Психологияда әр түрлі іс-әрекет

Психологияда әр түрлі іс-әрекетте табысты болу мотивациясы туралы теория жоғары дәрежеде зерттелінген. Авторлары Д.Макклелланд және Д.Аткинсон. Қажеттіліктер белгілі дәрежеде адамның күйініші-сүйінішіне, ойлануына және ерік-жігеріне әсер етеді. Қанағаттандырудың түрі мен тәсіліне қарай, қажеттіліктің орындалу немесе орындалмауына байланысты адамдар мазасыздану немесе тыныштану, рақаттану немесе азап шегу сезімдеріне бөленеді. Табысты болу мотивациясы басым болған адамдар өз алдына мақсат қойғанда оны міндетті түрде шеше алатынына сенімді болады. Сондықтан бұл қажеттілік адамдардың ойлау, шығармашылық қызметін тудыратын негізгі күш болып табылады. Алдына қойған мақсатты орындау үшін адам белгілі бір құралдарды табуға, ал соларға сүйене отырып, әртүрлі теориялық және практикалық міндеттерді шешуге бар күшін жұмылдырады. Сондай-ақ, ерік-жігер ықпалын да тудырып отырады. Ерік күші, табандылық арқасында адам өз мақсатына жету жолындағы қиындықтарды жеңеді және белгілі бір дәрежеде қажеттілікті қанағаттандырумен байланысты алға қойылған міндеттерді іс жүзіне асырады. Мұның барлығы ол адамда оң белгідегі эмоциялар тудырып келісімге келуге, табысқа жетуге құлшындырады.

Мотивацияның өрісі оның даму деңгейі өмірдің материалдық жағдайына байланысты. Адам саналы түрде өз қажеттіліктерін реттеп отырады және ол жануарлардан осы қасиетімен ерекшелінеді. Қажеттіліктерін реттей отырып, ол тек сыртқы жағдайларды ғана емес, сонымен бірге қоғамдағы мінез-құлықтың моральдық нормаларын да ескереді. Сондықтан өз қажеттіліктеріне тойымсыз адам емес, өз қажеттіліктерін өзге адамдардың қажеттіліктері мен қоғам мүддесін ескере отырып, орнымен қанағаттандыратын адам тәрбиелі болып есептеледі.

Жоғарыда келтірген зерттеулердің барлығында мотивация негізінде қажеттілікті қанағаттандыру жолдарын іздеу екені көрсетілген. Мотивация жеке тұлғалық қажеттілікті қамтамасыз етуге немесе қайсыбір жағдайларда адам қоғамдық борышты сезінуді басшылыққа алады, үшіншісінде – белгілі бір дәрежеде сезім негіздеріне байланысты (махаббат, сыйластық, кек алу, жек көру тағы да басқалар) әрекет етеді. Сонымен қатар, әрбір ересек адамда жеке негізгі бағытты белгілейтін әлдебір жетекші қасиет те болады. Олардың бірі өз өмірінің мәнін ғылым жолындағы істен тапса, басқалары — өнер саласынан, ал үшіншілері – қоғамдық қызметтен табады. Әрине, бұл ретте әрбір адам өзінің халыққа неғұрлым көп пайда келтіретін салада еңбек ету парызын терең  сезініп іске кірісуі немесе жеке бас пайдасын көздеп даңқ, атақ үшін, мансапқұмарлықпен келуі мүмкін.

Қ.Жарықбаевтың айтуы бойынша мотивация ретінде алуан түрлі жағдайлар көрініс бере алады: адамның өзі түсініп-ұққан қажетсіну мен мүддесі, оның дүние танымы мен сенімі, сезімі мен ой-ниеттері, яғни адамның белгілі бір моральдық-психологиялық жағы мен мұраты мотивация ретінде көрініс береді. Адамның іс-әрекет мотивтерін зерттеу жеке адамның моральдық-психологиялық мәнін түсінуде ерекше рөл атқарады. Біреулер өзінің қажеттігін қамтамасыз ету үшін адал еңбек етсе, басқалары — өз парызын түсіне отырып еңбек етуге ерінеді, ал үшіншілері – уақытша, өзінің көздеген мақсатына жеткенше ғана еңбек етеді.

Іс-әрекет барысында табысты болу немесе сәтсіздікке ұшыраудың  адамның мотивациялық жүйесіне тигізетін әсері де әртүрлі. Табысты болу мотиві адамның іс-әрекетте кездескен қиыншылықтары оның мотивациясын күшейтеді, ал сәтсіздіктен қашу мотиві – қайрат-күшті төмендетіп, мәселені тағы бір орындап көруден бас тартады.

Балалардың оқу процесінде орын алатын мотивациялық жүйесі осы заңдалақтарға бағынады. Осы тұрғыда оқу мотивациясы қалыптасады. Бұл түп негіздерді үш категорияға бөліп көрсетуге болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *