Сөзжасамдық тәсілдер
1.Қазақ тіліндегі сөзжасамның қалыптасқан тәсілдері
2.Сөзжасамның синтетикалық тәсілінің сөзжасамда алатыны орны.
3.Сөзжасамның аналитикалық тәсілі
4.Сөзжасамның лексика-семантикалық тәсілі
Туынды сөздің жасалу жолдары ғылымда сөзжасамдық тәсілдер деп аталады. Қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде көне замандардан бері қарай қолданылып әбден орныққан, қалыптасқан негізгі тәсілдері мыналар:
1) синтетикалық тәсіл,
2) аналитикалық тәсіл,
3) лексика-семантикалык тәсіл.
Синтетикалық тәсіл арқылы туынды сөз жасауда екі тілдік бірлік қызмет атқарады: 1) лексикалық мағыналы сөз, 2) сөзжасамдық жұрнақ.
Туынды сөз жасауға қатысатын лексикалық бірлік туынды сөздің мағынасына арқау болады. Сондықтан да туынды сөз жасауға лексикалық мағыналы сөздер ғана қатысады. Мысалы, жүлдегер, ақта, ақылды, бәлеқор сияқты туынды сөздердің жаңа мағынасы жүлде, ак, ақыл, бәле сөздерінің негізінде жасалған, сондықтан олар негіз сөздер деп аталады. Негіз сөз дегеніміз — туынды сөздің лексикалық мағынасына арқау болатын сөз. Сөзжасамның аналитикалык, тәсілі. Аналитикалық тәсіл деп екі я онан да көп сөзден бір лексикалық мағыналы сөздің жасалуы аталады. Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар:
1) сөзқосым, 2) қосарлау, 3) тіркестіру, 4) қысқарту сияқты аналитикалық тәсілдің төрт түрі бар.Бұлардың әрқайсысы да тілдің сөзжасамында өнімді қызмет атқарады, олар арқылы жасалған туынды күрделі сөздер тілде ете мол.
Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі. Лексика-семантикалық тәсіл арқылы, зат есімге заттану арқылы көшкен сөздер өте көп: бүлдірген, ағарған, қорған,қамал, айтыс, қоршау, ақ, асар, жетісі, екпін, тіл т.б.
Лексика-семантикалык тәсіл арқылы сөздің жаңа мағынаға көшуіне байланысты сөз бір сөз табынан екінші сөз табына ауысады, оны ғылымда конверсия деп атайды. Конверсия жолымен жаңа сөздің жасалуы — өте көп тараған тәсіл, оның ішкі ерекшеліктері де бар. Сөздің жаңа мағынаға ие болуы, сол арқылы басқа сөз табына көшуі түрлі жолмен іске асады. Оның ішінде ғылымда заттану (субстантивация)-тілдерге кең тараған түрі. Ал заттану — көбіне ықшамдау зандылығына байланысты болатын қүбылыс.
Бақылау сұрақтары:
1.Сөзжасамдық тәсілдер дегеніміз не?
2. Қазақ тілінің сөзжасамның қандай негізгі тәсілдері бар?
3. Сөзжасамның синтетикалық тәсіліне қандай белгілер тән ?
4.Сөзжасамның аналитикалық тәсілі дегеніміз не?
5.Сөзжасамның лексика-семантикалык тәсілі қалай жасалады?
Ұсынылатын әдебиеттер:
1.Оралбай Н. Қазақ тілінің сөзжасамы. -Алматы, 2002.
2. Салқынбай А. Тарихи сөзжасам. –Алматы, 1999.
3. Салқынбай А. Қазақ тілі сөзжасамы. –Алматы, 2003.
4. Бейсембайқызы З. Сөзжасам пәнін модуль бойынша оқыту.-А., 2000.
5. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы, 1989ж.