РАС ҺӘМ ҚИСЫҚ
Баяғы заманда қанша уақыт өткенін білмейміз, қазақ жерінде апалы-сіңлілі екі қыз болыпты. Үлкенінің есімі − Рас, Кішісінің есімі – Қисық. Бұл қыздар бек кедей екен. Күн көруге қаражаты болмай, бір ауылдан бір ауылға қайыр сұрап жүріпті. Қазақтар шамасы келгенше бұларға қайыр беруші еді. Рас көркем, салмақты еді һәм адал жүріп, тыныш жүруші еді. Сонысына қарай қазақтар мұны жақсы көруші еді. Растың сіңлісі Қисық тынышсыз, ұрысқақ, қу болыпты. Һәм оңай жатқан нәрсе болса, ұрлап әкетуші еді. Мұндай мінезіне қарай қазақтар мұны жек көруші еді.
Бұл екеуі көп зәрушілік көрісті. Ғұмырларында шаттық етіп, бақ көре алмады. Ғұмырлары мұндайменен өтті, арты қандай болары белгісіз. Күндерде бір күн бұл екеуі ауылдан алысырақ барып, кеңес құрысты. Ақырында, ойласып-ойласып, өзге тарапқа барысып, бағын сынаспақшы болды. Әр ауылдан ірімшік, құрт жиып алып, екеуі де ақырындап, жолға түсті. Бұлар дамыл алмай, көп жүрді. Жел жоқ, салқын соқпай, ауа айналып, жерге түскендей ыстық болды. Жан-жаққа қараған, ешнәрсе көрінбеді. Мұндай ыстық уақытта жан-жануар қамысқа қорғалаушы еді. Осыған қарағанда бұл екі міскіннің сапары бек қиын болды.
Күн батып бара жатқанда, бұл жолаушылар Түркістан жерінде Темір деген өзеннің жағасына келді. Бұл уақытта алқызыл болып батқан күннің сәулесі жердің жүзінен шыққандай болып көгерген аспанмен шашырап, бір нұрлы жұлдызға ұқсады. Бұл жұлдыздың алқызыл нұры жердің бетіне жайыла жатып, күмістей жарқыратты даланың сарғайған шөбін, қамыстарды, өзеннің жағаларын һәм көрініп тұрған аймақтың бәрін. Түс уақытында ыстық басылды. Ауа бұрынғысындай емес, жел де басылды. Өзеннің бойынан жан-жаққа қарай шу көтерілді. Күн ысығанда қалғығандай болған дала салқын түскен соң у-шуға тола бастады. Алысырақ балықшы деген құс шақырды. Жылқыдан адасқан құлын кісінеді. Әртүрлі дыбыс шықты. Сиырлар мөңіреп, қой маңырап, бұлардан жоғары аспанда бүркіт айналып жүрді.
Ымырт бата бастады. Жақын арадағы ауылдан от шықты. Қазақтардың ұрғашылары салма деген тамағын пісіре бастады. Екі қыз жерге отырысып, тамақтарын жесе бастады. Міскін Рас бек жаман шаршап, ұйықтағысы келіп отыр еді сіңлісі Қисық жаны ашығандай болып айтты: «Азық салған дорбаң ауыр шығар, саған жеңіл болуға әуелі сенің азығыңды жейік, одан соң менің азығымды жерміз». Растың көңілінде дәнеме жоқ, сіңлісі Қисықтың айтқанына көнді. Бір-екі күн өткен соң Растың азығы бітті. Бұлар қонатын жерге келді. Азығы таусылған соң Рас сіңлісінен азық сұрап еді, Қисық мұны мазақ қылып, күлді. «Сен ақымақсың ба, өз азығыңды жеп қойып, енді саған не керек?» − дейді. Рас бұл сөзге аң-таң болып, Қисықтың неге күлгенін білмей, оған айтты: «Менің азығымды бірге жеп, түгесіп едің. Егер де менің азығым таусылса, сен маған қарасамын деп, уәде беріп едің», − дейді. «Олай емес, мен мұндай іс істемен, азығым таусылған соң мен қайтемін?», − деп, Қисық жауап берді. Рас қанша сұраса да, Қисықтан бір үзім нан ала алмай, қарны ашып, жылап, ұйықтап қалды.
Келер күні екеуі жолға түсіп, Рас аштықтан әрең аяғын басты және күн бек ыстық еді. Аш бейшара мұндай ыстықта қалайша жүрсін? Мидай далада ыстықтан қызған пештей болды.
Сарғайған қыр қоншы шөптер сабағын имитіп, бастарын жерге салбыратып тұр. Жерден салқын һәм дым сорғаннан, күннің қызғанынан құм да қарайып кетті. Аппақ болған қақтар әртүрлі түске түсті. Бұл қақтар мұндай болып жалтыраған, көз жұмбай, тік қарауға лаж жоқ болды. Осы уақытта дала тып-тыныш еді. Жанды нәрселер күйіп тұрған күннен қашып, әр жерге кетті. Көшкен ел жоқ, жүрген керуен жоқ, жалғыз-ақ екі міскін әйелден басқа, құм басқан жол. Бір қимылдаған Рас бишара күші кетіп, дәрменсіз болып, жерге жығылды. Жан-жаққа қараса, ешнәрсе жоқ, мидай даладан басқа. Бұл бек сусап еді. Сусын ішейін десе, жақын арада құдық та һәм бұлақ та жоқ. Пақырлар, Рас бек қабағат шөлдеді. Аузы кеуіп, Рас сіңлісінен жалынып, жалпайып, бір кесек құрт сұрады. Құдай сақтасын, Қисық мұның сөзін естімей, еш қайрылыспады. Бірақ айтты: «Егер маған екі көзіңді ойдырсаң, сонда саған құрт беремін», − деп, Қисық айтты. Рас, пақыр мұндай сөзден бек сескенді һәм зарланып, сіңлісінен құрт сұрады. «Мен көзсіз қайтып күн көремін?» − деп. «Сен көзсіз болсаң, мен сені орыстарға апарамын, олар бізге көп қайыр береді. Бұл жерден біз бай болып кетеміз», − дейді. Рас уһлеп, күрсініп, Құдай тағалаға мінәжат айтып, Қисықтың айтқанына көнді. Қисық мұның екі көзін ойып алып һәм бұған қараспай, далаға жапа-жалғыз тастады өз жөніне жүре беріп. Екі көзінің орнынан қан кетіп, Рас қансырап, талып қалды. Бірқадар уақытта тұрды, пақыр көп қиналды көзінің жарасынан. Көзсіз болған бейшараға жер дүниенің бәрі қараңғы болды, сөзіме нанар болсаң. Бәрі еске түсіп, Рас бек қатты жылады зар тұтып. «Мидай далаға тастама!», − деп, сіңлісін шақырды. Мұның даусын кім естиді? Қисық әлдеқашан безіп кеткен. Мұндай басқа түскен пәледен құтылмасын біліп, Рас Аллаға дұға қылды «Маған өлім бер», − деп. Құдай тағала мұның дұғасын естіп, бүркіт сүгіретінде қып бұған періштені жіберді. Періште мұның қасына келіп айтты: «Әй, мұсылман, саған не болды? Маған бәрін айт, мені саған Мұхаммет пайғамбар жіберді». Періштенің мұндай айтқан жылы сөзін естіп, Рас өз ахуалын мағлұм етті. «Көп жылама, жылауды Құдай сүймейді. Сен бақытты боларсың», − деп, бүркіт бұған бір торсық өлгенді тірілтетін су берді көзін жууға. Рас мұның айтқанының баршасын істеп еді, көзі бұрынғыдай сау саламат болды. Бүркіт ұшып кетіп, недәуір заманда бір торсық қымыз, шелпек һәм құрт әкеліп берді. Рас әкелген тамақты асап, қымызды ішіп, қатты ұйықтап қалды. Келер күні ұйқысынан оянса, күн шыққан екен. Кешегі жолсыз жерде айнадай жалтырап бұлақ аққан, жағалары сексеуіл һәм қамысқа толып жатқан. Бұл ұйықтап жатқан қызға қалың қамыстың һәм сексеуілдің көлеңкесі түскен екен. Мұның жанында бір шұңқырдың қасында бүркіт отыр еді. Рас мұның жанына келіп, шұңқырға қарады. Мінеки, бұған дәулет орнады. Шұңқыр толған алтын екен. Шұңқырға қарап, өз көзіне сенбей тұрды. «Мұның баршасы сенікі», − деп, Расқа бүркіт айтты. Рас бек шаттықпен көп ойламай, алтынды қапшығына сала бастады һәм азығынан азырақ жеп, жолға түсті. Мұның алдында бүркіт ұшып отырды бұған жол көрсетіп. Бүркітпенен жолдас болып, Рас бір орыстың қаласына келді. Көшеде келе жатып, бетпе-бет Қисық екеуі жолығыса кетті. Қисық Расты көріп бек қайран қалды. Бұны, ғажайып, көзі жоқ еді, көзі сау һәм тірі. «Мені танымай тұрмысың?», − деп, Рас бұған айтты. «Сені танып тұрмын. Қалайша сен мидай даладан жол тауып, мұнда келдің?», − деп, Қисық сұрады тілін шолжаңдатып, аузы арақ сасып. Рас жауап берді ешнәрсені тастамай, бәрін айтты және алтын тауып алғанын да жасырмай. «Сенің ақшаң бар екен, маған бөліп бер», − деп, Қисық Расқа айтты. Жуас, ақкөңілді Рас арам ойламайтын, ешкімге зиян ойламайтын. Қисық ақша сұраған соң тауып алған алтынның жартысын бөліп берді. Өз тиесін алып, Қисық барша ақшасын араққа ұстады. Рас бұдан былай мұны көре алмады. Қисық қолындағы һәм үстіндегі нәрсесін араққа салып, кабактан шықпады. Мұндай былапыт жүріс-тұрыс Қисықты ауруға шалындырды һәм ол кабактан кабакка қаңғырып жүріп, бір кабактың астында опат болды. Рас көп тарапқа барып, әртүрлі қалаларды көрді. Бұлардың бірі жақпады мұның көңіліне. Ақырында, өзінің туып-өскен жеріне келді.
Бұл өз жерінде көп ғұмыр кешті. Кедей міскіндерге қарасты. Барша қазақтар Расты қадірлеп, құрметтеп, жақсы көрісті. Адал тұрған соң мұның ісі Аллаға жақты. Ол табарік мұны құдіретіменен аспанға шығарды. Бұл Рас аспанда осы уақытқа шейін адал болған, әділшілік тұтқан кісілерге өзінің мархабатын көрсетеді.