ҚЫРЫҚ БІР ӨТІРІК

ҚЫРЫҚ БІР ӨТІРІК
Патшаның қызы он жетіге келген соң патша жұртқа былайша жариялайды:
– Менің өзіме құрастырып, қырық бір өтірік айтқан адамға қызымды текке берем, егер өтірікті айтқан адам қырық бірге жеткізе алмаса, басын кесем, – деді.
Ауыл-ауылдан сөзге шешенсініп жүрген жігіттердің талайы келіп, қырық бір өтірікке жеткізе алмай, біразының басы босқа кесіліп кетті.
Патшаның сиырларын бағып жүретін Айдар деген киқуат бар еді. Айдардың басынан күн өтіп, шыбынмен арпалысып жүрген кезі еді. Жазғы шілденің шыжылдаған кезі еді. Айдар мына шілденің шыбынына таланып жүріп өлгенімше патшаның барып, айт деген өтірігін айтып берейін, қызын уәдесінде тұрса, берер, бермеген күнде осы мал бағудан құтқарар, өтірікті айта алмасам, бұл сықылды қорлықтан көрі өлгенімнің өзі де артық қой, – дейді де, таяқты лақтырып жіберіп, ордаға қарай жүре берді.
Салып ұрып, патшаның ордасына келді. Патшаның есігіндегі жігіттерінен рұқсат сұрап, Нарунның алдына енді.
– Ассалаймағалейкум, ханым, тақсыр, сіз қырық бір өтірікті айтқан адамға қызымды берем деген екенсіз, сол сөзді есітіп, мен де тақымым тырысқасын келген едім, – депті.
– Бірақ шартты білесің ғой, қырық бірге жеткізе алмасаң, өлтірем, – деді.
– Жеткізе алмасам, өлтіруіңе құлмын, – деді.
– Е, жарайды, айт.
– Жалғыз буаз бием бар еді. Буаз болғанына биыл жеті жыл болған еді, толғатқанына тоғыз ай болды, құлынының басы шығып жүргеніне алты ай толды, сол бием осы бүгін түнде босанып кетіпті. Ары-бері жүгіріп, түнде таба алмадым. Таңертеңмен тұрып, биені іздедім. Іздей-іздей, аяғым сарсылып ауырды, кеш болған соң бір жартастың баурайына жабысқан дарақтың тамырына /ындысына/ сегіз қанат ақ отауға жолықтым. Отаудың ішінде бойы бір қарыс, сақалы мың қарыс бір шал мен бойы елу кез, ені де елу кез бір қыз отыр екен. Биемді солардан сұрадым. Шал айтты:
– Мына судың ар жағына өтіп кеткен шығар, осы үйдің төбесіне шығып, қарай ғой, – деді.
– Үйдің сыртына шығып, шаңыраққа қарай секіріп едім, шаңырақтың дәл төбесіне дік етіп түстім. Былай-былай төңірекке қарап едім, бие көрінбейді, шаңырақтың тесігінен өтіп тұрған уықтың қаламынан ақырын ұстап, тартып едім, уық бауын салаңдатып, шаңырақтың тесігінен сопаң еткізіп, суырып алдым. Шаңырақтың төбесіне уықты қойып, уықтың басына қалпағымды алшысынан қойып, қалпақтың үстіне ырғып шығып, қарасам, бием судың ар жағына өтіп, туған екен. Құлыны екеуі жайылып жүрген екен. Тағы уықтан шаңырақтың үстіне секіріп түстім. Шаңырақтың төбесінде тұрып, қаламынан ұстап, шаңырақтың тесігінен уықты тығып жіберіп едім, бұрынғы орнына сарт етіп, тұра қалды. Сол жерде тұрып, уық бауды керегенің басына байлап, қайтып жерге түстім. Сол күні кешкеқұрым сол үйге қонақ болдым. Ертеңіне таңертеңмен тұрдым да, манағы көрген судың қасына барып, саныма асулы пышағымды алдым да, пышаққа мініп, қынымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы /заты/ темір емес пе, суға батып кеттім. Қайтып шығып, қынға мініп, пышағымды есіп-есіп жіберіп едім, атасы /заты/ көн емес пе, судың ар жағына сыр етіп, өте шықтым.
– Биемнің қасына барып қарасам, көзі шегір, өзі қасқа (төбел) ала аяқ еркек құлын туған екен. Жануардың маңдайына тәу етіп, биемді жетелеп, манағы суға келіп, биені мініп, құлынды өңгеріп, суға биені «Шу» деп едім, заты әйел емес пе, суға батып кеттім. Қайтып шығып, құлыныма мініп, биені өңгеріп, «Шу» деп едім, заты еркек емес пе, судан сыр етіп, ар жағына өте шықтым.
Судан өтіп келе жатсам, қанатына оқ тиген қаз даусын есіттім. Биені міне салып, бүйрегінен жанасып, Ора төбенің баурайына қабаттаса келіп, қолымда ешқандай құрал болмаған соң аяғымның біреуін жұлып алып, лақтырып жіберіп едім, қаздың тірсегіне сарт етіп тиді де, аяғым Ора төбеден асып кетті.
Биемен жорта түсіп, теңкиіп жатқан қазға келіп едім, артта келе жатқан құлыным кісіней келіп, омақаса құлап жатқан қазды көлденең тістеп алды да, ердің қасына әкеліп берді. Сосын мен қанжығама тірсегінен тесіп, байлап алдым. Қазды салаңдатып, Ора төбеден асып кеткен аяғымды іздей бастадым. Ора төбенің төскейіндегі құм арықтың ернеуінде жатыр екен. Аяғымды алып, орнына қондырып алдым. Сосын қарным ашты. Төңірекке қарасам, көз үшінде туырлығы желпілдеп, маңдайшасы селкілдеп тұрған ақ отауды көзім шалды. Отауға келіп:
– Сөйлес, – деп едім, қарны қабақтай, беті табақтай, өмірінде жарық көрмеген адам сияқты өзі қара, көзі көк, орта бойлы, аш жүзді, зеңірейген қара кемпір:
– Сөйлей тұр, – деп, шыға келді.
– Армаңыз, малы-басың аман ба? – деп менен сұрады.
– Өзіңіздің деніңіз сау ма? – деп амандастым. Амандасып болғасын сіздің қазан-аяқтарыңызбен осы арада кішкентай тамақ істеп алуға бола ма? – деп сұрап едім.
– Не болмасын, болады, – деп, он екі құлақты қара қазанның қасына барып, «Иә, пірім» деп, көтеріп еді, екі құлағы жұлынып кетті. Көтеремінмен он екі құлағынан да айрылды. Соның ернеуінен өзіне икемдеп тартып, зордан босағаға әкелді. Өзім биеден секіріп түсіп, қазанның ішіне екі аяқпен екі қасық, бірнеше шелек су құйып, үйден оңашалау жерге барып, манағы ұрып алған қазды пісіру әрекетіне түстім. Қазанға салып қайнатып, шамалыдан соң пісіп, даяр болды. Бір өзім қарлығып, жей алмадым. Төңірекке қарасам, төскейді қаптап келе жатқан топ адамды көзім шалды.
Адамдар жақындаған соң қалпағымды қолыма алып, бұлғалақтап едім, барлығы маған қарай қайрылды. Қасыма келген соң аттан түсіріп алдым да, жай-түрін сұрап едім, тойға бара жатқан адамдар екен. Тамақтағы қаздың етін алдарына қойдым. Барлығы жеп, тауыса алмады. Олардан он екі шелек май артылып қалды. Меймандар көп рақмет айтып, тойға қарай жүріп кетті.
Қалған екі шелек маймен етігімді майлап едім, етігімнің біреуінің жұлығына дейін майладым-ау, екіншісіне жетпей қалды. Сол уақытта намаз әсір болған екен, сол күні далада түнедім.
Түнімен аяғымдағы екі етігім бір-бірімен ұрысып жатты. Ұрыса берген соң май жетпеген етігімді шешіп алдым да, басыма жастанып жатсам, ұйықтап қалыппын. Таң алагеуімнен тұрып, бас жағыма қарасам, етігім бір жаққа лағып кетіп қалыпты. Төңірегімде боз қалың еді, ары-бері қарап, таба алмадым. Аңқам кеуіп, сусап барамын, сосын төңірегіме көз салсам, ешқандай су табылатын түрі жоқ. Басымды қолыма алып, жерге бір ұрып едім, бұрқ етіп, су шыға келді. Өзім де, құлын мен бием де суға әбден қанып алдым. Биені мініп, аяңдап, бір жотаның басына шықтым, төңірекке көз салып едім, көз ұшында құжырлаған адамдарды көзім шалды. Жорта түсіп, сол жерге бардым. Жиынның түрі – той болып жатқан сияқты, бір малшыны шақырып алып, бұл қандай жиын деп сұрап едім:
– Бұл жерде Қасымқажы ұлын сүндеттетіп еді, соған жұртқа той беріп жатыр, – деп, жай-күйін түсіндіріп айтты.
– Тойханаға барсам, жұрттың барлығы маған қарап, «Мына басы жоқ адамды қара», – деп, бір-біріне мені көрсетіп жатыр. Басымды ұстап қарасам, басым жоқ. Манағы су ішкен жерде қалып кетіпті. Су ішкен жерге қарай тұра шаптым, барып қарасам, басым теңкиіп жатыр екен. Алып, басымды жалғастырып алдым.
Қайтып тойханаға барсам, етігім тойға келген адамдарға табақ тартып жүр. Көрдім де, биеден секіріп түсіп, байладым да, бір үйге барып, отыра кеттім. Етігім мені көріп, сасқанынан сан табақ, қорыққанынан қос табақ әкеліп, алдыма қойды. Әкелген асты жеп алып, жұрт көкпарға бара жатыр екен, мен де солармен ілесіп, аяңдап көкбарға бардым. Жұрт шуласып:
– Асыр тақымға! Аш белінен бас! Қолың бар ма? А, тарт! Тарт! – деп, шулап жатыр екен.
– Мен де жалма-жан биенің ер-әбзелін құлынға ұрып, додаға құлынды омыраулатып, дода болып жатқан көкбардың тірсегіне қолым тиді. Ұмтыла түсіп, жақындап едім, көкбар маған көлденең келіп, аш белінен тақымға басып алдым. Айқайлап, аттың сауырынына сегіз өрмек қамшыны екі ұрып едім, доданы қақ жарып, ауылға қарай ала қаштым. Артымнан шабандоздар жабыла қуды, жеткізбей-ақ келе жатыр едім, астымдағы жануар омақаса құлап, артымдағы адамдар келіп қалды да, мені біраз қамшының астына алып, сабап, басымның быт-шытын шығарып еді, сонан әлі басым жазылмай келеді.
Міні, тақсыр, осымен елу алты өтірік болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *