Сайтан торғай мен самұрық
Құстың тым құрдым сиықсызы – сайтан торғай, салтанатты да сәндісі
самұрық.
Сайтан торғай бір жолы шөптің түбіне жұмыртқалайды. Сол маңда бір
тастышқанның іні бар екен. Ол өзі жоқта сайтан торғайдың жұмыртқасын жеп кетеді. Оның үш жұмыртқасы бар екен, сөйтіп оның екеуін тастышқан жейді. Сайтан торғай осы жайлы самұрыққа арыз-арманын айтуға барады. Ол қатты қайғылы пішінмен:
– Уа, құстардың мәртебелі патшасы самұрық! Мен соры ашылмаған
бейшара екенмін. Үш жұмыртқамның екеуін жауыз тышқан жеп кетті. Екі бірдей балапанымнан айырылған соң кегімді алып береме деп сізге өтініш айта келіп едім, – дейді.
Самұрық бармақтың басындай сайтан торғайдың өзін әурелеп арыз
айтуға келгенін жақтырмай:
– Сайтан торғай, менің жұмыс басты екенімді көрмей тұрсың ба?
Осындай болымсыз іске бола мені іздесең, шаш шығарасың ба? Баланы ана болған кісі өзі жақсы қарауы тиіс, біреудің баласын кім қарап береді? Балаңа өзің күйінуің керек қой, – дейді.
Самұрықтың қорашсынып елеп-ескермей тұрғанын білген сайтан торғай
іштей, күйіп-пісіп:
– Самұрық! Сіз біздің патшамызсыз, сондықтан алдыңызға келіп тұрмын.
Егер сіз мені менсінбей бұл іске немқұрайды қарап, кішкене іс
дегеніңіз, үлкен іске айналса, оны менен көрмеңіз мені кінәлі демеңіз, – дейді.
– Оның сөзіне онша құлақ аса қоймаған самұрық:
– Е, е…ие! – деп селқос аузын жыбырлатады.
Сайтан торғай сөзімді ести алмай қалдыма деп:
– Неменеге « е, е, ие» дейсіз! Кішкене іс деп отырғаныңыз насырға
шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой? – деп әлгі сөзді қайталайды.
Оның сөзіне жақсы құлақ қоймаған самұрық тағы да:
– Е, ие, –дей салады.
Сайтан торғай ұясына қайтып келіп, шиден садақ, жебе жасап, ағаш
бұтағына қонып тастышқанды аңдып жатады.
Көп өтпей оның қалған жұмыртқасын жеу үшін тастышқан да жетеді. Осы кезде ызалы сайтан торғай садағымен тышқанның көзінен дәлдеп атып қалады.
Осы кезде бір арыстан теңіз жағасында ұйықтап жатады. Тастышқан
кіретін тесік таба алмай оның танауына кіріп кетеді. Шошып оянған арыстан мұрнына кірген нәрсенің не екенін білмей, бағдарын айыруға да мұрсасы келмей теңізге қарай секіреді.
Теңізде жүзіп жүрген айдаһар өзіне қарай атылған арыстанды көріп мені
жеуге келе жатыр деп ұғып, аспанға ұшады. Ол осы ұшқан жолында самұрықтың ұясына соғылып, жұмыртқасын шағып кетеді.
Ашуға булыққан самұрық айдаһарға:
– Сен айдаһар болсаң, мен самұрықпын, сен өз теңізіңде, мен өз
құрлығымда жасап келдік, бірімізге-біріміз соқтықпадық. Сен самұрықтың жылына бір-ақ рет жұмыртқалайтынын, бір балапан шайқайтынын біле тұра, неліктен теңіз айдынынан ұшып шығып, менің ұямды құлатып, жұмыртқамды шағасың, – дейді.
– Самұрық, бұған мен кінәлі емеспін. Бүгін теңізде жүзіп жүргенде
арыстан маған тап берді, сонымен ұшуға мәжбүр болдым, сенің ұяңды құлатып, жұмыртқаңды шағып кетерімді қайдан білейін, сұрағың келсе, осы іске себепші болған арыстаннан сұра. Ол неліктен теңізде жайбырақат жатқан мені жемекші болады екен? – дейді айдаһар. Сонда арыстан:
– Істің жөн-жосығына жүйрік едіңіз, самұрық! Бұған мен кінәлі емеспін,
мен теңіз жағасында ұйықтап жатқанымда тастышқан келіп мұрныма кіріп кетті, соның кесірінен теңізге секіріп едім. Бұған сол тастышқан жазықты. Тектесеңіз, соны барып тектеңіз, – дейді.
Самұрық лажсыздан тастышқанға келеді. Тастышқан оған:
– Алдияр, тақсыр! Кінә менде емес, сайтан торғайда. Мен өз жолыммен
келе жатқанда, ол садақпен көзімді дәлдеп атты, ауру жаныма қатты батты. Жанымды қоярға жер таппай, байқаусызда арыстанның танауына кіріп кетіппін. Меніңше, сойқанды бастаған сайтан торғай, тектесеңіз соны тектеңіз, – дейді.
Сөйтіп амалы таусылған самұрық, сайтан торғайға келеді.
Сайтан торғай:
– Уа, самұрық! Мен әлдеқашан айтып қарызымнан құтылғанмын, сіз
елең қылмадыңыз, мені менсінбедіңіз, денем кішкене, қауырсыным қысқа болғандықтан «қауқарсызда, сиықсыз бірдеңенің қолынан не келеді» деп сөзіме құлақ аспадыңыз. Тіпті мардымсыз іске бола мені әуреледің, өз балаңды өзің жақсы қарасаң болмай ма, мені несіне іздейсің деп өзімді жазғырдыңыз. Ал бүгін сіздің бұл ісіңіз мардымсыз іс болмай әркімді бір қыжыртып жүргеніңіз не? Айдаһардың ұяңызды құлатып, жұмыртқаңызды шағып кеткені келелі іс болып, тастышқанның менің екі бірдей жұмыртқамды жеп кеткені келесіз іс болғаны ма? Біз сайтан торғайлар шөп арасына ұя салып, сол жерде жұмыртқалаймыз. Мен үш жұмыртқа тауыппын, оның үстіне жер дүниені кезіп, даладан жем іздеймін. Сіздің жұмыртқаңыз бәйтеректің басында тұрса, оның үстіне біреу ғана тұрса, жақсы қараймын десеңіз біз сықылды нашарлардан көрі сізге көп оңайға түспей ме? Өзіңіз неге жақсы қарамағансыз? Мен өз кезінде кішкене іс деп отырғаныңыз насырға шауып кетсе, оны менен көрмейсіз ғой деп әлдеқашан кесетіп айтып едім ғой, – дейді.
Мұны естіп ұялғанынан жерге кіріп кете жаздаған самұрық сүмірейіп, өз жөніне кетіпті.