Пәк ықыластың кереметі

Пәк ықыластың кереметі
Орталық Африкада қызмет еткен бір дәрігердің жазбаларынан Бірде ауруханамызға қатты толғақпен бір әйел келіп түсті. Мейірбеке
екеуіміз барымызды салғанымызбен, ол босану үстінде қаза тапты. Артында шала туылған шақалақпен екі жасар қызы қалды. Жас сәбиді «қалай
асыраймыз» деген ауыр оймен біз қала бердік. Өйткені, бізде мұндай балаларға арналған инкубаторды іске қосатын электр де жоқ еді.
Біз экватор белдеуінде тұрсақ та, кей түндері жел тұрып аса суық болатын. Көмекшілерімнің бірі, тәжірибеден өтіп жүрген акушер-гинеколог баланың тоңғанын көріп, басқа бөлмеден орайтын мақта алып келді. Ал,
мейірбике қыздырғышқа (грелка) жүгірді. Алайда қыздырғышты ыстық сумен толтырғанда ол жарылып кетіпті. Ең өкініштісі бұл соңғысы еді.
Резинаның тропикалық жағдайда тез бүлінетінін білетінмін. Дегенмен, ең қажет уақытында оның жарамсыз болып қалғаны өзегімді өртеп жіберді.
Сонымен, «Болары болып, бояуы сіңді». Жақын арада не дәріхана, не мұндай тауары бар дүкен атымен жоқ. «Енді не істейміз? бұған не шара…», – деп
күрсіне, қасымдағыларға қарап: – Нәрестені отқа жақынырақ жатқызайық, салқын түнде тоңдырып алмайық. Ал, өзіміз балаға суық тимеуі үшін
кезектесіп, есік пен баланың арасына жатқанымыз дұрыс болар. Біздің басты мақсат – нәрестені жылы ұстау, – дедім.
Келесі күні, әдеттегідей дұға жасау үшін балалар үйіне бардым.
Дұғадан бұрын оларға өткен түнде болған оқиғаны әңгімелеп,
қыздырғыштың жарылғанын өкінішпен еске ала отырып, бөбекті жылы ұстаудың өте қиын болып тұрғанын айттым. «Қыздырғыш болса, баланы
аман алып қалар ма едік», – дедім оларға қарап. Себебі, нәрестеге сәл суық тисе шетінеуі мүмкін ғой. Сондай-ақ, қаза болған келіншектің артында екі жасар қызы да қалғанын, ол бейшара да анасын іздеп жылай беретінін
айттым.
Балалар мені мұқият тыңдады да, дұға жасауға кірісті. Осы кезде менің назарым дұға жасап жатқан он жасар қызға ауды. Ол шын ынтасымен беріліп, сәби сенімі ұялаған пәк жүрегі арқылы аса үлкен ықыласпен дұға
жасап жатты:
«Уа, Аллаһ, өтінемін», – деп күбірледі ол. – Бізге бір қыздырғыш
жіберші. Уа, Раббым, оны бүгін күндіз жіберші, өйткені ертең кеш болуы
мүмкін. Ертеңге дейін балақай өліп қалмасын!». Қыз одан әрі жалбарынып: –
«Уа, Аллаһ, осы нәрестенің әпкесіне бір қуыршақ жібергейсің, ол да
кішкентай қыз. Сенің оны сүйетінін білсін және ол жалғыздық пен жетімдікті сезінбесін. Уа Аллаһ, өтінемін!».

Мына сөздерге таңырқаған маған қыздың балалық шынайы аңқаулығы мен жан тазалығы қатты әсер етті. Ол кезде мен осы дұғаға «Әмин» деп айта алар ма едім? Жоқ, әрине.
Шындығында, Аллаһтың бұл өтінішті орындай қоятынына толық сенбедім. Рас, Аллаһ Құдіретті және Ол не қаласа сол болады. Құранда осылай айтылған. Бірақ әрнәрсенің шегі бар емес пе, дұғада да. Менің түсінігімде, біздің жағдайда бұл тілекті орындау мүмкін еместейтін
көрінетін. Өйткені, қыздырғышты пошта арқылы ғана аламыз. Басқа жол
жоқ. Бірақ мұнда жұмыс істегеніме төрт жылдың жүзі болса да маған ешкім ондай ештеңе салып жіберген емес. Егер біреу маған сәлемдеме салып
жібергеннің өзінде оның ішінде қыздырғыштың болуы екіталай. Экватордың тропикалық ыстығында жүрген маған қыздырғыш салып жіберу кімнің ойына келе қойсын. Осындай сенімсіз оймен жұмысыма оралдым. Арада бірер сағат уақыт өтті. Студенттеріме медицина негіздерінің әліпбиін
түсіндіріп жатқанымда, маған үйімнің алдына бір автокөліктің тоқтағанын хабарлады. Мен келем дегенше ол кетіп те үлгеріпті. Есесіне дәлізде мені жиырма екі келі сәлемдеме күтіп тұрған еді. Көзіме жас үйіріле бастағанын сездім. Сасқалақтап сәлемдеме салынған қорапты қалай ашудың ретін таба алмай, көмекшімді шақырттым. Сол уақытта балалар үйінің кішкентай тұрғындары да жүгіріп қасыма келді. Олардың ішінде әлгі он жасар қыз да бар. Балалармен бірге, әр түйінін мұқият шешіп, ұқыптылықпен қораптың сыртын байлаған жіпті ағыттық. Ішіндегі бізге белгісіз заттарды бүлдіріп
алмайық деген аса сақтықпен, қораптың қақпағын пышақпен жайлап кестік. Барлығымыз өте толқып, кұпия қораптан көзімізді айыра алмадық. Отыздан аса жанар қораптың ішіндегілерді шығаруға оңтайланған менің қолыма
сұқтана қадалды. Ең үстінен түрлі-түсті тоқыма киімдер шықты. Киімдерді таратып бергеніме балалар қуанысып қалды. Одан соң медициналық
жабдықтар шықты. Бұл жердегі балақайлар мұндайды өмірінде көрмеген еді. Сонымен қатар, бірнеше қалта мейіз бар екен, оны алдық. Қолымды қорапқа тағы салғанымда, саусақтарыма бір нәрсе тиді… Жоқ… Мүмкін емес! Өз- өзіме сенбей, сыртқа шығардым… Иә, иә, жап-жаңа резина қыздырғыш!
Балалар таңғалғанынан шу ете түсті, ал менің бетімді көзден аққан жас жуып кетті. Дәл мұндай бола қоюы мүмкін емес деп ойлаған едім. Дұғаның күшіне сенімсіздік білдірген мен мұнша ақымақ болармын ба?!
Қуанышы қойнына симаған әлгі он жасар қыз жүгіріп келіп маған: «Аллаһ бізге қыздырғыш жіберген екен, онда Ол міндетті түрде қуыршақ та
жіберді», – деп сенімді түрде қорапқа үңілді. Қыздың айтқаны келді. Дәл
солай! Сүп-сүйкімді әдемі кішкене қуыршақты қораптың ең түбінен екеуміз бірге алып шықтық. Қыздың көзі қуаныштан жайнап кетті. Ол қыздырғыш пен қуыршақты Аллаһтың жіберетініне еш күдіктенбепті!
«Сізбен бірге барып, әлгі қызға осы қуыршақты апарып берсем бола ма? Өйткені, ол Аллаһтың оны өте сүйетінін білсін… Өтінемін…», – деп сұранды ол. «Әрине, менің қымбаттым»,– деп басымды изеп, еріксіз аққан көз
жасымды сүрттім.

Бұл сәлемдеме жолда бес ай жүріпті. Бұрынғы әріптесімнің
ұсынысымен, менің шәкірттерім экваторға қыздырғыш жіберген. Аллаһ
құдіретімен осы сәлемдеме дәл уақытында бізге келіп жетті. Мұның барлығы Африка қызының бар ықыласымен жасаған дұғасы Аллаһ тарапынан қабыл болғандығы емес пе?!
Аллаһ тағала ақиқатында барлығын Естуші, барлығын Білуші және ол барлығымызды сүйеді!

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *