ТАЗ, ЖАЛАҚ, СУЛЫ КӨЗ – ҮШЕУІ ЖОЛДАС БОЛАДЫ
«Қу да қу түстен кейін жолдас-ты» деген емес пе? Бір күні түс ауа берген мезгілде табиғаттың гүлденіп, нұр беріп тұрған шақта оңаша ат шаптырғандай ашық даласында таз, жалақ, сулы көз – үшеуі кездесіпті. Біраз отырып, басынан өткен қызықты әңгімелерін қыздыра отырып, таз жолдастарымен: «бір нәрсе ойлап отырмын», – деді.
– Айт, айт! Біз үшеуміз жолымыз түсіп, қосыла қалған екенбіз. Күнде мұндай бас қосылып, көңіл көтеру табыла бермес. Сондықтан қыз күнімізге дейін ескерткіш болу үшін мен ойлағанымды орталарыңа салайын.
Менің жолым алыс, сендерді білмеймін, егер де мақұл көрсеңдер, маған біраз жерге серік болыңдар, бұл – бір. Екінші, сонау мұнарланған төбеге жеткенше мен басымды қасымаймын, сулы көз көзін сүртпесін, жалақ ернін жаламасын. Міні, осыны орындаған күнде біздердің қай жерде жүргенде де қулығымыз тірі жаннан кем болмайды, – деді. Сулы көз жалақ екеуі ақылдасады. «Мұның да айтқанын істеп көрейік. Осы бізден бұрын өткендер «өнерді үйрен де жирен» деп, неге айтты дейсің? О да осындай жастарына үйрене бер деген ақыл ғой, екеуміз де болады дейік, – деп, тазға келді.
Таз:
– Не ойладыңдар, мырзалар!
– Сулы көз, жалақ екеуміз сіздің айтқаныңызды істейтін болдық, – деді.
Таз:
– Жарайды, ендеше, жүріңдер, – деп, үшеуі жолға түсті. Шамалы жүрген соң бір төбені белгі жасады да, осы жерден бастап жаңағы айтқанды орындауға кірісеміз, – деді таз.
Үшеуі мақұлдап, ұлы жолға түсті. Ет пісірімдей уақыт өтті. Сулы көздің көзі жасаурап, жалақтың ерні, таздың басы қыши бастады… Көзді сүртуге, ерінді жалауға, басты қасуға болмайды. Оны біреуі бұзса, шартты уәде бұзғанмен бірдей, енді бұларға белгілі төбеге жету қиын болды, аяқтарын басқан сайын біреуі тілін, біреуі қолын, біреуі көзін алғысы келіп, бүлініп келеді. Біраз мезгіл өтті. Сулы көз көзін аша алмай, жүруден қалды. Жалақ еріні ашып отырды, біресе таздың самайынан сорасы аққандай қышып, бір жерге торғай, сұр көбелек айналып ұшып барады. Таз ойлана тұрып:
– Ай, жолдастарым, менің ойыма бір қызық нәрсе келді. Сендер тыңдаңдар, мен айтайын, – деп сөйледі.
– Менің жас кезімде, жиырма бес шамасында бір ағам бар, мал баршылық, «аузы қисық болса да, бай ұлы сөйлесін» деген бар емес пе еді, сондай оның да апайы ақсақ болса да, өзі көркем екен. Кешке таман қызды ауылдың желкесінен шаппайтын жорғаны мініп алып, қолына тобылғы сапты қамшы, басына сусар бөрік [киіп] өте бергенде, тамағын кернеп, жорғаны бір-екі нұқып жіберіп, бөрікті шекесіне былай бір, былай бір қойғанда, қыздар қарап қалады екен, – деп, басын қасып алыпты.
Сұлу көз:
– Мұның рас, ой, шіркін, әр нәрсе өз уақытында өнімді болады екен ғой. Жаңа сен айтқандай, менің бір жиенім мерген екен. Құдайдың құдіреті – көзіне көрінген аңды «Пу» деп, жайлап атқанда да түсіреді. «Пу» деп, былай атқанда да түсіреді екен, – деп, екі қолымен кезек-кезек көздеген болып, көзін сүртіп алады.
Жалақ екеуіне қарап тұрып:
– Бәлду-батпақ бәрі өтірік, бәлду-батпақ бай өтірік, – деп, тілімен біресе астыңғы ернін, біресе үстіңгі ернін сулап алады. Қоштасып, осы жерде бірінен бірі мінін таба алмай, әрқайсысы өз бетіне кеткен екен деседі.