ЖЕЛМАЯМЕН ЖЕЛГЕНДЕ
Үйшіктен шығып, Қарақұмды басып, Түрікпен елін асып, Шевченко-Маңқыстақты аралап, Астраханға келіп, қонып жүрген күнде болып еді.
Бір күні Қара бұғаздың сорына түсіп, бір бала жоғалып, ел-жұрт болып іздеп, таба алмай, сабылып жүр екен деп естідім. «Ағайынның жоғын жоқтас, табылса иесіне, табылмаса, көңіліне жақсы» деген бар ғой, бармай болмас деп, Ақтайдың Сары үлегін сұрап мініп, жолға шықтым. Күн өте суық еді, әдепкіде бет қаратпай отырды. Тайпақтан шыққанымда күн сәскенің кезі еді. Сары үлектің еті қызды. «Енді шыдап бақ, мен тарттым!» – дегендей, екі жағына кезек-кезек жалтақтап, желдей есіп, судай тасып, бұлттай көшіп, шығысқа бетті қойып, жұлдыздай ағып келеді. Бұл кезде Сары үлекті тоқтатып, не басқа жаққа басын бұруға болмайтынын білем, жүрісіне мәз болып, масайрап келем, бір кезде маужырап қалғып кетсем керек, сескеніп кетіп, жан-жағыма қарасам, бір зор дарияның жағасы, қалың орман, зеңгір таудың арасында келемін. Сары үлектің жүрісінің, үстінің жұмсақтығына, өнімділігіне масаттанып отырғанымда, мына бір көрмеген-жүрмеген жерді аралап келе жатырмын. Бұл не ғажап? Мұндай жерді бұрын көрген жоқ едім деп, таңырқанам да, толғанып, ойланам. Сүйтіп келе жатып, шіркін-ай, мына дарияның суына шомылып, тауына шығып, орманын аралап, көк шөпке аунар ма еді деп ойладым. Сол кезде ойыма мына қауіптер сап ете түскені! Тауда бөрі болса, шөп арасында, суда шаян болса, қайтесің дегендей болды.
Сонымен бұл қай жер деп ойлаймын, таңданып тұрғанымда ойыма сап ете түсті; бұл жер баяғы «Шаһнамадағы» Рүстем Зорабтың аралаған таулары екен. Ал менің астымдағы, баяғы қазақ еліне қоныс іздеп, жер жүзін аралаған Асанқайғының желмаясының баласы екен ғой. Жүрісіме енді түсініп келе жатсам:
– Тоқтаңыз! – деген дауыс естілді. Тұра қалсам, баяғы Адайда жоғалған бала екен. Бұл бала Қара бұғаздан шығып, Қарақұмды басып, Тянь-Шяньнің тауын аралап, Памирге таман өтіп барады екен.
Екеуміз жөн сұрасып, амандасып, қуанысып, күллі таудың халқын жиып, той жасап, енді еліме келсем, осы екі арада дәл бір сөткеге жетер-жетпес мерзім өткен екен. Көп жүрген екем деп қатты ренжідім, – депті сөзі селді, аузы желді айтушы.