АРАЛ ӨҢІРІ ЕСКЕРТКІШТЕРІ – Арал өңіріндегі ерте темір дәуірінен сақталған археол. ескерткіштердің жиынтық атауы.
Арал өңіріне Әмудария мен Сырдарияның Арал теңіздеріне құятын төменгі ағысының аралығы жатады. 1937 жылдан Хорезм археология-этнография экспедициясы (жетекшілері С.П.Толстов, М.А.Итина, О.Л.Вишневская, т.б.) зерттеулер жүргізді.
Зерттеу жұмысы барысында Арал өңірінде сақ тайпаларының 4 түрі өмір сүргені белгілі болды:
- Жаңадария бойында – апасиактар;
- Қуаңдария бойында – тохарлар;
- Сырдария мен Қуаңдария аралығында – аугасилер;
- Іңкәрдария бойында – сакравактар.
Страбон бұл аймақтың массагеттердің батпақты, суы мол, аралды жер екенін айта келіп, онда апасиактар өмір сүргенін жазған. Арал өңіріндегі ертеректе болған Шірік-Рабат, Бәбіш-Молла, Баланды, Жетіасар, Алтынасар көне қалалары орындарынан сақ тайпаларының мол ескерткіштері табылды. Бұл қалалардың архитерторлық жобалары бір-біріне ұқсас.
Халқы мал шаруашылығымен, егін егумен, аң аулаумен айналысқан. Қазба жұмысы кезінде дәнді дақылдар – арпа, тары қалдықтары, үккіш, қол диірмен, т.б. құрал-саймандар табылды. Мал сүйектерінің 47%-ы ірі қара сүйектері болуы, оның ішінде түйе, жылқы сүйектерінің мол кездесуі жартылай көшпелі өмірдің басым болғанын аңғартады. Қол өнері, зергерлік жақсы дамыған. Шірік-Рабат қ. төңірегіндегі обаларды зерттеу барысында алынған бұйымдардың Арал өңірі тұрақжайларындағы бұйымдарға ұқсастығы дәлелденді. Жерлеу тәсілдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Бейіттер күмбез тәріздес, аумағы 38,5 м, биікт. 8 м, көл. 47х29х9,5 см, 53х31х11 см шикі кірпіштен өрілген. Антроп. зерттеулер сақ тайпаларының бет пішінінде б.з.б. 7–5 ғ-ларда еуропалық, ал б.з.б. 4–2 ғ-лардан бастап моңғолдық белгілері күшейе бастағанын көрсетті.
Арал өңірі ескерткіштері жаңа тас дәуірі мен соңғы темір дәуірі аралығында бұл аймақта мал ш. мен суғармалы егіншілікпен айналысқан, әскери өнері жақсы дамыған тайпалардың өмір сүргенін көрсетті. Олар көрші елдердің және шығыстан келген тайпалардың әсерінен саяси-әлеуметтік, экономика, мәдени және антроп. жағынан өзгерістерге ұшырап отырған.