Аю мен маса

Аю мен маса
Алпамсадай аю жұдырықтай қоянды ұстап алып, ешбір жазықсыз құлағынан тартып қинады. Тіпті бір құлағынан бұрап, жұлып тастай жаздады.
Қоян қатты қапаланды. «Құлақ жазылар, көздің жасы да құрғар-ау, бірақ кегім тарқамас! Не үшін қорлық көрдім! Қисық аяққа кездесіп қалсам құримын ғой! Оған жұлғыза беруге шыдай ма! Аю осы ормандағы аңдардың ең күштісі, мұңыңды кімге барып шағарсың? Қасқыр мен түлкі араларынан қыл өтпейтін оның сыбайлас достары! Енді кімнен қорғаныш табармын!» – деп жылады ол. Сол уақытты қалың қамыс ішінен:
– Маған қорғала! – деген жіңішке дауыс шіңк ете түсті.
Қоян сол көзінің қиығын тастап еді, маса екен.
– Сен қандай қорғаныш бола аласың! Ол – аю, сен шіркейсің. Аюға не істей алмақсың сен! Сенде қаншалық күш бар, байғұс-ау! – деді қоян.
– Мен оған ұйқы бермеуге жараймын, – деді маса.
Ыстық орман ішінде аю жанын қоярға жер таппайды. Әбден қалжыраған ол бүлдірген жапырағының үстіне жатып дем алмақшы болды. Көзін жұмғаны ғана сол еді, нақ құлағының үстінен:
– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дыбыс естілді.
Аю масаның даусы екенін тани қалды. Масаның мұрнына келіп қонатын мезетін күтіп, әзірленіп жатты ол. Маса айнала ұшып жүрді де, аюдың тұмсығына келіп қонды. Қисық аяқ ойланып жатпады, бар күшін салып сол жақ табанымен мұрнын ұрып кеп қалды. «Аюдың тұмсығына қонудың немен тынатынын маса қайдан білсін!»
Аю оң жағына аунап түсіп көзін жұмып, есіней беріп еді, тағы да құлағының тұсынан:
– Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң! – деген дауыс естілді.
Маса, сірә, аюдың табанынан құтылып кеткен болу керек!
– Енді қай жеріме қонар екен ол, – деп ұйықтаған боп, қозғалмай тыңдап жатты аю.
Қисық аяқтың маңында ызыңдап-ызыңдап жүріп, маса бір мезетте тым-тырыс бола қалды.
– Ұшып кетті ғой деймін, қарғыс атқан! – деп күрсінді аю. Маса бұл кезде құлағының түбіне ептеп қана кірді де, шым еткізіп шағып алды. Аю орнынан секіріп тұрды. Шырқ айналып оң табанымен құлағын салып кеп қалғанда, көзінің оты жарқ ете түсті. «Маса енді аюды шағуды мүлде есінен шығарар!»
Қисық аяқ құлағын бір сипап қойып жайланыңқырап жатты. Енді ұйықтауға болады! Көзін жұма бергені сол-ақ еді, бас жағынан тағы да баяғы ызың естілді.
– Бұл не деген беймаза еді! Неткен берік шіркей!
Аю жерге бір түкірді де, маса маза бермеген жерден кетіп қалды. Қисық аяқ бүкіл орманды кезіп, бұта-бұтаның арасымен жүріп келеді, ұйқысы келгендіктен, аузын арандай ашып есінейді, ал маса соңынан қалар емес.
«Ызың-ң-ң! Ызың-ң-ң!»
Аю жүгіре жөнелді, жүгіре-жүгіре әлі құрып, бір бұтаның түбіне келіп құлады. Демалып жатып, тың тыңдайды. Маса қайда! Орман іші жым-жырт. Көзге түртсе көрінбес қараңғы. Төңіректегі күллі аңдар мен құстар баяғыда-ақ шырт ұйқыға кірген. Жалғыз аю ғана ұйықтай алмай, әбігерленуде.
– Міне, пәле! Бір жаман масаның мені осыншалық әурелегенін көрдің бе? Осы мен кәдімгі аюмын ба, жоқ па? Тіпті одан қашып құтылғаныма да мың қат шүкіршілік. Енді рақаттанып ұйықтайтын шығармын, – деді аю.
Аю жаңғақ ағашының астына барып орналасты. Көзін жұмды да, қалғып кетті. Ол түс көре бастады. Түсінде орман ішінен араның ұясын тауып алыпты, онда бал тіпті көп екен. Ол ұяға аяғын сала бергенде, кенет: «Ызың-ң-ң!» – деген дауыс тағы естілді. Маса аюды тағы да қуып жетіпті. Қуып жетіп, оятып жібереді.
Қисық аяқ отырып алып, ызаланып ыңқылдай бастады. Ал маса тас қараңғыда оны айналып, біресе қатты, біресе жай ызыңдай берді. Дызылдап-дызылдап маса жым-жырт бола қалады. Аю тыңдап тұрып, жаңғақ ағашының түбіне жасырына түсті де көзін жұмып, қалғып кетті, бойы да жылына бастағаны сол еді, маса тағы ызың-ызың ете қалды.
Қисық аяқ бұтаның түбіне шықты да, жылап қоя берді. «Соңымнан қалмай қойдың-ау, қарғыс атқан! Тұра тұр, бәлем! Таң атқанға дейін кірпік ілмей отырсам да сенің көзіңді жоярмын!» – деді.
Маса күн шыққанша аюға ұйқы бермеді. Әбден қалжыратып, есін кетірді. Таң атқанша аю көз шырымын алмады. Өзін-өзі соққылап, бар денесін көгертті, бірақ масаны жеңе алмады.
Күн шықты. Ормандағы аңдар мен құстар әбден ұйқысы қанып оянды. Ән шырқап, шаттанды. Жаңа күнді тек аю ғана көңілсіз қарсы алды. Орман ішінде оған қоян кездесті. Үсті-басы ұйқы-тұйқы, жүні ұйпалақ-ұйпалақ болған аю аяғын зорға басып, сенделіп келеді. Көзін аша алмайды, құлағынан масаның ызыңы кетпейді.
Қисық аяқты тәлкектеп,қоян әбден мәз болды.
– Ай, маса! Жарайсың, маса! – деп, көзінен жас аққанша күлді.
Кімді айтса сол келеді дегендей, манағы таныс маса тап бола кетті.
– Аю көрдің бе?
– Көрдім! Көрдім!
Қоян күлкіден ішін басып тұр.
– Сен қалай жеңдің оны?
–А, біз жалғыз емеспіз ғой, – деді маса, біз сендердей жалғыз-жалғыз жүрмейміз және қорқақ та емеспіз.
Қоян бір бұтаның түбінде жалғыз шоқиып отырып қалды, ал маса аюдың артынан ызыңдап ұша жөнелді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *