АР

АР, ұят — адам бойындағы адамгершілік қасиеттің өлшемі, тұлғаның өз әрекеті мен ниеті үшін жауаптылығын сезінуі және адамның өзіне-өзі ұждан тұрғысынан баға бере білуін бейнелейтін әдептанулық категория. Этик. әдебиетте ар туралы көптеген анықтамалар мен түсіндірмелер кездеседі. Сенека ар деп адамгершілік өлшемдеріне байланысты біздің мінез-құлықтарымызды құптайтын немесе айыптайтын ішкі дауысымызды айтады. Стоиктер, яғни ежелгі Стоя қаласының ойшылдары бұл ұғымды адамды қорғап тұратын күшпен теңейді. Діни танымда оны адам бойындағы имандылық деп қарастырады. Мұхаммед пайғамбар хадистерінде “кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ” деген пікір бар. К. Марксше ар дегеніміз адамның өзіне деген ашуы. Гегель арды жақсылықтың іштей айқындалу процесі ретінде бағалайды. Ж.- П. Сартр оны тұлғаның қоғамдық талаптар қысымына өзінше берген жауабы деп бағалайды. Қазіргі батыстық этикада ардың беделшілдік және гуманистік түсініктері айқындалған (Э. Фромм). Біріншісі сырттан танылған құндылықтарға икемделумен байланысты болса, екіншісі адамның өзін-өзі тәрбиелеуіне қатысты. Қазақ халқының дәстүрлі әдеп жүйесінде ар ұғымы жоғары бағаланады. Кісіліктің негізгі қасиеттерінің бірі — арға кір түсірмеу. “Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы” дейді халық мақалы. Қазақта “Ұят кімде болса, иман сонда” деген мақал бар. Абай арды надандық ұят және шын ұят деп екіге бөледі. Надандық ұяты дегеніміз — жас баланың сөз айтудан ұялғаны сияқты ақылы қысқа, өрісі тар, ойы таяз жанның ұялмайтын нәрсеге ұялуы. Ал шын ұят — шариғатқа, абыройға теріс, ақылға сиымсыз, сөкет қылықтан ұялу. Бұл — тек есті адамға ғана тән қасиет. Ал екіншісі — өзің істеген қатеден, нәпсіге еріп қылған қылықтан ұялу. Ұят деген адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігінді ішіңнен өзің сөгіп, қылған қысымның аты екенін айтады Абай. Шәкерім барлық әдептілік түсініктерін “ар ілімі” маңайына топтастырған. Ары бар кісі ғана иманды, ізгі, парасатты болып келеді. Шәкәрім айтқан “арлы азамат” — жақсы мен жаманның айырмашылығын терең түсінетін, сөз бен істе түзу, әділ, намысшыл адам. Оның пікірінше, руханилыққа жеткізетін 4 жол бар: 1) еңбек; 2) өнер; 3) жалпы білім; 4) ар ілімі. Соңғысы кісіліктің түп қазығы болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *