АРАМЕЙЛЕР — түпкі тегі Арабиядан шыққан семит тайпалары. Б.з.б. 2-мыңжылдықтың екінші жартысында олар Арабия шөліндегі бастапқы мекендерін тастап, шұрайлы Орт. Месопотамияға жаппай көшіп келген. Осы тұста олардың бетін қайтарғысы келген Ассирия патшасы Тиглатпаласар І жазуларында “араму” деген сөз тарихта тұңғыш рет тасқа қашалған. Отыз тоғыз жыл патша болған Тиглатпаласар І өзі таққа отырған төртінші жылдан бастап патшалығының ақырына дейін А-мен үздіксіз шайқасқанымен, жақсы ұйымдасқан көшпелі тайпаларды жеңе алмаған. А. Орта Евфрат өңіріне жайғасып алған соң, Ассирияға бой бермей, Солт. Месопотамияға қарай өрлесе, тайпалардың тағы бір тобы Евфрат өз-н бойлап, оңт-ке ойысқан. Б.з.б. 11 ғ. ортасында Ассирия қарамағындағы Вавилон мемлекетіндегі саяси аласапыранды пайдаланған А. маңызды қалаларды басып алып, бірте-бірте отырықшылыққа бейімделген. Ассирияның солт.-шығыс аймақтарына қоныстанған А. бірнеше дербес мемлекет құрған. Олар бірте-бірте бүкіл Алдыңғы Азияны түгелдей иеленген кезде арамей тілі ұзақ замандар бойы халықаралық тілге айналды. Сол тілде б.з.б. 9-8 ғ-да көптеген ежелгі жазба ескерткіштер жасалды. Арамей жазуы көне сирия, яһуди (еврей) шаршы жазуына, араб, пехлевий, ұйғыр, моңғол жазуларына ұласты. А. кейінгі замандарда өздері араласқан тайпаларға қосылып, тарихи атын жоғалтты. Солардың бір ұрпағы — ассириялықтар (айсорлар).