Залым түлкі

Залым түлкі
Бір күні арыстан ұйқыдан жаңа оянып, есінеп отырса, салып ұрып түлкі келеді.
– Сәламатсыз ба, арыстан аға, әдейі іздеп келдім, – дейді түлкі.
– Жай ма? – деп сұрайды арыстан.
– Арыстан аға, сонау қарлы таудың ар жағында балбырап тұрған бау бар. Таудан шыға берісте көкорай шалғын сай бар. Сол сайдың бойында маңырап жайылып жүрген сансыз көп қой бар. Қасыңызға біраз нөкер ертіп алып барсаңыз, шіркін-ай, шылқа майға бір кенелер едік-ау!
– Мынауың ақыл екен! – дейді, қарны ашып отырған арыстан.
– Ол қойларға тезірек жетейік. Қасымызға кімдерді алсақ екен? – Жүректіден жолбарысты, білектіден аюды алайық, қарулыдан қасқырды алайық! – дейді түлкі. – Өңкей батырдың ортасында бір қорқақ та керек болар, қоянды да ала кетейік.
Арыстан түлкінің тілін алады. Сөйтіп, арыстан, жолбарыс, аю, қасқыр, түлкі, қоян жолдас болып, сапарға шығады. Кешке қарай орманның ашықтау бір алаңқайына жетіп, түнемекші болады.
Арыстан қанталаған көзімен серіктерін бір шолды да:
– А-а-а, қарнымыз ашты ғой. Не жейміз!– деп ақырды.
Сонда түлкі арыстанның алдына келіп, қол қусырып тұрып былай дейді:
– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Аю біздің апамыз, апамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қоян біздің қойымыз, қойымызды сойыңыз! Қарындары ашып отырған аңдар қоянды тарпа бас салады. Ол күні қоянды бөліп жеп, «барымен базар» десіп жатады да, ертеңіне тағы да жол жүреді. Күнімен дем алмастан жүріп, кешке қонаға бір сайдың басына келіп тоқтайды. Арыстан түлкіге қарай бұрылып: «А-а-а, қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Түлкі қол қусырып тұра қалып, былай дейді:
– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Қасқыр біздің қабан би, қабан биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Аю біздің қоңыр қой, қоңыр қойды жық та сой!
Түлкінің сөзін естісімен жолбарыс аюды алып ұрып, жәукемдей бастайды. Төртеуі аюдың етіне тойып алып ұйықтайды да, ертеңінде тағы да жолға шығады.
Төртеуі қас қарая бір өзеннің жағасына келіп тоқтайды. Арыстан тағы да үйреншікті әніне басады: «А-а-а… қарнымыз ашты, не жейміз?» – дейді. Сонда түлкі орнынан ұшып тұрып, былай дейді:
– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін? Жолбарыс біздің жолым би, жолым биге кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Қасқыр біздің қасымыз, бүгін жейтін асымыз.
Түлкі сөзін аяқтасымен-ақ, жолбарыс жарып салады. Үшеуі қасқырды жеп алып, ұйықтайды. Таңертең тағы да жолға шығады. Күнімен жүріп отырып, кешке қарай бір таудың етегіне келеді. Сол арада түнемекші болады. Үшеуі үш жерге шоқшиып отырады. Сол кезде дәндеген арыстан тағы да түлкіге қарап: «А-а-а, қарнымыз ашты ғой, не жейміз?» – дейді. Түлкі арыстанның ар жағына шығып, қол қусырып тұрып былай дейді:
– Арыстан біздің ағамыз, ағамызға кім тисін! Түлкі біздің түмен би, түмен биге кім тисін! Жолбарыс бізге жолазық, бүгін таңға мол азық!
Осы сәтте арыстан ағаң жолбарысты бассалады. Жолбарыс тыпырлауын қойған кезде түлкі де келіп, терісін сыпыруға кіріседі. Екеуі жолбарысты жеп болып, ұйықтайды. Таңертең екі дос арып-талып тау басына өрмелеп шығады. Арыстан солықтап, шаршап тұрса, түлкі бір биік шыңның басына келіп:
– Арыстан аға, тезірек бері келіңіз, – деп шақырады.
– Не боп қалды?
– Төменде қаптап қой жайылып жүр.
Ентігіп арыстан жетеді.
– Кәне!
Түлкі алақанын шапалақтап: «Жап-жақын тұр, әнекей. Секірейік, кәнекей, әуп!» – дегенде, арыстан шыңнан секіріп кетеді де тастан-тасқа соғылып, қызыл-жоса қан болып, өліп қалады. Мұны көрген түлкі: «Арыстан аға, дос едік қой, өлімтігіңді қарға-құзғынға жем қылмаймын», – деп, арыстанның терісін сыпыра бастаған екен дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *