Түлкі мен қасқыр

Түлкі мен қасқыр
Күндердің күнінде түлкі мен қасқыр дос болыпты. Бір күні түлкі қасқыр досының үйіне барса, қасқыр досы аш екен. – «Е досым, менің қарным ашты, бір амалын тауып мені тойғызшы», – дейді. Досы айтқан соң, түлкі нағып тұрсын, дереу барып бір адырда жайылып жатқан бір қора қойдың ішінен бір тоқтыны досына әкеліп береді де өзі кетіп қалады. Содан соң қасқыр тоқтыны жейін деп тұрғанда, тоқты айтады: «Е, қасқыр, мені әзір жегеніңменен құр аузыңа татымаймын, онан да мені қоя берсеңші, күзге шейін от жеп, семіріп келейін, онан кейін жерсің», – дейді.
Қасқыр оның тіліне еріп, оны қоя береді. Қасқыр тоқтыдан айрылып, қарнының ашқанына шыдай алмай, түлкі досына барып айтады: «Е, достым, жаңағы әкелген тоқтың арық екен, ол: «Әзір жегеніңмен аузыңа татымаймын, онан да мені қоя бер, күзге шейін семіріп келейін, онан кейін жерсің», – деді. Оның сөзін мен мақұл көріп, оны қоя бердім. Енді, достым, бір семізірегін әкеліп бер», – дейді. Түлкі тағы барып, адырда жайылып жүрген тегін қойды аясын ба, бір үлкен семіз қойды әкеліп беріп, өзі тағы да кетіп қалады. Қарны ашып тұрған сорлы дереу жейін деп жатқанда: «Тақсыр, мені бір өзіңіз тауыса алмайсыз, мен осы жерде тұрайын, сіз барып, жолдастарыңызды ертіп келіңіз», – деп, қой сөзді айтып, тұра береді. Қасқыр қойдың сөзін естіп: «Мақұл, сен осы жерде тұра тұр, мен жолдастарымды ертіп келейін», –дейді де, кетіп қалады. Қасқыр кеткен соң, қой, ол жерден бәле күтіп нағып тұрсын, бас қамын қылып кетіп қалады.
Қасқыр жолдастарын ертіп келсе, баяғы уәделі жерінде қой жоқ. Бұл қойдан мұндай айрылып, арсыз қасқыр түлкі досына тағы барады. Оның барғандағы жұмысы баяғы қу тамағы ғой. Досына барып, бастан-аяқ кешірген оқиғаларын айтып: «Е, достым, «қайыр қылсаң, бүтін қыл» деген емес пе, сен де енді қайырыңды бүтін қыл», – деп сөзін қысқартады. Түлкі досының бұл айтқанын мақұл көріп, бір шұңқырда үйелеп жатқан бір атқа апарып: «Осыны жей ғой», – дейді де, өзі анадай жерге барып, қарауылдап тұрады. Қасқыр атты жеймін деп әрекет қылып жатқанда, ат қасқырға айтады: «Е, қасқыр, менің табаныма тығылып тұрған бір шеге бар, бірнеше күннен бері азаптанып жатырмын, тым болмаса сол шегені алып тастап, онан кейін жесең, ризамын», – деп, артқы аяғын көтеріп, «шеге осы аяғымда», – дейді. Қасқыр: «Алсам алайын», – деп, аттың табанын қарай бергенде, ат бір әрекетті қылмай қалсын ба, бастан салып жібереді. Қасқыр қаңқ етіп, аузы-басы даладай қан болып жатқанда, сондағы түлкі достының қасқыр достыға қылған жәрдемі: «Сенен-ақ күйдім ғой», – деп, сол жерде қасқырды сойып, терісін алып, достынан бір ішік киіп, өз жолына жөнеліп кетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *