Лигнит (латынша lіgnum — ағаш, сүрек) — көмірлену дәрежесі төмен қазба ағаш қалдықтары. Негізінен қылқан жапырақтылардан түзіледі. Қоңыр көмір қабаттары арасында және жеке қабаттар түрінде де орналасады. Құрамында жартылай ыдыраған ағаш қалдықтары көп Лигнит кайнозой түзілімдерінде кездеседі. Тығыз қоңыр көмір қабаттарында да ұшырасады, оның ылғалдылығы жоғары (20 — 40%), ұшпа заттардың шығымы 45 — 60%, көміртегінің мөлшері 60 — 73%, жылу бөлгіштігі 7000 ккал/кг-ға дейін жетеді. Қазба көмір құрамындағы гельге айналған микроқұраушылар да Лигнит деп аталады.