АНЫҚТАМА (лат. definitio) — 1) кең мағынасында алғанда ұғымның мазмұнын ашуға көмектесетін логикалық амал. Ал ұғымның мазмұнын ашу дегеніміз сол ұғымды құрастыратын маңызды белгілерді көрсету. Кез келген анықтама анықталушы (definiendum) және анықтаушы (definiens) ұғымдардан тұрады. Анықтама бірнеше танымдық қызмет атқарады: а) анықталушы ұғымның мазмұнын ашуға көмектеседі;ә) сол ұғымды оған ұқсас ұғымдардан айырып береді; б) беймәлім терминдердің, қысқартылған сөздердің мәнін ашуға көмектеседі. Осы атқаратын танымдық қызметіне қарай анықтамалар нақты А. және көрсетінді А., айқын А. және көмескі А. болып бөлінеді. Нақты анықтама нәрсені, ұғымды мәнді белгілері арқылы анықтайды. Өз кезегінде ол тектік-түрлік өзгерістер арқылы және генетик. (шығу тегіне қарай) анықтау деп екіге бөлінеді. Көрсетінді анықтама терминнің, атаудың, сөздің нені меңзейтіні туралы сұраққа жауап береді. Берілген анықтамамыз дұрыс болу үшін белгілі бір ережелерді сақтау қажет. Олар анықтаманың анық та айқын және қайшылықсыз болуын талап етеді. Сонымен қатар ойдың екіұшты, айнымалыболуынан сақтайды. А. беру ғылыми зерттеулерде, қарапайым сұхбаттасу барысында жиі қолданылады; 2) жеке не заңды тұлға туралы мәлімет берілетін, сол мәліметтің заңдылығын куәландыратын құжат.