ЖҮЗ АУЫЗ ӨТІРІК АЙТҚАН ТАЗША
Баяғыда бір хан болыпты. Ханның сұлу қызы бар екен. «Кімде-кім жүз ауыз өтірік айтса, қызымды беремін», – деп, хан жар салыпты. Талаптының бәрі де өтірік айтамын деп, одан-бұдан құрап айтса, не дәмін келтіре алмай, не жүзге толтыра алмай, ханға басын алдырта беріпті.
Сонда бір сиыр баққан тазша бала ханға: «Мен жүз ауыз өтірік айтамын», – деп мәлімдепті. Хан:
– Айт, – деп лұқсат қылған соң тазша бастап кетіпті.
– Болмаған бозбала күнімде, тумаған ту атамның жылқысын бақтым. Атам арнап, ұрғашы ала тайға ен сап берді. Ала тайым ай жасап, жыл жүріп ала байтал болды. Байталымды айғырға қостым, буаз болды.
Бір күні желіні жетіп жүрген, ала бием бошалап кетіпті. Әкемнің Сары биігіне шығып, көздесем, көрінбейді. Көк дөненіме мініп, төбеге шықсам, көрінбейді. Атым үстіне құрығымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Құрығыма қамшымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Қамшыма пышағымды шаншып, шығып қарасам, көрінбейді. Бізіме тебенімді шаншып, шығып қарасам, алты дарияның ары жағында, бес дарияның бері жағында айға қарап, құлындап, күнге қарап, оттап тұр екен. Құлын биенің белінен бұлай бір аттап, бұлай бір аттап түседі. Құрығымды қайық қылып, әлгі дариялардан, «а» дегенше сыр етіп өте шығып, қасына жетіп бардым. Енесіне мініп, құлынды өңгеріп едім, көтере алмай, омақаса жығылды. Құлынды мініп, енесін өңгеріп алып, алты дарияны аттатып, бес дарияның бері жағына өте шықтым, – дегенде, хан:
– Ой, ол дария деп, дардай қып отырғаның шұқанаққа жаңбырдан іркілген шалшық-малшық-дағы, – депті.
Тазша:
– Шалшық-малшық емес екенін содан байқаңыз, бері жағынан ертемен ұшқан тұрымтай кешке аржағына әзер шығып қонды.
Хан:
– Ой, оның тұрымтай емес, қанаты жетілмеген балапан-салапан-дағы, – [депті].
Тазша:
– Балапан-салапан емес екенін содан біліңіз, тұғырға байлағанымызда, томағасы тоғыз қанат үйдің шаңырағынан асып тұрды.
Хан:
– Ой, оның үй емес, балалардың ойын-күркешігі де, – [депті].
Тазша:
– Күркешік-мүркешік емес екенін содан байқаңыз, есігінен өкірген өгіздің дауысы төріне естілмеді.
Хан:
– Ой, оның бір тайынша қашқанның бұзау-мұзауы да.
Тазша:
– Оның бұзау-мұзау емес екенін сонан біліңіз, бір сонарда алпыс кісі мінгесіп жүріп, кісі басы алпыс алтыдан қоян соғып алдық.
Сонда хан:
– Ой, өгізің құрысын, бағанағы биені өңгеріп, құлынмен қайда кеттің? – депті.
Тазша:
– Дариядан өтіп келе жатсам, өспеген қоян өре қашты. Тебеніммен түйреп ұрып, инеммен екі салып, біреуін соғып қалдым. Пісіріп жейін деп, бір етек тезек теріп әкелсем, барлығы да бөдене екен. Ұйықтап ши түбінде жатқанда, теріп ала беріппін, теріп ала беріппін. Әкеліп төге салғанда, ұшты [да] кетті, ұшты [да] кетті. Қайта барып, шын тезек теріп әкеліп, қоянымды қақтап жеп, майын етігіме жағып, биемді бір қазыққа байлап жатсам, ұйықтап қалыппын. Бір мезетте жау шапқандай тарс-тұрс төбелес шығады. Шошып ояна келсем, аяқ жағыма тыққан екі етігім қызыл шеке болып, төбелесіп жатыр. Бір етігім біріне маған су жақты, саған май жақты, – дейді. Жанжалы – осы. Ұрыстың басының былжырамадан шыққанын білдім де, екеуін екі қойып, орны-орнына тығып қойдым. Тағы ұйықтап қалыппын. Таң қылаңда тұре келсем, май жаққан етігім жатыр, су жаққан етігім өкпелеп, қашып кетіпті.
Шіркін, қанша ұзады дейсің деген оймен сыңар аяқ аяқтап, ізімен қуып кеттім. Бием қазыққа байлаулы қала берді. Желе-жортып жеті күн қуыппын. Ең аяғында, етігімнің ізі шармайақ шырдың үлкеніне соғып, адастырды да кетті. Не болса да, осы елден жөнін сұрайын деп, жақын жердегі бір ауылға келсем, шыбын-шіркейдің ұрулы ел[і] екен. Атақты бір адамы қаза болып, қасқа шыбын сойып, ас беріп жатқан екен. Сұрастырсам, қашқан етігім сол аста табақшы болып, табақ тартып жүр екен.
Көрінген жерден көзімді алартып едім, қорыққанынан қос табақ, сасқанынан сан табақ әкеп, тартты. Етті жеп, етігімді екі құлағынан тартып, тебіне киіп, қайтып келе жатсам, бағанағы еттің тұзы ащы болып, қатты шөлдеп кеткенім.
Күн ми қайнаған ыстық. Су ішейін деп, құдыққа барсам, құдықтың суы қатып қалыпты. Балталасам, ойылмайды. Теселесем, ойылмайды. Тепкілесем, болмайды. Шекеммен ақырын ғана нұқып қалып едім, мұз ойылып кетіп, мөлдір суы көріне кетті. Ішіп, жұтып, қанып алып, қайтып, ауылға келе жатсам, жолдағылар:
– Жаным-ау, жарты бас қашан болғансың, шекең жартысы қайда? – деп күліседі.
Бұлар не айтады деп, сипап қарасам, шекемнің жартысы бағанағы мұз ойған құдықта қалып қойған екен. Қайта жүгіріп келсем, шекемнің шарасына алпыс үйрек ұялап, қырық қаз жұмыртқалап қалған екен.
Барлығын үркітіп жіберіп, шекемді орнына орнатып, биеме қайтып келе жатсам, алдымнан алпыс құмырсқа: «Ауылға жүріп, түстеніп кетіңіз», – деп, жік-жапар болып, болмағаны. Қабырғама кеңесіп едім, үйі-түзін көре кетейік дегендей қылған соң, құмырсқаның аулына келдім. Төмендегі үйдің төрінен, тоғыз бөлмелі үйдің көрінен орын беріп отырғызды. Үй иесі: «Мына кісіге бураның санын бұзып, қазанға сал!» – дегеніне, – бұл шіркіндердің бурасы қайсы деп отырсам, шегірткенің сүрлеген саны екен. Алдыма әкеліп қойғанда, қара кездікпен жамбасты қайшылай турағанымда, қайқайма табақ ет шықты. Артылғанын асатып, қалғанын қатын-баласына беріп, қайтып келе жатсам, жанбасымнан жанжал шықты.
– Бұл не? – деп, құлағымды салсам, қыным мен пышағым күңкілдесіп, ұрысып келеді екен. Қын пышаққа:
– Ішіп-жеп аласың да, ішіме жатып аласың, – дейді. Пышақ:
– Тұмсығымды томағалап, танауымды пышылдатып, ішкен-жегенімді мұрнымнан шығарып келесің ғой, – дейді. Ұрысы – осы. Мұртымнан мырс етіп күліп, жүре бердім. Бияда – бес күн, жаяу жалғыз баяғы бие байлаған жерге келсем, бие байлаған қазығым шоңқайған қасқырдың мойыны екен, құлынымен қоса бір жапырағын қалдырмай, жеп кетіпті.
Осымен тамам, жүз ауыз болды, хан-еке, – депті тазша.
Хан сонда тазшаны арқаға қағып, қызын қосыпты.