Екі иттің достығы

Екі иттің достығы
Бұрынғы уақытта дәулеті асқан, судай тасқан, көңілі жай, төрт түлігі сай бір бай болыпты.
Ол байдың өз иттерін Төрткөз, Мойнақ қойғандықтарын түсіндіріп өтпекшімін. Төрткөз қойғанының себебі – басқа денесі қап-қара болып, жалғыз-ақ екі көзінің үстінде көзінің көлеміндей екі сарғышы болған. Шақырған уақытта құйрығын бұлғаңдатып, басын төмен салып, еркелеп келгенде, көзінің үстіңгі жағындағы екі қалы қабатталып, қосарланып көрінетін де жайты болса керек.
Бір итін Мойнақ қоюының себебі – оның да басқа денесі қара, мойнының айналасы ақ болғансын Мойнақ қойыпты.
Ал енде бұл екі иттің тектілігі, күндіз кісіге жарбақтап, арсылдап әсте үрмесе керек. Түнде болса қораны шыр айналып, қасқыр, ұры дегенге мал бермеген. Бұлардың мұндай текті, мұндай сақ болғандығына иесі разы болып, тамақтарын тояу қылып, қатындарына айқайшы болып:
– Ой, ана Мойнаққа тамақ құйдыңдар ма? Төрткөзге тамақ құйдыңдар ма? – деп, жақсы көргендіктен жағы да сенбеуші еді.
Бір күні түс мезгілі – малдардың бәрі де қораға келіп, жусап, қойшылар да күпісін күнге қақтап, қойдың шетінде «шайт» деп, анда-санда дауысы бір шығып, байлар да той-томалақ, ойын-жиыннан атпен келіп, олар да түсіп аттарын байлаттырып, қыз-келіншек, бозбалалар да үй-үйдің арасында өздерінің әдемі жүрісімен, көз қағысып қылмыңдасып, әрқайсына өздерінің тұрмыстары, жүрген жүрістері бір түрлі қызықты, бір түрлі көңілді болып жүрмекте еді.
Сол уақытта екі төбеттің де өз қызығы өзіне, өз тұрмысы өзіне, олар да көңілді, тамағы тоқ, күншуақта, ас үйдің есігінің алдында бір-біріне қарама қарсы жатып, өзара әңгімеге кіреді.
Жақсылық пен жамандық жағынан сөйлесіп, өздерінше олардың қандай болатындықтарын тексеріп, оны бітірместен жомарттық жағынан сөйлесіп, оны бітірместен сараңдық жағынан өздерінің таусылмайтын құрғақ сөздерімен бірдеңенің басын, бірдің аяғын шатып, ақырында сандырақтап келіп, араздық пен татулыққа түседі. Сол уақытта ділмарсып Мойнақ айтады:
– Төрткөз, осы мен ойлап тұрсам, дүниеде татулықтан жақсы нәрсе бар ма? Және осы екеуміз төбелеспей жүретін күніміз болар ма? Жоқ нәрсеге тартысамыз, жоқ нәрсеге ұрысамыз, бір-бірімізге жылы шырайымызды бір көрсетпейміз. Бір ойнап-күліп жүрмейміз. Күнде ұрыс, күнде төбелес, осыменен шашымыз ағаратын болды. Болымсызға таласа кетеміз де, екі ортада екеумізге де жоқ, оны Құтпан келіп, алып қашып әкетеді. Қарап тұрсам, осы бізден басқа Жолдыаяқ, Бөрібасар бәрі де ынтымақшыл, бірінің аузынан бірі жырып жейді. Екеуміз де солар сияқты ынтымақшыл болып, аз нәрсеге таласпай, бөліп жеп және алты күн ашаршылық көрсек те біріміз жоқта біріміз тамақ ішпей, шын досшылыққа көңілімізді берсек, біріміздің қабырғамызға біріміз қарап, күннің қалай өткендігін білмей қалмаймыз ба? Осы сөзіме не айтасың? Жолдасым! – деп сөзін тоқтатады.
Сол уақытта Төрткөз аяқты көсілтіп, құйрықты бұлғаңдатып, қабақты ашып, Мойнақтың сөзі шын ішіне кіріп кеткендей болып, мына сөзді бастайды.
– Мойнеке, мұның әбден айтарлық сөз. Бірінші қаралатын мәселе, мен де осы өзіміздің ұрысқақ болып кеткенімізге бұл қалайша деп өзімнен-өзім әрқашан да ойлаушы едім. Осы екеуімізге не жетпейді, тамағымыз тоқ, өркенің өскір иеміз тіпті қабағымызға қарап, сөкпей, соқпай, құрметтейді! Расын рас демей, тануға бола ма? Кінәнің бәрі өзімізден, ренішке тұрмайтын аз нәрсеге таласып, қып-қызыл шеке болып-ақ жүргеніміз. Ойлап қарасам, бұрынғы өткен ата-бабамызда да мұндай арасында ұрыс-жанжал тіпті болған емес. Атаның жолын қумай, алағаймыз ба? Түбі қарастырып келгенде, сол кеше бабамыздың жолынан тура жол таба аламыз ба, ей? – деп сөзін бітірді.
Ал, енді мұның сөзіне Мойнақ та маңызданып, көзін тігіп, құйрықты қысып, «ал енді дос болайық» деген сөзді айту көмейіне бір келіп, бір қайтып, кетейін десе, оның ебін таба алмай, Төрткөзден қорқып тұрғанда, «дос болғанның белгісі, міне» деп, Төрткөз Мойнақтың мойнынан құшақтап алады. Екеуі бір-бірін құшақтап, аймалап, беттеріне беттерін тигізіп: «Екеуміздің достығымызды енді ешкім айыра алмас, тау күйіп, тас жанса да айрылмаспыз. Аштан өлсек те тамақ жағына таласпаспыз», – деп, серттесіп, уәделесіп, достықтың күштілігінен айырыла алмай тұрғанда, ас үйден лақтырылған бір майлы омыртқа екеуінің қасына келіп, топ ете қалады. Майлы сүйек көргенсін тұруға болмай, екеуі де құшақты жазып ала-ақ ұмтылады. Тура қатар сүйекті келіп тістесіп, бір-біріне қимай арылдаса барып, жұлқыласа бастайды. Достықтың күштілігі сонша – бірін-бірі тістеп тартқан зардабынан жүндері дода-дода болып, аспанға ұшады.
Дауыстарын естіп, Жолдыаяқ, Құтпан, Сырттан жүгіріп келе әрбіреуін бір жұлқып, бұрқыраған жүнін одан әрі бұрқыратып, таласқан омыртқасын Құтпан алып қашып, жеп, тамам етті. Шуылдаған дауыстан қой үркіп, қойдың шетінде жатқан қойшылар жүгіріп иттерді сойылдап, үстеріне су құйып жүріп, зорға айырысады.
Осы заманда шын көңілімен болатын достық тұрмыста аз ұшырайды. Бүгін дос болып, ертеңіне төбелесетіндер жоқ емес, сондықтан осындай тұрмыс (қалың ел) арасында ұшырамайды деп айта алмаймын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *