына жататын су астында өсетін бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстанның барлық өзендерінде, теңіз шығанақтарында, тұщы суларында өседі. Арамот тұқымдасының 1 туысы, 4 түрі бар. Оның ішінде нәзік А. (N. marіna) аталатын түрі тек Зайсан көлінде ғана өсетін сирек түр болып есептелінеді. Арамот тұқымдасының сабақтары жіңішке, сынғыш келеді. Оған жапырақтары таспа тәрізді оралып, кезектесіп орналасады. Дара жынысты гүлдері жеке немесе аталық жапырақ қынабы қойнауында топталып жетіледі. Аталық гүлінің бір ғана жасыл жапырақшадан тұратын гүл қоршауы болады. Аталығы да, аналығы да біреу, жатыны бір ұялы болып келеді. Жемісі – жаңғақ. Тұқымынан көбейеді. Тұқымы қатты, сырты жылтыр. Маусым – тамыз айларында гүлдейді. Жемісі мен тұқымы су ағынымен, балықтар және су құстары арқылы тарайды.