АНТРОПОМОРФТАНДЫРУ

АНТРОПОМОРФТАНДЫРУ (грек. anthropos — адам және morphe — форма, пішім) — адамзаттық, халықтық дүниетанымдағы жаратылыс иелерін (құдайды, періштелерді, мал-жан иелерін), табиғаттағы нәрселерді (ғарыштық, геогр. объектілерді, жан-жануарларды, өсімдіктерді, т.б.) адамға ұқсату құбылысы; өнердегі көркемдік әдіс. А. ежелгі дүниетаным мен ішкі санадан бастау алатын құбылыска жатады. Ол байырғы мифол. және діни аңыздардан айқын байқалады. А. қазақ халқының арасында да кеңінен таралған. Адам кейпіндегі кісі киік, жын пері, дию, жезтырнақ, албасты, т.б. ұғымдар осының айғағы. Көшпенді қауым өздеріне бағыт-бағдар сілтеуші жұлдыздар (Темір- қазық, Жетіқарақшы, Ақбозат пен Көкбозат, т.б.), желеп-жебеуші табиғат күштері (Жер ана, Көк төңір, Ай, Күн, т.б.) төрт түліктің иелері мен киелері (Қамбар ата, Шопан ата, Зеңгі баба, Ойсыл қара) туралы түрлі аңыз-әңгімелер шығарған. “Жеке батыр”, “Толағай”, “Балқаш”, “Қаратал” секілді ата қоныс, мекен-жай атауларына байланысты, байғыз, көкек, сауысқан, қарға, тасбақа, т.б. аң-құс, жан-жануарлар туралы аңыздар халықтық дүниетанымдағы А-ға айқын мысалдар болып табылады. Қазіргі санада ол тілдік метафоралар мен көркем бейнелер арқылы да сақталған (жарық дүние, мүлгіген табиғат, қатал қыс, қу түлкі, т.т.). Поэзияда антропоморфтандырылған бейнелер басты көркемдік құралдардың біріне айналды. А-ды тек архаистік сананың қалдығы деп қарастырған дұрыс емес. Ол ғылым мен тех-ның озық салаларында да жиі көрініс табады (ойлайтын машина, есептеу тех- сы, ақылды робот, т.т.).

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *