Қоян мен қасқыр

Қоян мен қасқыр
Өзен жағасындағы тастақта бір қоян көп шөмшек теріп әкеліп отты
маздата жағып, оған енді жылынайын дей бергенде, өзеннің жоғарғы жағынан аяғын сүйрете басып келе жатқан көкжал қасқырды көріпті. Оның өткен жолы сұр көжекті жеген қанды ауыз екенін де жазбай таныпты. Сонан ол өзінше сақтық етіп, онан құтылудың амалын да тауып үлгіріпті. Көкжал өзіне жақындап келгенше, ол әтейге құйрығын отқа қыздырып, онан соң өзендегі мұзға жүгіріп барып отырып, бұл әрекетін бірқанша рет қайталапты.
Қоянның қылығын көріп таңданған көкжал:
– Ей, қоян! Бұл қайткенің? – деп сұрапты. Қоян:
– Мен мәңгі өлмеу үшін жаттығып жатырмын, – депті.
Бұл сөзді естіген соң қасқыр қоянды жеу ниетінен қайтып, онан осы
жаттығу жолын үйретіп қоюды талап етіпті. Қоян оған көне кетіпті.
– Менің жолым – алдымен құйрықты отқа қыздыру, онан соң мұзға
барып отыру, мұны он неше рет қайталаса болды бірақ бұл барыста құйрықты жіті қыздыруға, мұзға көбірек отыруға тура келеді, әйтеу осыған баса мән берерсің, – деп сытылып шығып, тау жаққа қапталдайды.
Қасқыр қоянның айтқаны бойынша құйрығын отқа қыздырып, онан соң,
мұзға келіп шоқайып отырады, ыстық құйрық тиген мұз еріп шұңқырланады, онан кейін қайта қатып, қасқырдың құйрығын мықтап ұстайды. Кейін қасқыр орнынан тұрайын десе, мұз ұстап қалған құйрық шықпайды, сонан ол жұлқынып жүріп, жүнін, терісін жұлдырып зорға дегенде құйрығын шығарып алады. Бұл кезде таудың жуан ортасына барып үлгерген қоян қасқырдың масқара халін көріп, мәз болады. Тіпті күліп те жібереді.
Құйрығын әрең шығарып алған қасқыр қоянға қатты ызаланып, оны жейін деп төңірегінен іздейді. Сонан қоянның таудың бөктерінде бір нәрсені беті мен көзіне жағып отырғанын кенет көзі шалып қалады. Сөйтіп, жарақатының ауырғанына да қарамай, қоянға ұмтылады. Қоянның қасына келе-ақ дүрсе қоя беріп:
– Сілімтік неме, әліңнен асқан-ақ екенсің! Сені жемей қоймаспын-ау! –
дейді зілдене.
Қоян байсалды кескін көрсетіп:
– Оны өзіңнің ұшқалақтығыңнан көр, құйрығыңа қызу әбден өтпеген соң
қатып қалған ғой, – дейді.
Қасқыр өзінің құйрығын ұзақ қыздырмағанын есіне алып, райынан
қайтып жуасып, монтанси қалады:
Бетіңе бір нәрсе жағып жатқаныңды көрдім ғой оның не?
– Бетіме жаққаным сүрме желім.
– Оның не пайдасы бар? – дейді қасқыр.
– Сүрме желімді көзге сүртсең көздің жанары күшейеді, – дейді қоян көз
ұшында бұлдырап көрінген биік тауды меңзеп, – Па шіркін! Анау таудың басында асыр сап жүрген қояндардың көбін-ай! Үлкенді-кішілі қояндар жосып жүр. Санына сан жететін емес, – деп даурыға айқайлапты.
Қоянның нұсқаған бағытына тесіле қараған қасқыр мұнарлап тұрған тау шоқысынан басқа нәрсені көре алмай дал болады.
– Қай жерде? Қай жерде? Мен оны неге көрмей тұрмын? – деп сұрайды.
– Көзіңе желім сүртпеген тұрсаң, қайтып көресің, – дейді қоян.
Қасқырдың делебесі қозып кетеді «көзіме желім сүртіп, алыстағыны
көретін болсам, қияндағы қоян да менен құтылмайтын болады ғой, мына қояннан желім жағуды үйреніп алып, көзім шырадай жанғаннан кейін жесем де кеш болмас» деп ойлайды. Сонан ол қоянға жағатсып:
– Қойеке, осы әдісіңізді маған үйретіңіз, – деп жалынады.
– Жоқ, атай көрмеңіз! Мен енді сізге үйретпеймін, жөндеп үйрене
алмасаңыз, тағы мені жазғырып, өзімді жеп қоярсыз! – деп басын шайқайды қоян.
– Өйтпеймін маған сеніңіз, осы әдісіңізді үйретсеңіз болғаны, шын
ықыласыммен алғысымды жаудырамын, – дейді қасқыр, ол көп жалынып-жалбарынған соң қоян ыразылығын білдіреді. Қоян қасқырға:
– Бұл әдісті үйрену өте оңай, алдымен көзіңізді тарс жұмасың, онан соң
желімді баттастырып жағасың, қанша көп жақсаң сонша жақсы, сонан көзіңді ертеңінде бірақ ашасың. Сонда қияндағы алысты көретін боласың, – дейді.
Бұны естіген қасқыр мәз болып, қоянға бар алғысын жаудыртады. Сонан ол, бір көгал жерге барып, көзін тарс жұмып алып, желімді алдыңғы аяғымен көзіне беталды жаға береді, осы тұста қоян сытылып шығып, биік таудың басына шығып алады.
Келесі күні тәңертең, күн ұясынан шығып жер қызара бастайды. Бірақ көзін мықтап жұмып алған қасқыр ештемені көрмейді, ол құстардың сайраған даусынан ғана таң атып, күн шыққанын біліп, қуанып кетеді де «енді шалғайдағыны көретін қырағы болдым-ау, қияндағы көкше қоянды құтқармаспын, әлі, көжек сен де тұра тұр бәлем!» – деп ойлап көзін ашпақ болады, бірақ көз терісі мен кірпігі жабысып қалғандықтан, ол көзін аша алмаған соң, мені мықтаған екен деп іштей опық жеп өкінеді. Сонда да ол көзінің ауырғанына қарамай, тырмалап қанын ағызып жүріп көзін зорға дегенде ашады. Сонан ол таудың басында жайбарақат күнге қақталып шарбақ тоқып отырған қоянды көріп, оған тұра ұмтылады.
Әбден ашуланған қасқыр, жалбырап айғызданған қан-қан көзін алайтып:
– Сұмпайы көжек. Сен мені тағы алдадың, қорлығың әбден өтті, бүгін
сені жемей қоймаспын, – деп кіжінді.
Қоян тоқылып бітейін деп қалған шарбақтың ішіне жаймен түсіп, қаннен
-қаперсіз домалап:
– Үйрене алмасаң, менен көресің деп әлдеқашан айтпап па едім, бірақ
айтқанға көнбей үйрет деп өзің жабысып едің, енді келіп маған әкіреңдейсің, қане, жемекші болсаң келіп же! – дейді.
Қоянның қорықпағаны былай тұрсын, тіпті шарбаққа түсіп алып домалап жүргенін көріп таңданған қасқыр бұл енді неменеге жетіліп жүр екен деп ойлап:
– Шарбаққа түсіп алып, домалағаныңның не пайдасы бар? – деп
сұрайды.
– Мұның пайдасы көп, мұндай жаттыққаннан кейін, етің ауырмайтын
болады, денсаулығың күшейеді, тұлабойға қайрат толады, сөйтіп жолбарыс пен арыстан да тең келмейтін болады, дене шымырланып, атқан оқ та өтпейтін дәрежеге жетеді, – дейді. Қоян әнтек кідіріп сөзін қайта сабақтап – «Үздіксіз жаттыққанымнан бойыма керемет күш бітті, кеше түні бір жолбарыс мені жемекші болып тебітіп еді, аяғынан алып лақтырып жібердім, ол аңшылардың алдына барып «топ» ете түсіпті, нәтижеде аңшылар мертігіп жатқан жерінен атып алды», – дейді құжырланып. Сонан ол шарбақтың ішіне секіріп шыға келеді де қасқырға тебітіп:
– Жақсылық жараспаған жексұрын неме, рақым қылып, өнер үйретсем
өзіңнің мәжіндігіңнен көрмей, қайта айланып өзімді жазғырасың ғой, шіркіннің пысығын! «Сенің келетініңді біліп, осы арада күш-өнерге жатылып, тосып отыр едім», – деп қасқырға төніңкірей: «Мықты болсаң, кел, аңшының алдына топ еткізейін», – дейді.
Қоянның өктем сөзінен айныған қасқыр жалма-жан артына қарай
ығыстап:
– Туыс, бір сәттік долылығымды ғапу ет, – дейді. Сонан аз кідіріп қоянға
ұрдала бір көз тастап, – сенің бұл әдісің жақсы-ақ екен, бұл жолы көңіл қойып үйренейін, өзің тағы үйрет, бола ма? – дейді. Қоян үндемей, тұрған орнынан тапжылмайды.
– Туыс, ашуланбаңыз, тезірек үйретіңіз, мұнан былай сөзсіз адал дос
боламын, – деп жалынады қасқыр. Қоян біраз тұрып:
– Тағы үйренгің келе қалды ма, енді мені жеймісің? – деп сұрайды.
Қасқыр жалма-жан:
Бұл жолы сөзсіз жақсы үйренемін, ендігәрі жеуге дәтім бармайды, тек
тезірек үйретіңіз! – дейді, қасқыр көлкек қағып.
– Жарайды, мен саған сенейін, әнтек сабыр ет, сен денелірексің, мен
саған үлкен бір шарбақ тоқып берейін, – дейді қоян ризалығын білдіріп.
Қасқыр шарбақтың тоқылуын күтіп салпиып отыра беріпті.
Шарбақты тоқып болған соң қоян қасқырды оның ішіне түсіріп, аузын тарс бекітіп тастайды. Сонан соң қасқырды алдымен тегістеу жерге домалатады. Қасқыр ондаған рет домалағаннан кейін, оны демалдырады, әрі оған:
– Сен жерде тағы да 32 рет домалайсың, сонан соң әнтек тыныстап алып,
жалама жартастың үстіне барып домалайсың, сонда күш-қуатың тіпті молаяды, бірақ құлама құздан домалап кетіп түсіп жүрме, түсіп кетсең, үш жүз рет домалағаннан кейін ғана, оның орнын әрең толтыра аласың, осыны ұмытпа, – дейді.
Қасқыр қоянның үйретуі бойынша тегіс жерде домалап болған соң, құз –
жартасқа қарай домалайды. Осы кезде қоян қасқырдың қасына келіп:
– Домалауың тым баяу болып жатыр, бүйтсең тез арада жаттыға
алмайсың, мен демеп жіберейін, – дейді.
Сөйтіп, қоян да оны бар күшімен итеріп домалатып жібереді, шарбақ ішіндегі қасқыр сол домалаған бойы құздың басынан ұшып кетіп, мылжа-мылжасы шығады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *