ТІЛДЕРДІ СИПАТТАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ӘДІТӘСІЛДЕРІ

ТІЛДЕРДІ СИПАТТАУ ЖӘНЕ ЗЕРТТЕУ ӘДІТӘСІЛДЕРІ

Дүние жүзінде үш мың шамасында тіл бар деп есептелінеді. Дүние жүзіндегі тілдердің санын дәлме-дәл көрсетудің қиындығы мынада: кейбір елдердегі тілдер мен диалектілер жеткілікті дәрежеде зерттелінбеген. Осылай болғандықтан, олардың ішінен қайсылары дербес тілдер екендігін қазірде дөп басып айту мүмкін бола бермейді. Демек, дүние жүзі тілдерінің дәл саны олардың күллісі түгел қамтылып, жан-жақты зерттелінгенде ғана, айқындалмақ. Дүние жүзі тілдерінің ішінде тайпа тілдері де (мысалы, Африкадағы кейбір тілдер, Америка индеецтерінің тілдері және т. б.), халық тілдері де, ұлт тілдері де бар. Дүние жүзі тілдерінің ішінен орыс тілі, ағылшын тілі, француз тілі, қытай тілі, араб тілі және испан тілі халықаралық тілдер болып саналады. Бұл тілдерде халықаралық ұйымдардың, мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының, Бейбітшілікті қорғау комитетінің және т. б. материалдары жарияланып отырады. Орыс тілі халықаралық тіл болумен бірге, біздің еліміздегі халықтардың бір-бірімен қарым-қатынас жасайтын ұлт аралық тілі болып та табылады. Тілдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеудің барысында 19 ғасырдың басында салыстырмалы-тарихи тіл білімі пайда болды. Лингвистер 19 ғасырға дейін де әр түрлі тілдердің белгілі бір ұқсастығына, бірлігіне назар аударды, бірақ олар сәйкестілік пен айырмашылықтарды айқындаудың жолдарын, салыстыра зерттеудің тәсілдері мен мақсатын көрсете алмады. Кейбір тілдердің арасындағы ұқсастық пен бірліктің растала беруі және көптеген материалдармен дәлелденуі бұл құбылыстың тегіннен-тегін емес екенін аңғартады да, лингвистер ондай тілдердің шығу тегінің бір екендігін айқындай бастайды. Әр түрлі тілдерді зерттеудің барысында олардың өз ара ортақ белгілері лексика саласынан ғана емес, сонымен бірге грамматика саласынан да табылып, айқындала береді. Ақырында, зерттеу жұмыстары ағылшын, грек, неміс және т. б. тілдердің неғұрлым ертеректегі қалпына, ерекшеліктеріне үңілген сайын, олардың ортақ белгілері мен бір тектестігі солғұрлым анық айқын солғұрлым мол аңғарылатындығын көрсетті. Осыдан тілдердің бір тектестігін айқындаудың, оларды салыстыра және тарихи тұрғыдан зерттеудің қажеттілігі келіп туды. Орайынша, тілдерді зерттеудің салыстырмалы-тарихи методы да осылай пайда болды. Бұл метод туыстас тілдердегі материалдарды өз ара бір-бірімен салыстыра зерттеуге негізделгендіктен салыстырмалы деп аталады да, тілдегі құбылыстарды олардың өзгеруі, тарихи дамуы тұрғысынан қарастыратындықтан тарихи деп аталады. Әр түрлі тілдердің өз ара бір-бірімен туыстастығы, туыстас тілдердің топтары дүние жүзіндегі тілдерді тарихи және салыстыра зерттеудің нәтижесінде, салыстырмалы-тарихи методты пайдалана білудің арқасында ғана айқындалды. Атап айтқанда, роман тілдері, герман тілдері, иран тілдері, түркі тілдері, финугор тілдері деп топтастыру және дүние жүзіндегі басқа да тілдерді әр түрлі топтарға бөліп жіктеу салыстыра зерттеудің нәтижесінде ғана іске асты. Туыстас тілдер тобының немесе семьяның құралып дамуының көптеген замандар бойына созылған ұзақ тарихы бар. Ең алғашқы тіл бірлігінен, негіз тілден болашақ дербес тілдер біртіндеп бөліне бастайды.
Бүтіндей алғанда, негіз тілден туыстас диалектілер тобының бөлініп шығу процесі өте күрделі және әр қилы болады. Болашақ дербес туыстас тілдер тобының біртіндеп бөлініп шығуы және құралып жасалуы негіз тілдің диалектілерімен сөйлеген тайпалардың тарихымен, кейінірек халықтардың тарихымен байланысты болды.
Салыстырмалы-тарихи әдіс туыстас тілдердің деректерін салыстыра келіп, ол тілдердегі ортақ, бір тектес элементтерді, ондай бірліктің шығу негізін және ортақ формалар мен грамматикалық категориялардың ары қарай дамуы мен өзгеру ерекшеліктерін айқындауды көздейді. Сонымен, тілдердің генеалогиялық (шығу тегі) бірлігі, генеалогиялық байланысты салыстырмалы-тарихи методтың қарастыратын негізгі объектісі болып саналады…
1. Ең алдымен салыстырмалы-тарихи метод тілдердің адам баласы тілінің шығу процесінен бастап түрлі-түрлі болу фактісіне, яғни сол кездің өзінде әр түрлі тілдердің өзіне сай әр түрлі сөздік құрамы мен грамматикалық құрылысының жасалу фактісіне негізделеді. Демек, салыстырмалы-тарихи метод ең алғаш жасалынған көптеген тілдерде белгілі зат немесе құбылыс әр түрлі лексикалық атаулармен (сөздермен) аталғанын, біркелкі грамматикалық категориялардың түрлі-түрлі формаға ие болып, әр түрлі грамматикалық тәсілдермен берілгенін негіз етіп, соған сүйенеді. Адам баласы тілінің пайда болу барысында әрбір жеке тілде оның өзіне тән сөздері мен грамматикалық формалары жасалған. Дыбыс тіркестері (сөздер) мен ол арқылы белгіленетін заттың арасында барлық тілдер үшін ортақ ешқандай байланыс болмайды. Әрбір тілде дыбыс тіркесі (сөз) белгілі затқа немесе құбылысқа атау ретінде бекітіледі, бірақ бұл дыбыс тіркесі ол заттың не құбылыстың жаратылысын да, қасиеті мен сапасын да көрсете алмайды, оның олармен ешқандай етене байланысы жоқ. Егер мұндай байланыс болса, онда дүние жүзіндегі сан алуан тілдерде белгілі бір зат немесе құбылыс бір ғана дыбыстық комплекспен аталып, ешқандай лексикалық айырмашылық та болмаған болар еді. Мысалы, үй деген сөз бен ол арқылы белгіленетін заттың арасында ешқандай табиғи байланыс жоқ. Міне, сондықтан да ол (баспана) әр түрлі тілдерді түрлі-түрлі дыбыстық комплекспен (сөзбен) мысалы, орыс тілінде дом, неміс тілінде Наис деп аталады. Зат пен оның атауының (сөздің) арасындағы байланысты тарихи байланыс, соның өзінде шартты байланыс қана деп түсінген мақұл.
2. Тілдердің туыстас тілдер деп саналуы үшін, ең алдымен, олардың лексикасында мағыналар жағынан біркелкі немесе өз ара ұқсас, дыбысталуы жағынан да бір-біріне жақын көптеген сөзердің болуы шарт. Мұндайда туыстас тілдердің лексикасындағы сөздердің барлығы бірдей емес, олардың сөздік қорындағы байырғы төл сөздер еске алынады. Мысалы, қазақ тіліндегі ауыр, өзбек тіліндегі оғыр, қырғыз тіліндегі оор, тува, хақас тілдеріндегі аар, түркімен тіліндегі агыр, алтай тіліндегі уур, башқұрт тіліндегі ауыр, татар тіліндегі авыр, деген сөздердің мағына жағынан бірдей, дыбысталуы жағынан ұқсас болып келуі бұл сөздердің бір бұлақтан (негізден) шыққандығын көрсетеді.
Сонымен, салыстырмалы-тарихи әдіс туыстас тілдерінің арасындағы дыбыс сәйкестілігін есепке алады. Сонымен, тілдерді салыстырмалы-тарихи тұрғыдан зерттеу өзінің алдына, негізінен алғанда, мынадай міндеттерді қояды: 1) негіз тілден бастап, туыстас тілдердегі ортақ категориялардың даму заңдылықтарын ашып айқындау; 2) бұл дамудың ортақ, жалпы бағытын таба білу; 3) негіз тілдің түпкі құрылымының туыстас тілдердің арықарай дамуына тигізетін әсерінің сипатын белгілеу; 4) тілдің белгілі бір элементтерін тұрақты, басқа бір элементтерінің өзгеріске бейімділігінің себептері мен жайларын айқындау; 5) әр түрлі туыстас тілдердегі өзгерістердің біркелкі болмауының себептерін белгілеп айқындау

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *