Көжек

Көжек
Баяғы заманда көп аң бір қалың орманды мекен еткен екен. Терістіктегі
ащы көлдің суын ішуге аңсары ауған бір лақ теке мен бір тоқты қошқар сол жаққа бара жатып бір кәрі қасқырға кез болыпты. Көптен бері аузы қызылға тимеген қасқыр лақ текемен тоқты қошқарды көргенде:
– Ашыққан шағымда келе қалғандарың мұндай жақсы көрім болар ма,
енді мен сендерді жеймін! – депті.
Қасқырдың сол сөзін естіген лақ теке мен тоқты қошқар қорыққанынан
қалшылдап не қыларын білмепті. Тек дәтке қуат дегендей:
– Біздің ащы су ішпегенімізге ұзақ күндер болды, денемізде саудыраған сүйектен басқа ештеменің жоқ екенін көріп тұрсыз, онан да қазірше сабыр етіңіз, біз көлге барып ащы суға қанып, семіріп қайтайық, сонан соң жеңіз, – деп жалыныпты.
Бұл да табылған ақыл екен, ащы су ішіп семіргеннен кейін жесем, еті
тіпті де дәмді болар деп ойлаған қасқыр өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде оларды күтпек болыпты.
Ащы су ішіп әбден сарықтарын басқан соң лақ теке мен тоқты қошқар
қайта қайтыпты. Олар жол бойында біресе жылап, біресе күліп келе жатыпты. Жасаң жазықта асыр салып жүрген бір қоян олардың бұл әрекетін көріп таңырқап:
– Екеуің қайғы-қасірет шегіп келесіңдер ме? Әлде қуанып келесіңдер
ме? Қуанып келе жатыр дейін десем жылайсыңдар, қайғылы дейін десем күлесіңдер, екеуің қалайша сөйтесіңдер? – деп сұрапты. Лақ теке мен тоқты қошқар:
– Біз көл жағалауына барып ащы су ішейік деп келе жатқан
жолымызда жыртқыш қасқырға тап болдық. Ол бізді жемекші болды. Сонан біз оған ащы су ішіп семіріп қайта оралғанымызда жеңіз деп жалынып-жалбарындық, ақыры оны көндірдік. Қазір ол өзен жағасындағы бір қара ағаштың түбінде бізді тосып отыр. Біз енді соған тамақ болғалы бара жатырмыз, ендеше біз жыламай кім жылайды? Ал күлуіміздің себебі ащы су ішкен соң күлеміз, – десіпті.
Мұны естіп мұртын сипаған көжек:
– Сендер бұған бола қайғырып көңілдеріңізді бұзбаңыздар, мен
сендерді құтқарудың амалын табамын. Сендер осы арада біраз тоса тұрыңдар, – депті. Сонан ол шынжыр көпірдің жанындағы дұғалық жазылған бір обаға жүгіре жөнеліпті.
Көп кешікпей дұғалық жазылған обадан қолтығына жарты табақ
қызыл қағаз қысып, көжек қайта оралып, оны лақ текенің үстіне салыпты. Сонан олардың құлағына әлде нені айтып сыбырлапты. Олар бұған мақұл болып бастарын шұлғысыпты.
Олар өзара келісіп болған соң көжек лақ текені мініп, тоқты қошқарды
ертіп жүріп кетіпті. Олар жүре-жүре бір қыдыру уақыттан кейін, қасқырдың күтіп отырған қара ағашына да таяпты. Көжек бажырая қараса қасқырдың көздері қанталап кеткен екен, осы келген үшеуін бірдей жұтып жіберетіндей болып отырса керек. Сонан тап беріп үлгіргенше көжек:
– Тоқтым, ханның бұйрығын әкел! – деп саңқ етіпті. Тоқты қошқар
көжекке суретті қағазды қос қолдай ұсыныпты. Көжек оның шиыршығын жазып оқыған болып:
– Жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге
толыпты, қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен, тоқтым ұмтыл, анау қасқырды дереу ұстап әкел, – деп дауыстапты.
Көжектің бұйрығын естіген қасқыр қорыққанынан жалт беріп қаша жөнеліпті. Қасқыр құныперен болып қаша-қаша бір тау басына келгенде, қарсы алдынан бір түлкі кез бола кетіпті. Қасқырдың мұндай кейіп-кеспірін көрген түлкі:
– Қасеке, осыншама құныперен болып нені қуып келесіз, оны екі
жақтап ұстап алсақ болмай ма? – дейді.
Әрі қорқып, әрі шаршап титықтаған қасқыр алқынғанын әрең басып:
– Тау жақтан бір ұлық келіпті, астында мінгені – теке, қасына ерткені
– қошқар, мені көрген жерден ол ханның бұйрығын оқыды. Ол жолбарыстың терісі жүзге толыпты, қабыланның терісі де жүзге толыпты. Қасқырдың терісі тоқсан тоғыз екен деді де, қошқарды мені ұстауға жұмсады. Егер осы жүйріктігім ес қатпаса, әлдеқашан терім сылынып, сол ұлықтың қанжығасына бөктерілген болар едім, – дейді.
Түлкі құйрығын бұлғақтатып, қасқырға жұбату айтады:
– Осы жыныс орманда екеумізден ақылды, күші асатын хайуан
қайдан болсын! Оларды маған көрсетіңіз, амалын тауып ұстап жейміз, – дейді.
Қасқырдың жүрегі орнына түсе қоймаған еді, оның үстіне түлкіден
бұрын бірнеше алданып қалғаны бар, сондықтан ол бірден ризалық білдірмейді. Қасқырдың жауап бермей күрмеліп тұрған себебін сезген қу түлкі:
– Бұл жолы сізді әсте алдамаймын, егер бұл сөзіме сенбесеңіз
құйрығымызды біріміз-біріміздікіне байлап, бірге жүрейік, – деп құйрығын қасқырға ұсынады.
Сөйтіп, құйрықтарын бірі-бірінікіне байлап алған қасқыр мен түлкі
аяқтарын аңди басып, етекке түседі. Манағы қарағайдың түбіне келгенде қасқыр өзін қошқарға ұстатпақшы болған көжекті анадай жерден жазбай танып, түлкіге:
Қошқарды ертіп, текеге мінген төрені көрдің бе? Бізге қарай ұмтылды, білем! – дейді.
Текеге мініп келе жатқан төре емес, көжек екенін таныған түлкі миығынан күледі. Бірақ бұл сырды қасқырға айтпайды. Ол қасқырды алдап жолға салып, бұларды өзім оңаша жеп бір тояйын деп ойлаған еді. Сөйтіп, ол қасқырды алдаудың амалын қарастырып тұрғанда, ақылды қоян:
– Түлкі мырза, қасқырды ұстап әкеліп үлкен құрмет білдірдіңіз, бүгін
кеште қасқыр етін тоя жеп, арпа арағын ішіп божимыз әлі, — деп дауыстайды.
Түлкіге онсыз да сенбей келе жатқан қасқыр көжектің сөзін естісімен –
ақ жалт беріп зыта жөнеледі. Ол сол қашқаннан мол қашып, көп жерге барады, түлкі сүйретіліп өледі. Өлген түлкінің тістері ақсиып кетеді. Қатты шаршаған қасқыр әнтек дем алайын деп артына бұрылады, ол түлкінің ырсиып тұрған тістерін көріп:
– Сен өз құлқыныңа бола досыңды алдадың, терімді сылыта жаздадың,
енді ол аз болғандай, неменеге ырсиып күлесің? – деп ашуланады. Түлкіге тағы алданармын деген күдікке тағы осы ашу қосылып, бар қайратын бойына жиған қасқыр тағы да зыта жөнеледі. Сонан ол әбден алқынып, көзі қарауытып, өз екпінімен бір ағашты сүзе-мүзе жығылып жантәсілім береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *