АНТРОПОЛОГИЯЛЫҚ ТИПТЕР — адамдардың екінші, үшінші дәрежелі морфологиялық және физиологиялық ерекшеліктеріне, белгілі бір географиялық орталыққа таралу деңгейіне қарай жіктелуі. Өзара морфол. және тарихи жақындықтары бар топтар аймақтық көлемде қосылып, 2-қатардағы кіші раса тобын құрайды. Бұлардың антропол. бірлігі 1-қатардағы раса тобын құрайды. Адам баласы антропол. бөлініс бойынша үш үлкен расадан тұрады: монғолоид, еуропеоид және негроид. Бұлардың әрқайсысы бірнеше кіші нәсілдерге бөлінеді. Мыс., монғолоидтар Орталық Азия өңірлеріндегілері — Орта Азия (өкілдерінің бірі — монғолдар) және Байқал (өкілдері буряттар, тувалықтар) топтары болып ажыратылады. Сонымен қатар екі үлкен раса қосындысынан пайда болған кіші топтары да бірнеше А. т-ге бөлінеді. Солардың біріне көне еуропеоид пен ертедегі монғолоидтардың бірнеше ғасырлар бойы өзара араласуынан пайда болған метистік оңтүстік сібір — тұраноид расасы жатады. Оның өзі үш аумақтық А. т-ге немесе варианттарға жіктеледі: қазақстандық, тянь-шаньдық және алтай-саяндық. Негізгі өкілдері: қазақ, қырғыз, хақастар. Бұл А. т. арасындағы айырмашылықтар: қазақстандық типте осы метистік топтарды басқаларымен өзара салыстырғанда еуропеоидтық белгілері басым келеді, ал хақастарда керісінше, монғолоид белгілері басым. Қырғыздар болса осы екі метистік топтың аралығына жатады. Былайша айтқанда, үшеуінің қайсысы болса да, монғолоидтық пен еуропеоидтық нәсілдер аралығындағы метистік А. т. өкілдері болып қала береді. Сөйтіп А. т. — жүйедегі ең кішкентай ұсақ топтың құрылымы. Мұндай А. т-ге кейде бір немесе екі-үш этник. топтың өкілдері кіреді. А. т. сипаттамаларының негізінде гуманитарлық қауымдастық топтарының ортақ белгілері емес, морфол. ұқсастықтар заңдылықтары жатыр.