АРАЛЫҚ ДАҚЫЛ — бір танаптан бір жылда екінші дақыл өнімін алу. А. д-ды ауа райы мен өсімдіктің биол. ерекшелігіне байланысты ерте пісетін дақыл өнімі жиналғаннан кейін ауа темп-расы 5°С- тан жоғары болатын аймақта егеді. Қазақстанда жаздық бидайды, тарыны жинап алғаннан кейін 104 — 187 күн, күздік бидайдан кейін 84 — 167 күн, арпадан, сүрлемдік жүгеріден кейін 124— 187 күн жылы болады да, олардың орнына А. д. егіледі. А. д-ға, негізінен, судан шөбі, жоңышқа, жүгері, жаздық сиыр жоңышқа, т.б. жатады. Олар топырақтағы органик. заттар мөлшерін көбейтеді, оның физ., хим. құрамын жақсартады және ылғалдылығын сақтайды. А. д. көбіне Алматы, Жамбыл, Оңт. Қазақстан және Қызылорда обл-тарында егіледі.