АРАЛАСУ — тіршілік шарттарының бірі. Жеке адамдар мен топтардан бастап мемлекетаралықөзара қарым-қатынастарға дейінгі сан түрлі салалық байланыстар белгілі бір дәрежеде өзара Араласу нәтижесі болып табылады. Сол арқылы достық, іскерлік, ынтымақтастық т.б. байланыстар жүйесі өмірге келеді. А. ұғымы рухани сипатта болса да, оның қоғамдық даму, өркениет, ғыл.-тех. прогресс салаларындағы өзіндік мәні айрықша. Араласуды кіші көлемде алсақ, ол — достық, ағайын-туыстық, жекжат-жұраттық, іскерлік, ынтымақтастық т.б. байланыстарға саяды. “Алтау ала болса — ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса — төбедегі келеді” дейді қазақ. Абай “… адам баласын өсіп-өнсін деп жаратқан. Сол өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды — әуелі дос көбейтпек” дейді. Ол үшін өзің өзгелермен қолыңнан келгенінше достық көңілмен аралас дегенді аңғартады. “Достық — достық шақырады” деп түйеді. “Ешкімге қас сағынбастықтың” өзінде де мән бар екенін айтады. “Өзін-өзі артық көрсетпек — достық рәуішті бұзатын нәрселер” дейді. “Өзін-өзі өзгешелікпен артық көрсетпек — адамдықтың нұрын, гүлін бұзады… Қастық қылмақ, қор тұтпақ, кемітпек — бұлар дұшпандық шақырады” деп көрсетеді. Әрбір мақтан “біреуден асамын деген күншілікті” тудырады, ал “күншілік күншілікті қозғайды” дейді Абай (“Отыз сегізінші сөз”). Данышпан Абайдың сөзін үлкен көлемде әлеум. топтар мен еларалық қарым-қатынастар деңгейінде де тануға болады. Бейбітшілік, ынтымақтастық, бірлік, келісім т.б. әлеум. мұраттарды жүзеге асыруда жоғары дәрежелі кездесу, жүздесулер, іссапарлар арқылы А-дың атқаратын рөлі ерекше. Бұл еліміздің егемендігін нығайтуда белсене қызмет етіп жүрген Президентіміз Н. Назарбаев пен өзге де мемл. қайраткерлері іс-тәжірибелерінен айқын көрінеді.