”Ганнет” компаниясының басшысы Ньюхарттың айтуына қарағанда, “Ю-Эс-Эй тудей” АҚШ-тағы халықтарды бiртұтас ұлт ретiнде бiрiктiруге, осы мәселенi түсiндiруге қызмет етедi. Бұл сөздер газет ұраны ретiнде алғашқы бетте басылып отырады. “Ю-Эс-Эй тудей” негiзiнен телевидение дәуiрiнде дүниеге келген, жастарға арналған басылым. Газет тиражының 15-17%-ын немесе 200 мың данасын авиакомпаниялар мен қонақүйлер сатып алып, тұтынушыларына тегiн таратады. Осыған байланысты оны туристер мен қонақ үйлерге тоқтайтын адамдарға арналған деп атайды. Статистикалық мәлiметтерге қарағанда, басылым мекенiн жиi ауыстыратын адамдар арасында өтiмдi екен.
Газет редакторы Диюн Куини “Әр газеттiң өз қозғаушы күшi бар”, — дейдi. Мәселен, “Вашингтон пост” – репортер болса, “Нью-Йорк таймс” – редактор, ал “Ю-Эс-Эй тудейлiктер” үшiн — оқырман. Газет қызметкерлерi қандай да болмасын трагедиялық жағдайдың өзiнде қара түнектi қаптатпай, оптимистiк формулировка жасауға тырысады.
Газеттiң әртүрлi атаумен шығатын бiрнеше қосымшалары бар.
“Ю-Эс-Эй тудей радио” – газетте жарияланған қызықты, көңiл аударарлық мақалаларға шолу жасайтын бөлiм. Материалдар текст, әрi магнитофондық жазу түрiнде берiледi. Бұлардың таралуына «Эй-Би-Си» радио жүйесi мен оның 2200 бөлiмшелерi көп ықпалын тигiзуде.
“Ю-Эс-Эй тудей аптейт” – әлемдегi iскер адамдарға электрондық ақпарат арқылы қызмет көрсету орталығы. Материалдар газет оқырмандарының компьютерлерiне таңғы сағат төрттен бастап түседi. Ондағы берiлетiн ақпараттар он сегiз категорияға бөлiнiп жiктеледi: он үшi мамандыққа, өнеркәсiптiң кейбiр салаларына байланысты, он төртi жалпы қоғамдық жаңалықтарға, бiреуi күнделiктi болып жатқан оқиғаларды кеңiнен талдауға арналған.
“Ю-Эс-Эй тудей спорт хотлайнның” мыңнан аса жазылушысы бар. Ол телефон арқылы өз оқырмандарын екi минут iшiнде соңғы спорт жаңалықтарымен құлағдар етiп отырады. Тәулiк бойы жұмыс iстейдi. Сенбi, жексенбi күндерi бұл телефонға 25 мың адам қоңырау шалады.
“Ю-Эс-Эй тудей бкус” – газетте жарияланған материалдар негiзiнде кiтапшалар шығарумен айналысады. АҚШ портреттерiн, комикс кiтапшаларын, кроссвордтар, саяхаттанушыларға кеңестердi және осы сияқты тақырыптарда қосымшалар шығарып отырады.
“Ю-Эс-Эй тудей онлайн лабрэри” – “Ганнет” компаниясының бүкiл ақпараттары мен газет материалдары жинақталған, компьютерлiк, анықтамалық кiтапханасы.
“Ю-Эс-Эй тудей класслайн тудей” – мектептегi бiлiм жетiлдiру жүйесiне арналған, төрт беттен тұратын қосымша. Бұл қосымша аптасына екi рет шығып отырады.
Газет, сонымен қатар, теледидарда “Ю-Эс-Эй тудей” деп аталатын телешоу ұйымдастырады. Бұл күн сайын 30 минуттан (сенбi, жексенбi күндерi бiр сағат) жүргiзiлетiн хабар. Ол газеттiң “жаңалықтар”, “Ақша”, “Спорт”, “Өмiр” деп аталатын секцияларының негiзiнде жүргiзiледi. Қр секцияның өз жүргiзушiсi бар. Телебағдарлама сонымен бiрге компанияның басқа штаттарындағы телестанциялардың бейнематериалдарымен толықтырлып отырады. Ал, газеттiң жексенбiлiк қосымшасы “Ю-Эс-Эй уик-энд” 14.5 млн данамен таратылады.
“Ю-Эс-Эй тудей” агенттiгi электронды почта жанрының алғашқы ашушылары болып табылады. Ол өзiнiң мәлiметтерiн көп жылдардан бері хабарлама тақталары мен байланыс жүйелерiне сатып отырады.
“Ю-Эс-Эй тудей” газетiне электронды хабарламаларды және басқа да мәлiметтердi ақысыз пайдалануға мүмкiндiк берілген. Қазiргi уақытта газет бұл жүйеден аптасына бiр рет қана алатындықтан, апталық жаңалықтарды басқа жерлерден алып отырады. Газет тiлшiлерiнiң кәсiптiк деңгейлерiнiң нәтижесiнде “Ю-Эс-Эй тудей” газетiнiң өзiне тән терiмi, айшықты тақырыптары, материалдардың қысқа әрi нұсқалығы оқырмандардың назарын бiрден өзiне аударып отырады.
“Ю-Эс-Эй тудей” жарнама арқылы өзiнiң шығындарын түгелдей жойып отырып, кiрiс те кiргiзiп отырады. Газеттiң кiрiсiнiң бiр түрi әртүрлi қосымшалар арқылы да түсiп отырады.
Газеттiң негiзгi ақпараттық стратегиясы Америка Құрама штаттарындағы және әлемдегi маңызды саяси оқиғаларды еш боямасыз, шындықпен түсiндiру болып табылады.