ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ

ЖАҚСЫЛЫҚ ПЕН ЖАМАНДЫҚ
(ІІ – нұсқа)
Бұрынғы өткен заманда Жақсылық, Жамандық деген кісілер болыпты. Бір күні Жамандық жол жүріп келе жатса, артынан бір атты кісі жетіпті. Екеуі сұрасып, қайда бара жатқанын білісіпті. Сонда Жамандық тұрып:
– Жақсылық, сен мені артыңа мінгестіре кет, – депті.
Жақсылық:
– Олай болса, сен қазір мына атқа мін де, біраз жерге барып, атты байлап, жаяу кете берерсің. Мен жетіп, атпен біраз жер жүріп, саған тағы байлап кетермін. Сөйтіп, баратын жерімізге жетейік. Екеуіміз мінгессек, атқа қиын соғар, – депті.
Сонсын Жамандық:
– Жарар, – деп, атқа мініп, кете беріпті. Жақсылық жолда әбден шаршапты. Жамандық атына мініп алып, Жақсылықты есіне алмастан кете беріпті. Жақсылық шаршап, талып, кешке жақын бір күркеге келеді. Ішіне кірсе, жан жоқ. Бірақ ортада үлкен қазан асулы тұр екен.
– Айдалада қайнап тұрған не қылған тамақ, дәм татайын, – деп, шынтағының ұшын батырып, дәм татады да, күркенің төбесіне шығып жатады.
Бір уақытта қасқыр, түлкі, арыстан – үшеуі келіп, күркеге кіріпті. Түлкі тамақты көре салып:
– Ойбай, мына тамақтан біреу ішіпті, – деп, ойбай салады. Қасқыр мен арыстан екеуі:
– Кім жеуші еді, адам келетін жер ме бұл жер? – деп кейігесін үшеуі отырып, тамақ ішіп, әңгімеге кіріседі. Арыстан, қасқыр, түлкі көрген-білгендерін айтысады.
– Түлкі, сен не көрдің, не естіп білдің? – дейді арыстан мен қасқыр түлкіге. Сонда түлкі тұрып:
– Мен бір жерден бір алтын көрдім. Бәленше байдың қыстауының қасындағы жаман қыстаудың ортасында бір сүйем жердің астында бір құмыра алтынды күнде қарауылдап қарап келемін, – дейді.
Сонда қасқыр тұрып:
– Мен күнде пәленше байдың қойының арасында үлкен ала тоқтыны қарауылдап келемін. Себебі – сол байдың ауырып жатқан бойжеткен қызы бар, ем қылса да, жазылмайды және де оның емін ешкім білмейді. Бірақ мен білемін, ол қызды жазатын – ала тоқты. Ала тоқтыны сойып, өкпесімен қақса, жазылады. Тағы ол бай жар салдырған «кімде-кім осы қызымды жазса, соған осы қызымды беремін», – деп. Оның емін әлі ешкім тауып айтқан жоқ. Тауып айта алмайды да, – дейді.
Арыстанға кезек келгесін арыстан тұрып:
– Мен де түнде барып, түгенше байдың жылқысының біреуін жеп келемін. Ол бай мені ешуақытта ұстай алмайды. Және мені оның ешбір жылқысы қуып жете алмайды. Жететін бір ақ тай бар. Ол тай пәлен тоғайдағы жылқының ішінде, со тайдан басқасынан мен құтылып кете беремін. Және ол байдың жар салғаны бар, кімде-кім менің жылқымды жеп жүрген арыстанды ұстап берсе, соған бір үйір жылқымды беремін деген, – деп, әңгімелерін тауысып, ұйықтап, азаннан тұрып, жұмыстарына кетеді.
Жақсылық барлық әңгімені естіп алып, дуана құсап, байдікіне кіреді. Бай қалендер адам болғансын құрметтеп, «Жоғары шығыңыз», – деп, Жақсылық науқас қызға қарап:
– Баланы емдетпей, қинапсыңдар ғой, неғып осы уақытқа шейін ала тоқтыны соймадың? – дейді. Бай:
– Тақсырым, лажын сіз таптыңыз, біз састық, – дейді. Жақсылық:
– Олай болса, әкел анау үлкен ала тоқтыны, соның өкпесінде мұның ауруы, – дейді. Бай дереу қойшыларды жіберіп, тоқтыны алдырады. Жақсылық тоқтының өкпесімен қағып, қызды жазып, өзі алады. Сөйтіп, бағанағы жаман қыстауға келеді.
Қораның ортасынан бір сүйемдей қазса, бір құмыра алтын шығады, оны алып, арыстанның айтқан жеріне барады. Барса, бай әлі арыстанды ұстаған жоқ екен. Сонда байға Жақсылық айтыпты:
– Мен сол арыстанды ұстап берсем, сен маған не бересің? – деп.
Бай айтады:
– Егер ұстап берсең, саған бір үйір жылқы беремін, – деп.
Жақсылық:
– Жарар, – деп, тоғайдағы жылқыларының ішіндегі ала тайды ұстап алып, арыстанды күтіп тұрыпты. Арыстан келіп, бір жылқыны алып, қаша бергенде, Жақсылық әлгі ала таймен қуып жетіп, арыстанды ұрып жығып, байдың бір үйір жылқысын алып, үлкен бай бопты.
Неше ай, неше жылдар өткенде бір күні Жамандық келіпті. Қараса, үсті-басында дым жоқ, қайыршы, дуана секілді болып келіп, Жақсылықты көріп:
– Ойбай! Жақсылық, мен саған жамандық қыламын деп, мұндай күйге ұшырадым. Енді сен мені адам қыл. Сен бұл мал-мүліктерді қайақтан таптың? – дейді.
Сонда Жақсылық:
– Не де болса, адамзатсың ғой, сен жамандық қылғанмен, мен саған жақсылық қылайын, – деп, өзінің көрген уақиғасын айтыпты.
– Сөйтіп, сен қазір барғасын пәлен төбедегі күрке бар, оның ішінде асулы қазан бар, оның ішіндегі еттен жеме, тек шынтағыңды батырып, дәмін көр де, күркенің үстіне шығып, жат. Сонда түлкі, қасқыр, арыстан келеді. Сөйтіп, олар әңгіме қылады, солардан есіткен сөздеріңді істесең, сен де осындай бай боласың, – депті.
Сосын Жамандық:
– Жарайды, – деп, баяғы күркеге барыпты. Қараса, қазан тола ет, көзі қызығып кетіп, шыдай алмай:
– Мынау жілігін жейінші, омыртқасын жейінші, – деп, ақырында, сорпасынан да бес-алты ұрттап алыпты. Сөйтіп, күркенің төбесіне шығып жатыпты.
Бір уақытта түлкі, арыстан, қасқыр – үшеуі кіріп кепті. Түлкі тамақты көре салып:
– Ойбай, мына еттің тоқпақ жілігі жоқ… омыртқасы жоқ… сорпасы жоқ. Біреу ішіпті, – депті. Сонсын арыстан, қасқыр тұрып:
– Кім жеуші еді соны, бұл жерге адам келуші ме еді? – депті. Сонда түлкі:
– Жоқ, бір бәле бар, мен осы түсті [тұсты дегені] көрейінші, – деп, жата қалыпты. Біраздан соң тұрып:
– Осы тамның басына шығайықшы. Сонда бір бәле барға ұқсайды, – депті.
Бұл сөзін аналар да мақұл көріп, шықса, Жамандық жатыр. Үшеуі ортаға алып тұрып, Жамандықты жеп, ыңқайып тойып алады. Сөйтіп, Жақсылық жақсылығымен бай болып, мұрат-мақсатына жетіпті. Жамандық жамандығымен ит-құсқа жем болып қалыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *