Жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны бойынша информатика пәнін оқыту


Қазақстан Республикасының дамуының басты басымдығы болып білім беру табылады. Ал білім беру жүйесін реформалаудың басты мақсатына оның жаңа әлеуметтік-экономикалық ортаға бейімделуі жатады. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «еліміздің жаңғырту стратегиясын жүзеге асыруда табысқа жету, ең алдымен, қазақстандықтардың біліміне, әлеуметтік және физикалық әл-ауқатына байланысты» деп ерекше атап өткені баршамызға мәлім.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – білім алушы оқушылардың оқу, білім алу нәтижелерін жетілдіру, арттыру. Бұл бағдарламадағы ең маңыздысы үштілділікті қолға алу, ақпараттық комуникациялық технологияларды қолдана алуына аса көңіл бөлінуде.
Информатика пәнін жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны бойынша оқытуда 5 — 11 сыныптардың тақырыптары күрделеніп берілген. Спиралды қағидат бойынша дайындалған, онда бір сыныпта бір ғана тақырыптаң аясында емес тақырыптар әрбір сынып бойы қайталанып отырады.
Бір сыныпта оқылған тақырып келесі сыныпта қайталанып күрделеніп беріледі. Ол дегеніміз оқушылар бір тақырыпты ұмытпай келесі сыныпта да есіне түсіріп отыратыны маңызды болып отыр. Сонымен қатар айтылым, жазылым, оқылым және тыңдалым дағдыларын қалыптастыруды негіздей отырып білімді шығармашылық тұрғыда қолдана білуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру қажет. Айталық бұрын дайын білім беріп келсек, ендігі кезекте білім алу үшін балалардың өздері ізденіп кез келген мәселені шешу жолдарын өздері қарастыра отырып білімдерін өмірмен ұштастыру көзделуде.
Жаңартылған білім жүйесінде мұғалімнің берген бағыты бойынша сабақта қолданған әдіс-тәсілдердің, ойындардың оқушыларға тәуелсіз болуға, тапсырмаларды орындауда шығармашылық және жауапкершілікпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған. Сонымен қатар бұл бағдарлама – озық технологиялардың барлық қыр-сырларын білуге жетелейді.
Жаңартылған оқу бағдарламасының ерекшеліктері мынада:
– пән мазмұнының спиралді қағидатпен берілуі;
– Блум таксономиясы бойынша оқу мақсаттарының иерархиясы;
– бір білім беру аясындағы және пәнаралық байланыстарды жүзеге асыру мақсатында «ортақ тақырыптардың» берілуі;
– оқу үдерісін ұзақ мерзімді, орта мерзімді және қысқа мерзімді жоспарлар арқылы ұйымдастыру;
– оқытудың тәрбиелік әлеуетін арттыру, оқушының адамгершілік-рухани қасиеттерін қалыптастыру;
– білім беру деңгейлері аралығында пән бойынша сабақтастықты ескеруге мүмкіндік беретін толық оқу курсы бойынша педагогикалық мақсат қою;
– бөлімдердің мазмұны мен ұсынылған тақырыптардың уақыт талабына сәйкес келуі, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға назар аударылуы;
– оқытудағы жүйелі-әрекеттік ұстаным (оқушының білім алу үдерісіне белсенді қатысу).
2017 жылдың қыркүйек айынан бастап 2, 5, 7-сыныптар жаңа бағдарлама бойынша білім ала бастады, яғни барлық пән бойынша осы сыныптың оқушылары жаңаша форматта оқытыла бастады. Соның ішінде «информатика» пәніне де айтарлықтай өзгерістер еніп отыр.
Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қарыштап дамыған заманында оқушыларға кешегі білімді бүгін оқыту тиімсіз болып бара жатқаны анық. Сондықтан да пәнге елеулі өзгерістер енгізіліп отыр. Бұған дейін «информатика» пәнін 5 сыныптан оқытылып келген болса, 2018 жылы қыркүйек айынан бастап 3-4 сыныптарға «АКТ» сабағы енгізіліп,
«информатика» пәнінің бастапқы білім деңгейі сол сыныптарда оқытыла бастады. Бұл дегеніміз, оқушы бастауыш сыныпта оқып жүріп-ақ компьютердің не екенін, онымен қалай жұмыс жасау керектігін ұғынады, түрлі формадағы ақпараттармен танысып, өңдеуін үйренеді, интернет желісіне қосылып, жұмыс жасауды меңгереді. Бастауыш сыныпта бастапқы деңгейді меңгерген оқушы 5 сыныпқа барғанда алған білімін толықтыруға мүмкіндік алады.
Бағдарламаның басты ерекшелігі спиральдік білім беру принципі бойынша білім алу, яғни оқушы алған білімін өмірде қолдана алатындай болуы тиіс. Мысалы, интернеттегі ақпаратты іздеу тәсілдерін біледі; желідегі ақпаратты іздеуге арналған тиімді сауалдарды құрастыра алады; кестелермен жұмыс жасау тәсілдерін меңгереді; электронды кестеде функциялардың графиктері мен диаграммаларын құрастыра алатын болады.
Әр түрлі программалау тілдерін (ойын, процедуралық, объектіге бағытталған) олардың күрделілігіне және оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай оқытылады. Мұнда тек бір ғана программалау тілін оқу деген талап жоқ:
1. 5-6 сыныптар – программалаудың ойын ортасы (Logo, Scratch және т.б.)
2. 7-8-9 сыныптар – жоғары деңгейлі бағдарламалау тілдері (C/C++, Python, Delphi, Lazarus және т.б)
3. 10-11 сыныптар – жоғары деңгейлі бағдарламалау тілдері (C/C++, Python, Delphi, Lazarus және т.б), веб-парақшаларды жасау орталары (HTML, XML, скриптер тілі), SQL сұраныстардың құрылымдық тілі.
Қолданыстағы оқу бағдарламасы бойынша оқушы бір ғана программалау Pascal тілінде жұмыс жасап келген болса, жаңа оқу бағдарламасы бойынша оқушыда программалау тілін таңдауға мүмкіндік беріледі, яғни оқушының өзінің ынтасы, қызуғышылығына қарай білім алуына жағдай жасалады.
Қорыта келгенде, жаңа бағдарламаның мәні, баланың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Оқушы өзінің мектеп қабырғасында алған білімін өмірінде пайдалана білуі керек. Сол үшін де бұл бағдарламаның негізгі ұғымы өмірмен байланыс болу. Өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін, қажетті дағдыларды дарыту үшін, мұғалімдер тынымсыз еңбектену керек.
Жаңартылған оқу бағдарламасы аясында тек өз пәнін, сүйетін, аянбай еңбек ететін мұғалім қажет. Жаңартылған білім – білімді ұрпақтың болашағы.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Информатика. Жаратылыстану- математика бағыты. Алматы «Жазушы» 2007.
2. Информатика. Әдістемелік нұсқау. Жаратылыстану- математика бағыты. В.А. Криворучко, Н.Т. Ермеков, Н.Н. Шпигарь. Алматы «Жазушы» 2007.
3. Информатики. Практикум. Жаратылыстану- математика бағыты. Н.Т. Ермеков, В.А. Криворучко, С.Ж. Ногайбаланова. Алматы «Жазушы» 2007.

Сағындықова Сайлаукүл Өмірбекқызы

Информатика пәні мұғалімі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *