АПАТИТ

АПАТИТ (грек. араtе — алдаймын, басқа минералдармен жиі шатастырыла берген соң осылай аталып кеткен) — фосфаттар класына жататын минерал. Хим. формуласы: Са5[Р04]3(Ғ,С1). Гексагонал сингонияда кристалданып, ұзынша, алты қырлы призма тәрізді кристалдар немесе топырақ не конкреция түріндегі ұсақ түйіршік масса құрайды. Түсі ақ, жасыл, көк, қоңыр, күлгін, кейде түссіз келеді, жылтырлығы шыны не май тәрізді болады. Қатт. 5, морт сынғыш, жымдастығы нашар, менш. салм. 3,2 г/см3. А. сілті және қышқыл құрамды магмалық жыныстарда (нефелинді сиениттерде), карбонатиттерде, кристалдық тақтатастарда, әр түрлі шөгінді және гидротермал жыныстарда кездеседі. А-тің шөгінді жыныстардағы қара сұр, тасберіш (конкреция) пішіндес түрі фосфорит деп аталады. А-тің ірі кендері Кола түбегінде, Байкалда, фосфорит кендері Қаратауда, Ақтөбе обл-нда орналасқан. А. фосфор тыңайтқыштарын өндіруде, фосфор қышқылы мен оның тұздарын алуда, қара және түсті металдар және шыны өндірісінде қолданылады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *