«Көршіңмен талқыла!»
1. Үйсіз-күйсіз қалған адамдардың бұндай ғұмыр кешуіне кім кінәлі деп айтуға болады? Ақылсыз қоғам ба, әлде адамның өзі ме?
2. Балалар үйінде өскен жастардың өмірінде қандай қиыншылықтар болады деп ойлайсың?
Мәтінмен танысып, төмендегі тапсырмаларды орында!
Қарттар үйі
Әңгімемді есіктен кіргенге елеңдей қарап, кемсеңдеп құлақ түретін, өмірінің көктемі кетіп, күзі келгенде қарттар үйінен пана тапқан қариялар жайлы өрбітпекпін.
«Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған» атам қазаққа жат «қарттар үйінің» қабырғаңды қайыстырары анық. Ал, ондағы жасы егде тартып, жалғыздық жандарын жылатып, сағыныш сарсаңына салған аялы алақан иелерінің аянышты тағдыры кім-кімді де толғандырмай қоймас. Бір өкініштісі, мұндай қарттар үйі біздің қаламызда да бар. Бүгінгі күні 62 орындық қарттар үйінде бос орын жоқ. Ал, сол тұрғындарының алтауы қазақ, яғни ақ жаулықты әжелеріміз бен ақ сақалды аталарымыз екенін естігенде өзіңді қоярға жер таппайсың. Бүгінгі қазақ өзінің туған әке-шешесінен безініп, қайда кетіп барады? Алайда, амал қанша? Ақиқат осы. Жанары жәудіреп, терезеге телміріп, жақынын күткен жалғыз басты қарттардың жан-дүниесін қайтпексің?! Безбүйрек ұлы мен тасжүрек қызының мейірімсіздігінен тағдыры тәлкекке түскен кейуана қарттардың бәрі: «Әкең де осы жерде өлер енді. Тәңірдің жазуына көнер енді. Уа, жалған, сағындым ғой тым болмаса, Алып келіп иіскетші немеремді», – деп ақындарымыз жырға қосқандай күй кешуде. Кінәлі кім?! Тар құрсағын кеңейтіп, мынау жарық дүниеге әкеліп, ақ сүтімен асырап, түн ұйқысын төрт бөлген анасын, бар қиыншылығын көтеріп, балаларым қатардан қалмасын деп маңдай терімен еңбек еткен әкесін қартайған шағында тағдыр тәлкегіне тастаған тасжүрек балалары ма? Жоқ, әлде «жастарға билігі жүрмейтін кәрің болады» деп Мөңке би айтқандай, бар кінә қазыналы қарт бола алмаған өздерінде ме? Десе де, ата-ананы құрметтеу жөнінде адамзаттың ардақтысы, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алланың разылығы – ата- ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында жатыр», – деп ескерткен еді.
1-тапсырма. Төмендегі сұрақтарға жауап бер.
3. «Қартайса, қарт бабаңды сыйлай біл. Күндердің күні болғанда кімдерде кімнің белі дейсің бүгілмес» деп Бұқар жырау данамыз айтқан екен. Өз ойыңды білдір.
4. «Анасы балам десе, баласы анам» демеген. Жастардың бұндай пиғылға баруын қалай түсіндірер едің?
5. «Қайырымды бала – қашан да ата-анасының мақтанышы» деген тақырыпта ой- толғау жаз.
6. Мейрамбек Беспаевтың «Бозторғай» әнін тыңдап, тақырыбы мен идеясын анықтаңдар.
Шеберлігіңді шыңда!
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» тақырыбы бойынша сұхбат жүргіз.