АНУЧИН Дмитрий Николаевич (27.8.1843, Санкт-Петербург — 4.6.1923, Мәскеу) — орыс антропологы, этнограф, археолог және географ. Ресей ҒА-ның, Қазан ун-тінің, Лондон антропол. ин-тының құрметті мүшесі. 1875 жылдан Мәскеу археол. қоғамының жұмысына араласты. Мәскеу ун-тінің проф. (1891), Ресей ҒА-ның акад. (1896). 1880 ж. Мәскеу ун-тінің жанында тұңғыш құрылған антропол. кафедрасын, 1885 жылдан өмірінің соңына дейін геогр. кафедрасын басқарды. Жаратылыстану, антропол. және этногр. әуесқойлар қоғамының президенті болды. А- нің ғыл. жұмыстарының негізгі бағыты — этник. антропол. мен адамдардың шығу тегін зерттеуге арналған. Оның зерттеулері түркі халықтарының, оның ішінде қазақ антропол-сының дамуына ықпал етті. Оның адам бас сүйегінің аномалиясы (1880), Ресейде еркектердің геогр. таралуы (1889) туралы зерттеулері ғыл. құндылығын жоғалтпаған. А. — геоморфол., гидрол. және елтану саласында көптеген еңбектер жазды. А-нің тарихи еңбектерінің ішінде бастысы — “Ермакқа дейінгі Сібірді зерттеудің тарихы туралы” (1890) кітабы.