Қоянның өш алуы
Ертеде бір қоян мен бір арыстан іргелес жақын тұрыпты. Олар көрші отырса да, бір арыстан астамшылық істеп, қоянды өз бойына тоғытпай, әмсе әлімжеттік жасап, оны шырқыратып жүреді екен. Қоян оның қорлығына шыдамай, одан өшін алудың қазанын асыпты. Ол бір күні арыстанға:
– Ей, аға! Құдды өзіңіз сияқты бір хайуанға кез болдым, ол «Менімен
алыса алатын жан табыла ма? Егер табылса, маған ертіп кел, менімен алысуға шыдамаса, менің аяғыма жығылып қызметімде болсын», – деді, оның көпірме сөзіне зығырданым қайнады. Ол сұмпайы ешкімді көзіне ілетін емес! – дейді.
– Оған мені айтпадың ба? – дейді арыстан. Қоян:
– Айтсам да болғандай екен, мен сізді айтуыммен-ақ танауын шүйіреді.
Тіпті құлаққа түрпідей тиетін кесапат сөздер айтты. Ол маған атқосшы болуға жарамайды дегенін қайтерсің! – деді.
– Ол қай жерде? Қай жерде? – дейді ширыққан арыстан ызаланып:
Сонан ол арыстанды таудың арт жағындағы шыңырау құдыққа ертіп келіп, анадайтын жерден сол құдықты нұсқап:
– Ананың ішіне түсіп кетті, — дейді.
Арыстан құдықтың аузына келіп, үңіле қарайды да, құдық ішінен бір арыстанның өзіне тесіле қарап тұрғанын көреді. Арыстан оған ақырып қалады. Ол да бұған ақырады. Арыстан түксиіп жүнін үрпитеді, ол да түксиіп жүнін үрпитеді. Арыстан тісін ақситып айбар шексе, ол да тісін ақситып айбар шегеді. Мұны көріп ашуланған арыстан бойындағы бар қайратын бойына жиып құдыққа қарғиды. Сөйтіп, астам арыстан құдыққа түсіп тұншығып өледі.