Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан

Түлкі, қасқыр, түйе, арыстан
Жапанда жалғыз тағы боп жүрген бір түйеге қаңғыған бір жалғыз түлкі ұшырапты. Екеуі жолдас болып кете беріпті.
Бұларға бір қасқыр кездесіп, үшеу болыпты. Үшеуі жолдас болып кете барыпты. Сөйтіп келе жатса, алдарынан бір арыстан жолығыпты. Төртеу болған соң «түгел болдық» деп қуанысып:
– Біреуден екеу жақсы, екеуден үшеу жақсы деген осы екен-ау! Айлас-мұңдас, ордалы құлан, рулы ел, ұялы терекпіз, – десіп жүріпті.
Шөп табылады, су да табылады. Түйенің азығы түгел болған соң екі өркеші екі баладай, әбден жетіліп семіріпті.
Түлкіге тышқан жоқ, қасқырға қой жоқ, арыстанға ең аяғы қоян да жоқ. Бұларға арықтық кіріп, аштық жүдете бастайды. Үшеуі түйені күндеп, семіздігіне сұқтанып, көзін жоғалтуға ұйғарысыпты.
– Бұған әлім жеттік қылып, тарпа бас салуымыз ұят болар, жолдас ақысы бар ғой. Мұның есебін қалай табамыз? – деп үшеуі кеңесіпті.
Сонда түлкі бәлекет жымың етіп:
– Маған ерік берсеңдер, мен оны өз ырзалығымен-ақ қарашығын батырып, үнін өшірер едім, – депті. Арыстан да, қасқыр да:
– Е, жарайды, бізге тек есебін тауып, тамақ түсірудің қамын қыл, – десіпті.
Анау екеуі тамақ аулап кеткенде, түлкі түйенің қасына келіп, солқ-солқ жылай берді дейді.
Сонда түйе маңқиып:
– Түлкішегім, қарындасым, неге жылайсың? – деп сұрапты.
– Жыламай қайтейін, мына өзге үшеуміз бір төбе, сен бір төбе едің. Көрнектіміз де, көріктіміз де сен едің. Қараңды көріп, ішпей мас, жемей тоқ боп жүруші едік. Сенен айрылып қалсақ, құтымыз қашады-ау, қарнымыз ашады-ау деп жылаймын, – дегенде түйе шошып кетіп:
– Түлкішегім, әлде жаман түс көрдің бе? – депті.
– Тәйірі, түсті айтып тұрғанын. Бұрынғылар «түс – түлкінің боғы» демеді ме? Қылышын сүйретіп қыс келеді. Түйенің шудасынан қар жауады, оңды-терісті боран соғады. Шөп қар астында қалады. Мына үшеуміз інге кірсек те жан сақтаймыз. Сенің құрықтай мойның бар, сырықтай сирағың бар, екі өркешің анау-мынау қораға сияр емес. Осы байғұс жел өтпейтін жабуға сүйеніп, асты құрғақ жылы қорада жатып, жан сақтап жүрген мал еді. Үскірік аязда босқа өліп қалады-ау деп, ішім елжіреп, бүйрегім бұрылып, бауырым езіліп, сені қимай жылап тұрғаным ғой, – дегенде, түйе түлкінің бұл сөзіне қатықтай қатып, сүттей ұйып:
– Маған бір ақыл тауып бер, – депті.
– Таптым ақылды, мына арыстан, қасқыр, мен – үшеуміз он екі қойға сенің құныңды толықтырып кесіп алайық. Біз не қыламыз десек те, сен көне бер. Сол көнген ақыңа жарқырап жаз шыққанда, жүнін желкілдетіп, құйрығын жайқаңдатып он екі қойды алдыңа салып берейік. Он екі қойдың жабағысы өзіңе қандай жылы жабу болады. Көдеден жіп ширатып, селеуден ине істеп, өзім қандай ұқсатып сырып, жабу ғып беремін? Келер қыста қандай сұрапыл боран соқса да, тоңбайсың, – деген соң, түйе есі шығып:
– Жарайды, түлкішегім, – деп көне қойыпты.
Арыстан мен қасқыр келген соң, олар да түлкінің айтқанын құптап, түйе де:
– Оған ырзамын. Тек қойды жарамды ғып берсеңдер болады, – дей беріпті.
Түлкі мен қасқыр түйені сойып жатыр дейді. Сонда түлкі:
– Бұл жарықтығыңның өзге еті бір төбе, ішек-қарны бір төбе ғой. Дүниеде түйенің ішек-қарнынан тәтті тамақ болады деймісің, – деп күбірлей берді дейді.
Түлкі соны айтқанда қасқыр мен арыстан:
– Е, оны қалай жейміз? Былғаныш қой, – депті.
Сонда түлкі тұрып:
– Жаман-жұман қатындар қандай оңдап аршып, судан таза, сүттен ақ қылады! Айналайын арысекем өзі барып, дария көлге малшып-малшып алып келсе, қандай тап-таза болады? – деген соң, арыстан дырдай болып, мақтанып:
– Мен болмасам, сен итке тазалық қайда? – деп, ішек-қарынды арқалап ала-ақ жөнелді дейді.
Түлкі мен қасқыр арыстаннан айбынып, қаһарынан қаймығып, бір жапырақ тата алмай, өліп-өшіп ынтасы кетіп, құлқыны құрып барады. Әбден шыдай алмаған соң, түлкі қасқырға:
– Жерік асың ғой, көзін ойып жей ғой, мен миын жейін. Арыстан жоқтамас, жоқтай қалса, мидың жауабы даяр, «Көзін неге жедің?» десе, маған жалт қара, жауабын мен беремін, – депті. Бір мезгілде арыстан келіп, түйенің етін түгендеп, шекенің ішінде мидың жоғын көріп:
– Ми қайда? – дегенде, түлкі жұлып алғандай:
– Тақсыр, сізге не болды? Түйеде ми болушы ма еді? Миы болса, өзін-өзі он екі қойға саудалап, өлімге басын байлай ма? – дегенде, арыстан басын изеп:
– Оның да дұрыс-ау! Түйеде ми болады деп тұрғаным менің де миым жоқтығы ғой, – депті.
Арыстан көздің жоқтығын көріп:
– Көзі қайда? – дегенде, қасқыр түлкіге жалт қарапты. Түлкі:
– Маған несіне қарайсың! Мана саған жеме дегенде, болып па едің, «жеме» десем, тіл алмайсың, түйеде көз болмайды деп, өмірі айтпаған өтірікті қалай айта алам? – дегенде, арыстан қасқырға тап беріпті. Қасқыр қаша жөнеліпті. Екеуі бірін-бірі қуып, дөңнен дөң асып көрінбей кетіпті.
Түлкі түйенің қаны-жынын, бір тал түгін қалдырмай іннен інге, көрден көрге тығып, жып-жылмағай, жым-жылас қып, қарап отырыпты.
Бір мезгілде әбден алқынып, ырсылдап, екі танауы шелектей боп арыстан келіпті. Келіп, жан-жағына алақ-жұлақ етіп:
– Е, түйенің еті қайда? – дегенде, түлкі дым көрмеген немеше:
– Ойбай, сендер жемей жатып, қырық пышақ болып, жанжалға кірістіңдер. Біріңе-бірің бір жапырақ етті қимай, алас ұрып берекелерің қашты. Өзді-өзің бүйтіп жатқанда, соңыра маған он екі қойды қалай бересіңдер? – деп түйе ұшып түрегеліп тайраңдап-тайраңдап кетіп қалды,– деген соң, арыстан аңқиып тұрды да қалды дейді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *