ҚҰТАЙБА ӨТІРІКШІ
Бұрынғы заманда Бағдад шаһарында Перімәлік деген бір үлкен бай болыпты. Өзі алтын, күміс, асыл тастарын сауда етеді екен. Әйелі перзент көрмегендіктен, ұлы да, қызы да болмапты. Соншалық сауда жұмыстарын басқарып, реттеп жүргізетін, барлық шаруашылығын билеп, құл-құтандарын жұмсайтын билеуші бір адамы бар екен.
Бай әлгі адамына сондайын сеніп кеткен. Барлық байлығын, қылған пайда, залалдарын жоғарғы айтылған адамнан жылында бір мәрте есеп алады екен. Тіпті, өзінен туған баласы сықылданып, байдың шаруашылықпен жұмысы болмайды екен.
Бір күні сол адамы ауырып, келтесінен өліп қалыпты. Әлгі адамы өлген соң барлық жұмысы тоқтап, қараң қалған сияқтанғандықтан Перімәлік бай тұрмастан төсегіне жатып алыпты. Тамақ ішпей, бір жұма қайғырып, есінен тануға жуықтапты. Байдың мұншалық есеңгірегенін көріп, көршілері, туған-туысқан, дос-жарлары жиылып келіп, байға ақыл айта бастапты.
– Байеке, мұныңыз Құдайға қарсылық емес пе? Жақсы жалшыңды өзі берген Құдай өзі алды. О баста сатып алған құлың емес пе еді?! Ақылдылығымен сіздің ырысыңызға қарап, құл болса да, ұлыңыздай болып, барлық мүлкіңізді өзі билеп, төстеуші еді. Орныңыздан тұрыңыз да, тағы бір құл сатып алыңыз. Бағыңыз қалың, ырысыңыз мол кісісіз ғой. Бәлкім, одан да артық адам кез келіп қалар, – десіпті.
Тегі, анау адам да бала кезінде сатып алған құл болуы керек. Жатуға бола ма, бай тұрады да, қасына бір ер адам ертіп, құл алуға базарға шығады. Құл базарына барып, бір құл жаратпайды. Түгел Бағдад шаһарын аралап болып, басқа қалаға жол шегеді. Қала-қаланы кезіп жүріп, Милләтиа шаһарына келсе, бір мыңға таяу сатылатын қауым құлға кездеседі. Құлдарды сататын бастығына сөйлескен екен, қожайыны басқа құлдың бағасы үш жүз алтын, ана бір жастау құлдың басы бір мың алтын, жүз алтындығы да бар деген соң, барлық құлдарға сөйлесіп, ұнатыңқырамай, қымбат құлға сөйлесейінші деп, қасына кеп:
– Шырағым, сен сатылатын адамсың ғой, жақсы болсаң, ұл қыламын, жаман болсаң, құл бойыңмен жүре берерсің. Өзің тым қымбат екенсің, кәні, қандайлық өнерің бар, қолыңнан нендейлік іс келеді? Нағыз шыныңды айтшы. Сен жақсы құл болсаң, сатып алайын, – деп, – Ешбір құлды жаратпай, қала-қаланы аралап жүрген пәндемін, – деді. Байлығын, мырзалығын, абыройын, баласы жоқтығын, құл жұмысы емес, сауда өнері бар, шаруашылыққа лайықты, қолынан іс келетін құл болса ғана алатындығын айтады.
Әлгі құл тұрады да:
– Бай, сіз мені ала алмайсыз. Менің нарқым қымбат, арзандарын ала беріңіз. Мен сіз сияқты байларға сатылып, өтірікшілігімнен қайта қайтарылып жүрген адаммын. Тәңірдің берген, сүйегіме сіңген өтірікшілігім орнықтырмай қойды. Әйтпесе, бір адамның істеген ісін атқарамын. Қолымнан келмейтіні жоқ. Сауда дейсіз бе, мал бағу, ұсталық дейсіз бе – барлығы да қолымнан келеді. Есепке қандай жүйрікпін! Асыл тастардың қай сортты екенін түгел білемін. Гауһар, жақұт, меруерт, інжу-маржандар – барлығы да маған түгел мәлім, – дейді.
Бай құлдың сөзіне сеніңкіремей, асыл тастардың түр-тұрпатын, қай сорттысы қаншалық бағада болатындығын, есеп-қисап жөнінен, асыл тас шығатын жерлерді, сауда жайынан сұрастырып көріп еді, нағыз бір білгіш адам болып көрінді. Байдың өзін жаңылтады, білмегенін біледі. Несін сұрайсың, бай қызығып кетті. Он мың алтын десе де, алуға бейілі құлады. Сыртына шығармаса да, әлдекім қағып кете ме дегендей, бастығын шақырып алды да, алмақшы болды.
– Бүгін алып, ертең қайтып тастамайтын болып ал. Құлдың өзіне сөйлесіп, әбден ыраздасып, келісіп ал. Осы құл сегіз сатылып, сегіз қайтарылды. Үлкен бір айыбы болуы керек, – дейді бастық. Сонда құл тұрып:
– Жоқ, одан да көп сатылып, қайтарылдым. Алған кісі менің айтқан өтірігіме нанбайтын болып, өзіне өзі сеніп алады, – дейді.
– Ойбай-ау, саған сауда істетеді екем, мал баққызады екем, тәуір болсаң, мүмкін құлдарға қожа етеді екем, ал айтқан сөзіңе нанбайды екем, бұлай болғанда, мен де алалмаспын. Ағып тұрған өтірікші болсаң, қалай үйлесе аламыз? – дейді бай.
– Иә, байеке-ау, сіз қалай ойлайсыз? Мен өтірік айтқанда, қисынсызды қиыстырып айтам. Адам нанбастай істі шын ғып айтам, менің өтірігімді естіген соң, сәл ойланып, ақылға салсаңыз, өтірік екені айқындалады. Ақылыңыз тапшы болмай, мол болса, өзіңізге өзіңіз сенсеңіз, менің бағамды беріп, аласыз да, пайдаланасыз. Мүмкін бір мың емес, жүз мың сом пайда оралтатын шығармын. Егер алсаңыз, көрер едіңіз. Өтірігімнен қорықпауыңызға болады. Менің өтірігім бұл жүрген адамдардікіндей болмайды. Қоқыр-сұқыр ұсақ өтірік айтпаймын. Атым – Құтайба. Құдай солай жаратты, өтірікті ысқыртпасам, ішім шертіп, жарылып кете жаздаймын, – дейді құл.
– Шырағым, саған бейілім түсіп кетті. Осы өтірігіңді тастауға ант ет. Тіпті, азат етіп жіберуге де қолымнан келеді. Атым – Перімәлік. Құдайға шүкір, Бағдат шаһаріндегі байлардың ең байымын. Қабылқазы патша да үйіме қонаққа келіп тұрады. Арап халқындағы патшадай кісімін, – дейді бай. Құл тұрып:
– Өмір бойына ешкім алмай, қаладан қалаға кезіп, өтпей жүрсем де, өтірігімді тастай алмаймын. Айып етпеңіз, жарылып кетем, – деді.
– Жаным, мен сатып алайын. Тым болмаса, он жыл өтірік айтпасқа ант ет, мешітке жүр, – деді бай.
– Қой, байеке, бір жыл өтірік айтпайын. Менің сізге ықыласым түсіп кетті, көңіліңіз қалмасын, – деді құл.
Сонымен саудаласа-саудаласа, құл бес жыл өтірік айтпасқа, бес жылдан кейін қисынсыз өтірігіне бай нанбасқа, мешітке барып, иман алдында ант етті. Бес жылға дейін өтірік айтып, антын бұзса, құл жауапты. Бес жылдан кейін қисынсыз өтірігіне сенсе, бай жауапты. Осылайша, сол шаһардың билеуші уәлиінің алдында екі қағазға жазылып, бірін құл алады, бірін бай алады. Бір мың сомды санап беріп, бай құлды үйіне (Бағдадқа) әкелді. Келгеннен кейін бай бір қартаң сатушысына көмекші есебінде қызмет істете бастатып еді, байқап қарап тұрса, Құтайба құлдың атқарған жұмысы адам таңырқарлық. Бұрыннан әбден ысылған кісі сықылды. Жүріс-тұрысы өте жағымды болды, өйтіп-бүйтіп, байдың өзі һәм басқа орын тепкен сатушылары сын ретінде шамалы жердегі алық-берік саудаларына жіберіп еді, барған ісін тындырды. Өтпей жатқан әйбірлерін өткізді. Тым тиянақты, тындырымды болды.
Одан кейін бай көп мал беріп, асыл тас, алтын, күміс жиғыза бір айлық жерге жіберіп еді, алып барғанын артылта сатып, әкелгенін Бағдад халқы бір күнде он есе артық бағамен талап әкетті.
Қысқасы, Құтайба келгеннен кейін, азғана мезгілде-ақ байдың қазынасы молайып, пайданы шаш-етегіне дейін сыйғыза алмайтындай болды. Сөйте–сөйте, байдың өзінен кейінгі ең үлкен басқарушысы болды. Құл аты мүлде ұмытылды. Күннен күн, айдан ай асқан сайын «Құтайба-Құтайба» болып, мырза да десетін болды. Сауда ретінде Құтайбаның ақылынсыз байдың өзі де түк істемейтін болып кетті.
Күн өтті, ай өтті, жыл өтті, киген киімі, ат-тұрманы, абырұйлы байдың өзіне теңелді. Жай-жапсарын білетін жақын көршілері болмаса, басқа даладан келген саудагерлер, байбатшалар, Бағдаттың шеткергі жағында тұратын жете таныс емес адамдар Құтайбаны байдың баласы деп те ойлайтын.
– Осы бала байдың баласы ма? – деп біреу сұраса, «құл» деп, еш пенде айта алмайтын еді. «Қызметтен шығарып жібере ме?» деп, қауіптенетін еді.
Осылайша Құтайба жүріп жатты. Құтайбаның суайттығын бай мүлде ұмытты. Бір күні Құтайба сырқаттанып, елеурегендей халге келіп, күнделік қызметіне араласа алмай, төсек тартты. Бай келіп:
– Қарағым, бір жерің ауыра ма? – деп сұрап еді, «Жоқ, әншейін былайша» деп, аузын ашып есінеп, денесі тітіркеніп, «Аһ-уһ» деп, тұра келіп, жұмысына кетті. Әйтсе де, Құтайба бұрынғысындай емес, жаңылшақ, бір нәрсені кем есептеп, кейде оқшау сөздерді де айтып алатын болып жүрді.
Бір күні Перімәлік байды қонаққа шақырған бір үлкен байдан хабар келді.
– Ертең ерте жеті шақырымдағы бақшаға шақырыпты. Патша да, уәзірлер де сол бақшада болмақ.
Хабар келгеннен кейін бай Құтайбаны шақырып алып, ертең ертеменен қонаққа бақшаға баратынын, қасына Құтайбаны бірге апаратынын айтты. Патша, уәзірлер, үлкен байлар – барлығы да баратын жерде ат-тұрман, киімдері Айт күндеріндегідей толық болып, Құтайба мен байдың ер-тұрманын тазалатып, атты да сылап-сипап, жуып, құйрық-жалын тараттырып, қойшыға қосты.
Ертеңінде ерте Перімәлік бай мен Құтайба қақпадан шығып, асыл киімдерін киіп, ер-тұрмандары жарқырап, Бағдаттың батыс жағындағы шақырылған бақшаға жөнеп те берді. Бай мен Құтайба бақшаға барды.
Бай байлармен, патша, уәзірлермен амандасып, қонақта отырысты. Құтайба бай балалары, байбатшалармен әзілдесіп, ойнап-күліп, шығыр айтысты, ішті, жеді.
Түскі тамақтан кейін жұрттың барлығы қонаққа шақырылған байдан ұлықсат сұрап, рақмет айтып, тарамақшы болып еді, әлгі бай:
– Мен сіздерді түстікке шақырғаным жоқ. Бүгін осында қонасыздар да, ертеңгі түстіктен кейін қайтыңыздар, – деп өтінді.
Жұрттың барлығы да қайтпай, қонатын болды. Перімәлік бай да қонатын болды. Қонатын болған соң Перімәлік бай Құтайбасын шақырып алып:
– Қайтам десең, қайта ғой, қарағым. Мүмкін шаруаң бар шығар. Егер қонам десең, менің атымды үйге апарып тастап, кешке келерсің, – деді.
Құтайба құнжыңдап, «Құп болады, бай» деп, байдың атын жетелеп, қалаға қарай келе жатты. Байдың қорасына жуықтап келе бере, ойбайды сала қоя берді. Есік алдында жүрген малайлар қақпаны ашып еді, қақпадан кіре бере атының теріс жағынан секіріп түсіп, өкіріп, жер бауырлап, жатып кеп жылайды.
– Ойбай-ау, не болдым, Перімәлік байдан айырылдым. Қап-қазандай қара бұлт… – деп, ойбайдан басқа түк айтпайды. Байдың бәйбішесі де егіліп қоя береді. Малайлар да тамсанды. Аң-таң, сұраса:
– «Байдан айырылдым. Қап-қазандай қара бұлт» дегеннен басқа ләм-мен демей, ботадай боздап, өз басын өзі төпелейді. Маңындағы көршілері шулаған дауысқа қарай жүгіріп келумен қора лық толды.
– Жарқыным, немене? – деп сұраса, «байдан айырылдымнан» басқа дым айтпай, еңіреген бойымен адамның сай-сүйегін сырқыратады. Тоқтаулы адамдар келіп:
– Шырағым, мауқыңды басып, бізге жөнін айтшы, не ғажап іс болды? – деп, қазып сұрап еді:
– Ойбай-ау, бай екеуміз қонақтан қайтып келе жатыр едік бар ғой, аспаннан қазандай бір қара бұлт сияқты бір нәрсе көрінгендей болып еді, бірдеме әп-сәтте жарқ еткендей болды. Жұлдыз ақты ма, жай атты ма, тақ төбемізден пәрменіменен тарс етіп еді, байды атынан жұлып алды да кетті. Мен сау екенімді біліп, түсе жүгіріп едім, байдың қол, аяғы, басы быж–тыж болып, быт-шыты шығып қалыпты.
Содан есім шығып кетіпті, әлім екі көзіме келіп, жылаумен шапқан бойыммен осында келдім. Енді қайттік, қайран әкемдей болған бай, – деп, еңіреп, үсті-басын, киімін жыртып, басын жұдырықтап, жылап еді, жиылғандар да жылады. Бәйбіше бетін жыртып, қақпадан шыға ойбайды салып, бай қаза тапқан жерге жүгіре жөнеліпті. Түгел қорадағы көп малай, қызметкер, сатушылар, барлық көрші еркек, әйелдер шұбап, бәйбішемен бірге жөнеледі.
Бір кәрия келіп Құтайбаға:
– Әкең өлген жерге бастап, алып жүр. Бәйбіше жылаумен теріс кетер, «Болмас іске болат бол» деген, шырағым, әкең иманды болсын, – дегенді айтты. Сонда Құтайба бауырын басып, лып етіп, атына міне сала, жүгіріп келіп, шулап, жылап келе жатқан халықтың алдын орағытып:
– Мінекей, осы жолмен келе беріңдер, – деп, өзі тайпалтқан бойымен қонақта отырған бақшадағы адамдарға жақындағанда ойбайды сала қоя берді. Ат-жалын құшып, өз басын өзі төпелеп, ботадай боздап, еңіреп «Қайран, үй-сайман, қайран жиһаз, қайран бәйбіше, айрылдым, ойбай», – деуге әреңге шамасы келді. Өксіген бойымен аттан ұшып түсіп, жерге аунап, жылаумен болды. Мәз-мейрам болып отырған уәзір, бай, патшалар үрпейісіп, не екенін біле алмай, аңырайды да қалды. Жылап жатқан Құтайбадан қандай іске душар болды деп, қайсы біреулері сұрап еді, Құтайба жылаудан босамағандықтан, ешқайсысына жауап бермеді. Үлкен адамдары орнынан тұрып келіп:
– Ой, шырағым, тоқта енді. Не болды, айтшы, ә? – деп, қадала сұрай жабырласып еді, Құтайба өксіген бойымен жылай отырып, сөйлей бастады.
– Мен осы жерден шығып, байекемнің атын жетелеп, қалаға барып, өзіміздің үйге жаңа ғана жете бергенімде бар ғой, кішкентай ғана бір нәрсе жарқ еткендей болып еді, әлден уақытта дақ төбеден бірдеме пәрменімен дүрс етіп кеп кетті. Есім ауып, атымды құшақтап, сілейіп қалыппын. Қаншалық есеңгірегенімді білмеймін. Әлден заматта ұйқыдан оянғандай болып, есім енген екен, өзім жығылып, жерде жатыр екенмін, есімді жиып, түрекеліп, жалма-жан атыма мініп, үйге қарай жүрейін деп, үйге келсем, үй түгелімен жанып кетіпті. Зауазнай, магазин, қора-сайман, ішіндегі адамдар – барлығы да жанған-ау деймін. Құр орны қор болып жатыр. Өзім қорқып кетіп, үрейім ұшып, бері қарай байекеме шауып келгенім, – деп, қайта еңірей бастады. Отырған адамдар жағаларын ұстап:
– Япырмай, Құдай әмірі, ақыры, – десіп, Перімәлік байға көңіл айтысып жатыр. Үлкен патша Перімәлік байға өзі келіп, көңіл айтты.
– Ренжімеңіз, басқа Бағдад халқы, түгел арап жұрты аман болса, дәулетіңіз орнына келтіреді. Өзім қазынадан пәленбай сана беремін, – деп, қасындағы қазынашысына:
– Ертең Перімәлік байға пәлендей алтын бер, – деп, бұйрық қағазды жазып та берді.
Басқа байлар да бір мыңнан, он-он бес мыңнан – барлығы да қызу адамдар ауызша мырзалық жылуларын беріп жатыр.
Перімәлік бай жылай қоймаса да, еліткендей, есеңгірегендей өте қатты қайғырып, орнынан тұрып, киімдерін киіп, қалаға қарай жаяу қайтпақ болып жүре берді. Ана игі жақсылар да байдан қалмай, жаяу шұбырып, баймен бірге аяңдады.
Бұлар келе жатса, қаладан бұларға қарай құмырсқадай құжынаған, ағылып келе жатқан көп адам шулап, жылап келеді екен. Келе жатырған адамдар бір-біріне таяу келіп қалыпты. Ең алдында Перімәлік байдың бәйбішесі, бетін жыртқан, қып-қызыл ала, үсті-басында сау тамтық жоқ. Шашы жайылып кеткен. Көзінен аққан жасы көл болып, алдындағысын көрерлік емес, көрсе, танырлық емес. Ойбайдан ойбайды салып келеді екен. Бәйбіше Перімәлік байға қарама-қарсы келе кетісті.
Екі топтың алдында екеуі үздік ілгері болғандықтан, оқшау жолыға кеткенде бәйбіше байды танымай, ілгері жүре бермекші болып еді, Перімәлік бай бәйбішесін тани кетіп, шап беріп, құшақтай алып, сонда ғана жылап қоя берді.
– Құдай қосқан қосағым, үй-сайман, жиһаз-малдың керегі жоқ. Тірі қалған екенсің, – деп, бетінен сүйіп, иіскелеп жатыр.
Бәйбіше есін жинап алып, қараса, Перімәлік бай өзін құшақтап, жылап тұр.
– Ойбай, Құдай қосқан қосағым-ай, тірі қалдың ба? – деп, бәйбіше байды құшақтап, бай-бәйбіше құшақтасып, жабысты да қалды.
Сол мезгілде қарама-қарсы келген екі топ қалың кісі айқасып:
– Бұл не, бұл не? – десіп, бір-бірінен сұраса бастап еді, ақырында, Құтайбаның бай өлді деп, қорадағы байдың бәйбіше, малайларына ойбайлағаны, одан үй, мал, жан өртеніп кетті деп, бақшада отырған адамдарға айтқаны, қысқасы, жоғарғы айтылған өтірік түгел жұртқа мәлім болды. Сол уақта Қабдылқазы хан қатты ашуланды. Жиылып тұрған адамдарды орын-орындарында, сөз сөйлеп, дабырламай, тыныш тұруға бұйырды. Хазырхана деген бас қазысын алдырып, соғыс уағындағы тәртіппен Құтайбаны жауапқа тартуға қойды. Дара ағашын әкелдіріп, әлгі жерге орнаттырып та қойды. Жұмысын сол сағатта бітіртпек болды. Үлкен қазы дереу тексеруге Перімәлік байды алдына отырғызған соң Құтайбаны шақыртты. Құтайба ат үстінде нарттай болып алған екен.
– Құтайба, ей, қайда, тез, жылдам мұнда кел, – деп, ақырған айқайды ести сала атынан қарғып түсіп, қойқаңдап, балуан жүріспен кердеңдеп барып, жазалылар отыратын үстелге барып отырды.
Перімәлік бай шыдамай, Құтайбаны көрген соң:
– Ту, шіркін, ақымақ, мұндайлық ақымақ болармысың, – деп, Құтайбаның бетіне түкіріп еді, Құтайба:
– Мен ақымақ емес, сен ақымақ. Мұндайлық ақымақ болармысың? Байдың барлығы надан болса керек. Бір ойланбай, өтірікке нанған осы Перімәлік бай не деген ит, – деп, жұртқа қарай сөйлей бастап еді:
– Үндемей отыр, – деп, Құтайбаны қазы жекіріп тастады.
Іс тексерілді. Заң бойынша әуелі Перімәлік байдан жауап алынды. Анығында, іс патшаның өз алдында болған. Құтайбаның айтқан өтірігіне куәнің, тіпті, керегі де жоқ. Заң бойынша Перімәлік байдан бір-екі ауыз жауап алды да, Құтайбадан жауап сұрады. Құтайбаның жауабы: сотқа тесіле қарап, жанындағы Перімәлік байға қырын отырып, сұқ қолын шошайтып:
– Мен пәлен жасымда құл болып, сатылып жүргенімде, мынау ақылсыз, мисыз шал сатып алған еді. Мені Құдай жаратқанда өтірікші ғып жаратқан. Бұл ақымақ жалынып-жалпайған соң бес жыл өтірік айтпасқа Муллатиа шаһарының уәлиінің алдында ант-суын ішіп едім. Бес жыл ішінде өтірік айтсам, жауапты болмақ едім. Құдай атымен берген антыма кір жұққызып, керексіз өтірік айтып, антымды бұзсам, өз обалым өзіме еді.
Ал, бес жылдан кейін менің өтірігіме нанса, мына кәрі ит жауапты еді. Көрмейсіңдер ме, қисынсыз өтірікке нанып, жұртты бүлдіріп, әбігерлеп отырғанын, – деп, міз бақпады.
– Қайтейін, тақсыр, патша, өтірік айтпасам, жарылып өлем. Мұншалық жұрт қорқып кетерлік өтірікті қалай қиыстырып, қисынын тапты дейсіздер ғой, анау отырған Хабдылқазы ханды, арап елін, Бағдад халқын жанымдай жақсы көргендігімнен ептеп қана айттым. Өзім өліп кетпес үшін түймедей-ақ қып айттым. Берген сертім толып, ішім шертіп бара жатқан соң жан құрғырымды қорғадым. Егерде бұдан бұлай бүгін-ертең деп, өтірігімді кешіктірсем, өліп кетер едім, не болмаса, тау қаңбақтай, тас бұршақтай ұшарлық етіп айтатын едім. Болмаса, ең кемі Бағдад халқы қырылысатындай қып айтатын едім, – деді де, қойнындағы қағазды алып, қазыға ұсынды. Қазы оқып көріп, тамсанып, айтқанының барлығы да шын, ант еткен бес жылдан бес күн асқан екен. Әлгі қағазды уәзірлер, патша бастатқан барлығы да кезекпе–кезек оқып көрді. Онан кейін оңаша барып, қазы мен уәзірлер кеңесіп, Құтайбаны жазадан босатты.
Перімәлік байға:
– Бұл Құтайбаның өтірігіне бекер нанғансыз ғой, бізге айтуыңыз керек еді, – дегендей иек сүйкей салды. Патша Құтайбаны қасына шақырып алып, өз қолымен маңдайынан сипап, жиырма жыл өтірік айтпауға уәде беруін сұрады. Ең ақырында, Құтайба:
– Патша-еке, мен жиырма жылға шыдамаспын. Иә дүниені, иә өзімді бүлдіріп алармын. Сіздің көңіліңіз үшін он жыл өтірік айтпайын, – деп, уәдесін берді. Он жыл өтірік айтпасқа иман алдында ант еткізіп, патша Құтайбаны өз сарайын сақтаушы уәзір етіп алды. Перімәлік байдан түгел есебін әперді.