Түлкі мен қасқыр
Ертеде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Дос болғанда екеуі араларындағы татулығы мен тәттілігін үзбестей дос болыпты.
Екеуі екі жақтан тамақ іздеп, тапқанын ортаға салып, бөлісіп жейді екен. Қасқыр – әлді, азулы, түлкі – алдамшы болады. Әр жерде түлкінің алдағаны, қулығы сезіле қалса, қасқыр ойнаған болып, түлкіні өлгенше жұлмалап, көбінде оған тісін батырып алады екен. Тек «доспыз» деген сөзбен ғана түлкіні өлтірмейді. Сүйте жүріп түлкінің жүрегіне кек орнапты…
Азық іздеп жортып жүріп, түлкі бір бөденені ұстап алады. «Мұны қасқырға көрсетпей жеке жейін» деп ойлап, түлкі аузына тістеп кетіп бара жатқанда, бөдене:
– Менің бір тамшы қаным мен бір уыс жүнім бар. Мені жегенде қанша бүйірің шығады? Саған семіз аттың жемтігін көрсетейін, мені қоя бер, – депті.
– Босатсам қашып кетесің, жақын маңнан кепіл боларлық нәрсе көрсет, – дейді түлкі.
Екеуі келіседі де, бөдене кепілдікке өзінің ұядағы балапанын көрсетеді және бір семіз аттың жемтігін тауып беріп босайды.
Түлкі жемтікті айнала қарап байқаса, жемтіктің бір жақ беті біліндірмей жауып қойған ор екен. Оры жоқ жағынан келіп, жемтіктен мейлінше жеп тояды да, досын табады.
– Қасқыр досым, мен мол бір тамақ таптым, өзі өте семіз екен. Біраз жеп едім, тым тәтті көрінді. Бірақ тойғанша жеуге сенсіз тамағымнан өтпеді, – деп қасқырды жемтікке ертіп келеді. Екеуі келе жемтікке бас қояды. Түлкі ор жоқ жағынан жеп отырғанда тісіне бір сіңір ілініп қалады. Дәл осы сәтте қасқыр жемтікті ала орға құлап кетеді. Тісі сіңірге ілінген бойы байланып түлкі де орға түседі.
Ордан шыға алмай көп дағдарып отырғаннан кейін қасқырға түлкі былай дейді:
– Е, достым! Екеуміз бірдей осы жерде өлеміз бе? Бірімізді біріміз көтеріп шығарайық.
Басы қатып отырған қасқыр көне кетеді бұл ақылға, түлкі тағы да:
– Менің үстіме сен шығып тұрып қарғысаң болар еді, бірақ мен сені көтере алмаймын, ал сенің бойың биік, оның үстіне күштісің, сондықтан сен екі алдыңғы аяғыңды жарға тіреп көтеріліп тұр. Мен сенің үстіңнен қарғып сыртқа шығайын, мен шыққаннан кейін, сені бір лажын тауып шығарып аламын, – депті.
Оған да көнеді қасқыр. Айтуы бойынша түлкі сыртқа шығып алады да:
– Қасқыр, бұрын маған аз қорлық көрсеткен жоқсың, сені шығармаймын, жемтікке ертіп келу мақсатым да сені жоғалту болатын, осында қал! – деп ордан алысырақ барып шоқиып отырады.
Амалы құрып, айтары таусылған қасқыр қатты қамығады.
– Қасқыр болғалы уайымдап, ойланып отырғаның осы болар, – деп түлкі онан әрі мазақ қылады.
– Жолдас едің ғой, сөзіңді бері таман келіп айтшы, тым болмаса, – дейді қасқыр.
Түлкі құйрығын бұлаңдата ор жиегін айналып, әлгі сөзін айта бастағанда салақтап тұрған түлкінің құйрығын көре сала қасқыр бар күшін жиып ыршиды. Түлкінің құйрығы аузына ілінген заманда түлкіні тартып орға алып түседі. Екеуінің шығуы да енді қиындайды. Түлкінің «алдаған едім, қалжыңдаған едім» дегеніне қасқыр көне қоймайды. Сүйтіп, бірін-бірі арбап орда тұрғанда, аңшы келеді де екеуін бірдей соғып алады.
Алдамшы түлкі, рақымсыз қасқыр қайда,
Опасыз мейірімсіздіктен бар ма пайда?
Тегінде тыныш жүріп күнін көрген,
Бөдене қалды аман анау сайда, – деп халық өлеңге қосыпты.