АРАЛБАЕВ Бекайдар Жантөреұлы (1893, Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы — 1952, Ресей, Красноярск өлкесі) — қоғам қайраткері.Әкесі Жантөре Аралбайұлы — 1928 ж. тәркіленген орта шаруа.
1905 — 10 ж. Жаңақорғандағы орыс-қазақ мектебінде, 1910 — 14 ж. Перовскіде (Қызылорда) қалалық училищеде оқыды. Үш-төрт жыл болыстық, уездік мекемелерде түрлі қызметтер атқарды. 1920 — 22 ж. Сырдария облаткомында (Ташкент) бөлім меңгерушісі, төрағасы; 1922 — 24 ж. Түркістан АССР-ның Ішкі істер Халық комиссары, Түркістан республикасы ОАК төралқасының мүшесі; 1924 жылы осы республиканың Жоғарғы сотының төрағасы; 1925 ж. Қазақ АКСР-ы ОАК-нің хатшысы болып сайланды. Кеңес аппаратына, басшы қызметтерге жергілікті ұлт өкілдерін тарту ісіне ОАК-і комиссиясының төрағасы ретінде көп үлес қосты. Аралбаевтың бұл қызметін даттау үшін Ф.И. Голощекин оған “аралбаевшылдық” деген айдар тағып, жұмыстан қуды. 1928 — 33 ж. респ. банкіге, Ақтөбе облысы банкіге қызметке жіберілді. 1933 ж. Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық әрекеттер жасады деген жалған айып тағылып, КарЛАГ-қа, кейінірек Мордва (1934) жерінде Тамлагта жазасын өтейді. 1945 ж. тұтқыннан босаған Аралбаев Қазақстанда тұруға рұқсат берілмеді. Ташкент облысы Шыназ ауданындаферма меңгерушісі болып жүргенде 1949 ж. қайта қамауға алынып, Сібірге жер аударылды. 1957 ж. қыркүйегінде КСРО Жоғарғы сотының алқасы Аралбаевты толық ақтады.