АРАБИЯ ТҮБЕГІ

АРАБИЯ ТҮБЕГІ, Арабия— Оңт.-батыс Азияда орналасқан дүние жүзіндегі ең ірі түбек (ауд. 3 млн. км2). Ол Жерорта, Қызыл, Арабия т-дерімен қоршалған. Құрлықтағы шартты шекарасы солтүстігінде Месопотамия ойпаты, Парсы шығанағы, Ормуз мойнағы, Оман шығанағы арқылы өтеді. Оңт. шекарасы Акаба шығанағы, Қызыл т.,Баб әл-Мандеб бұғазы, Аден шығанағы арқылы Арабия т-нің батыс жағалауымен жалғасады. А. т-не түгелімен Сауд Арабиясы, Иордания, Йемен республикасы, Оман, Бахрейн, Кувейт, Ливия, Палестина, Израиль мемл-тері және Сирия мен Ирактың бір бөлігі енеді. Жағалаулары аз тілімденген. Жерінің басым көпшілігін таулы үстірт алып жатыр. Солт. және солт.-шығыс аймағы жазық келеді. Жер бедерінің ерекшеліктеріне қуаңшылық климат зор өсер етеді. Ең биік нүктесі Йемен жерінде (ән-Наби Шаиб, биікт. 2620 м). Түбектің ең ойыс жері — Өлі теңіз ойысы. Ол теңіз деңгейінен 403 м төмен орналасқан. А. т-нің ішкі бөлігінде ірі Руб әл-Хали, Үлкен Нефуд, Кіші Нефуд, Сирия атты құмды шөлдер бар. Батыстан оңт-ке қарай Қызыл теңіздің жағалауын бойлай таулы аудандар (Хиджаз, Асир, Йемен), ал тектоник. жағынан түбекті түгелімен дерлік Арабия платформасы алып жатыр. Оның кристалды іргетасы батысында. Ал оңт.-батысы жер бетіне жақын орналасқан басқа аудандарды құрамы әр түрлі қатпарлы және көлбеу жатқан юра, бор, палеоген дәуірлерінің шөгінділерімен жабылған. Оңт-те ежелгі жанартаулық әрекеттердің іздері байқалады. Түбектің қойнауы мұнайға өте бай. Мұнайдың негізгі қорлары Сауд Арабиясы, Кувейт, Катар, Біріккен Араб Әмірлігінде. Жер қойнауында мұнайдан басқа алтын, түсті металдар, көмір, т.б. кен байлықтары бар. А. т. — әлемдегі күн радиациясының ең көп мөлшерде түсетін жері. Сондықтан жыл бойына онда жоғары темп-ра сақталады. Түбектің солт. бөлігі субтропиктік, қалған бөлігі тропиктік белдеуде. Солтүстігінде қаңтардың орташа темп-расы 8 — 14°С, оңтүстігінде 16 — 24°С, шілдеде 24 — 32°С-қа дейін, кейбір аудандарында темп-расының абс. максимумы 50°С-қа жетеді. Жауын-шашынның орташа мөлш. Йемен тауларының беткейлерінде 1000 мм-ге дейін. Қалған аймағында 100 мм-ден төмен. А. т-нің көп бөлігінде тұрақты ағын су болмайды. Таулы үстірттерде өзендердің құрғақ арналары (вади) тек өткінші жауындар кезінде ғана суға толады. Негізгі су қоры ретінде жер асты сулары пайдаланылады. Түбектің көпшілік бөлігінде субтропикалық және тропикалық шөлдердің құнарсыз топырағы мен сортаң топырақтары басым. Ылғалды муссондық жел өтіндегі Йемен тауларының беткейлерінде табиғи жөне мәдени өсімдіктер жайқалып өскен. Едәуір ылғалды тау беткейлері террасаланған, оларға жеміс ағаштары, кофе ағашы, индиго отырғызылған, дәнді дақылдар егілген. Қызыл т. бен Парсы шығанағының жағалаулық жазықтарындағы шөлдерде шұратгар (оазистер) жиі кездеседі. Ішкі облыстардағы шөл мен шөлейттерде суккулентті өсімдіктер (алоэ, сүттіген) немесе ылғалды тереңнен алатын, тамыр жүйесі жақсы жетілген бұталар мен шөптер алып жатыр. Мұнда тұяқтылардан қарақұйрық, бөкен, онагр жабайы есегі; жыртқыштардан: шиебөрі, қорқау қасқыр, тау түлкісі, каракал, қабылан, гамадрил маймылдары кездеседі. Құстардан: шіл, қараторғай, құр, бауырымен жорғалаушылардан: кобра, әбжылан, гюрза, агама, хамелеон кең тараған. А. т-нде мұсылман халықтар үшін қасиетті Арафат тауы, Мекке, Медине қ-лары орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *