Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен —
жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.
Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,
Өзіміздің Алатаудай биік ол…
Сен бір үлкен өзен едің мол сулы,
толқыныңның жалы жатыр Ай қағып,
Мен — жас бұлақ, үйретіп ең толқуды,
келем әлі белгісіздеу сайда ағып.
Шомылып мөлдір өзенге,
сергіп те қап ем оянып,
жауапты бір кезеңге,
Келіп те қаппын таянып.
Ғажайып қырлар гүлденген,
қызылды-жасыл боялып.
Бояуы кеппеген күндерден,
Қуанып қалдым ой алып.
Болмайтын сынды тоқталсам,
жетпейді ақыл-қиялым:
Күйдірем нені — от болсам,
су болсам — қайда құямын?
Уақыт қуып барады —
асығып келем, асығып.
Сырыңдай мына даланың
ашылып келем, ашылып.