АРАБ-ХАЗАР СОҒЫСТАРЫ

АРАБ-ХАЗАР СОҒЫСТАРЫ 7 ғ-дың екінші ширегінің басында арабтардың Арменияны, Грузияны және Албанияны жаулап алған соң хазарлар еліне жасаған алғашқы жорығы сәтсіз аяқталды. 684 ж. хазарлар Кавказға үлкен жорық жасады. Нәтижесінде Албания салық төлеп тұруға міндетті болды. 692 ж. Армениядағы араб билеушісі ибн Огбай Албания арқылы өтіп, хазарлардың шапқыншылығынан берік қорғаныс жасау мақсатымен Дербент қамалын алды. Дербент арабтар мен хазарлардың арасында бірнеше рет қолдан қолға өтті. 713 ж. араб қолбасшысы ибн Маслам Дербентті алып, хазарлардың жеріне кірді және Семендер қ- на дейін жетті. Бірақ бұдан кейінгі 4 жыл бойы Әзербайжанның солт. бөлігінде хазар қағанының әскері үстемдік етті, Олар 721 ж. Арменияға басып кіріп, ондағы арабтарды талқандады. Армениядағы жаңа араб билеушісі Джаррах әл-Хаками хазарларға қуатты әскермен қарсы шықты. Сөйтіп арабтардың Хазар қағандығына қарсы ұзаққа созылған соғыстары басталды. Арабтар хазарлардың жеріне бірнеше жорықтар жасады. Джаррах хазарлардың 40 мың әскерін жеңіп, Семендер мен Беленджерді алғанымен хазарлар араб халифатының солт. өңірлері үшін қауіпті күш болып қала берді. Көп ұзамай Джаррах түбегейлі жеңіліп, шайқаста қаза тапты. Бұдан кейін Кавказдағы белгілі араб қолбасшыларының бірі Мерван 150 мыңдық әскермен Хазарияға жорық жасап, Итильдің (Еділдің) жағасында хазар әскерін талқандады. Қаған бітім сұрады. Мерван қағаннан мұсылмандықты қабылдауды талап етті. Сөйтіп қаған біраз уақыт мұсылмандықты ұстанды. Бірнеше жылдан кейін қағандық қайтадан күшейді. Табанды да ауыр соғыстарымен хазарлар шығыс-еуропалық елдерді арабтардан қалқалап тұрған қорған рөлін атқарды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *