Жемісті шыбық
Бір бай кісі қарт адамның кішкене жеміс ағашының шыбығын отырғызып жатқанын көріп, оған:
— Атай, сіз ғой қартайдыңыз. Отырғызған ағашыңыздың жемісін көре алмайсыз, олай болса неге бейнеттеніп жатырсыз? – дейді.
Қарт:
— Бізден бұрынғылар ағаш отырғызды, жемісін біз жедік. Енді біз де отырғызайық, жемісін кейінгілер жесін, – деп жауап береді.
Бай кісі жауабына риза болып, қартқа бір уыс ақша береді. Қарт:
— Көрдің бе балам, бұл шыбықтың жемісін міне мен де көрдім, – дейді.