АҢКӨС — аңдардың әдіс-айласын, сыры мен сипатын терең ажырата білетін және оларды шебер аулай білетін адам. А. адам аңның түріне және жылдың төрт мезгіліне сәйкес аң аулауға таяқ, тор, түтін, тұзақ, қақпан, садақ, мылтық сияқты құрал-жабдықтарды және ат пен итті өте ұтымды пайдаланады. А. тек құрал-жабдықтарды дәл таңдап пайдаланумен, аңның түсі мен сипатын білумен шектелмейді. Ол әрбір аңның тіршілік ету, өсіп-өрбу жолдарынан аңдардың күндізгі және түнгі өріс-мекенін, олардың немен қоректенетінін, тіпті құмалағына қарап аш-тоқтығын айыра алады. А. сондай- ақ күн райын болжағыш, жер бедерін аңғарғыш келеді.