БАҚА

БАҚА
Баяғыда Бақа деген қой аузынан шөп алмайтын бір шал болыпты. Ол шал еш уақытта да бір адамға «Сені ме» деген сөз айтпапты.
Оның үстіне қыдыру дегенді, көпке қосылу дегенді білмепті. Осы мінезіне қарай Бақаны жұрт келемеждеп, «әулие» деп атапты. Осыдан былай қарай Бақа деген ат ұмытылып, «әулие» деген ат тағылыпты.
Бақа бір күні көптің артына еріп, қала шығып, қаладан қайтып келе жатқанда, нөсер жаңбыр жауып, көппен бірге жолдағы бір үйге қонуға мұқтажды болыпты. Солардың қонған үйіне ел қыдырып, қазақтың қатын-қалашын алдап, сауда істеп, мал тауып жүрген бір бақалшы саудагер ноғай қонады.
Қонған үйлері бір даукес байдың үйі болса керек. Қасындағы жолдастары Бақаны мазақтап, әулие деп атап отырғанда, есік жақта отырған бір шалға үйдің иесі де көңіл аудара қоймайды.
Таң атады. Шәй ішіп, жұрт аттанайын деп жатқанда, бақалшы ноғай:
– Бір тай матам ұрланды, – деп, әлек салады. – Ұры емес. Мата табылғанша осында боласыңдар, табылмаса, төлейсіңдер. Сендерден басқа алар адамның жөні жоқ, – деп, бұларды жібермейді.
Әрі керісіп, бері керісіп келгенде, қасындағы жолдастары Бақаны куәлікке ұстап беріп, кеткісі келеді. Сөйтеді де:
– Мынау отырған біздің жолдасымыз, көріпкел әулие, кім алса да, ұры кісіні тауып береді. Таба алмаса, ұрыны жасырғаны. Осы кісінің түп етегінен ұстап, айрылмаңыздар, – дейді.
Бақа ыршып түседі.
– Бай-еке, бұлар қалжыңға айтады. «Әулие» деп, мені мазақ қылады. Менің ондайлық ешбір өнерім жоқ, – дейді.
Бай отырып:
– Жарайды, әулие болса, ұрымды тауып берер, тауып бермесе, астындағы аты – біздікі. Басқаларыңа ұлықсат, – дейді.
Бақа әрі ойбайлайды, бері ойбайлайды. Қисайған бай болмайды. Ақырында:
– Матаны алған – сен, – деп, жанжал салады.
– Әй, Құдай-ай! Жасымнан-ақ осы заманның із аңдыған адамдарына жолдас болмасам деп ем, бір түн жолдас болғанда, көрген пайдам – мынау, – деп, Бақа тұтқын болып, жолдастарынан айрылып, жолынан бөгеліп, қала береді.
Бай кешке дейін Бақаны әурелейді.
– Жоқты табасың, таппасаң, төлейсің, – дейді. Бақа қарғанып-сіленіп, өлердегі сөзін айтады:
– Әулие де емеспін, матаны да көргенім жоқ, – десе де, болмайды. Тінтіп, әрі-беріден соң:
– Сөзге түсінбейтін, кезерген неме екенсің, – деп, бай қамшылап та алады.
Бақа өкінішпен, сөздің жай-мәнісін айтумен құтылмайтынын біліп, құтылудың басқа жолын ойластырады.
Ақырында:
– Жарайды. Мен ұрланған матаны табайын. Кешке бір бөлек үйді маған оңаша беріңдер. Таң атқанша соған түнеймін. Атымды үйдің артына байлап қойыңдар. Таң атқасын жоқтың ізінен хабар етем, – дейді.
Бай:
– Жарайды, – деп, бір үйді оңашалап, кешке Бақаны ішіне салады.
Бақа олай бір, бұлай бір төңбекшіп жатып, түнімен өзін әлекке салған халықты да, Құдайды да қарғаумен болады. Таң қараңғысы болды-ау деген кезде сыртқа шығады. Шықса, аты байлаулы тұр екен. Бірақ байда Бақаның қулығындай қулық жоқ па, ер-тоқымын тығып қойған екен. Кедей сорлыда дұрыс ер-тоқым болған ба, ер-тоқым біреудікі екен.
– Тастап кетсем, ұят болар, – деп, ер-тоқымды іздей бастайды.
Ана жерді бір, мына жерді бір қарап жүріп, үйдің жыртығынан шамның сәулесі келіп тұрған бір үйдің желкесіне келеді. Келсе, ішінен күбір-күбір дауыс шығады. Тыңдап тұрса, сөйлесіп жатқан әйел мен еркек екен.
– Құдай, ұрым-ау, ана әулие дегені шын әулие болып, ашылып қалса, не бетімізді айтамыз? – дейді еркегі тұрып.
– Әй, қойшы әрі! Ол қайбір әулие дейсің, жоқты айтқаны несі? Мына қарашы, шетінен бір сүйемдей жыртып алып едім, өзі сәтен бе, қалай? – дейді әйел.
– Қанша дейсің?
– Бірталай, бұзылмаған.
– Оны тыққан жеріңнен біреу-міреу тауып алмай ма?
– Ай, Құдай-ай, кім табар дейсің? Шұқыр тастың түбіндегі ағаштың түбін кім қазар дейсің…
Ер-тоқым іздеген Бақа қуанып кетіп:
– Жарайды, – деп, үйге қайта келеді.
– Бір сапарға бәледен аман құтылдым, – деп, тыныш ұйқыға кетеді.
Ертеңіне бай Бақаның бетіне қараса, кешегі Бақа емес. Бақаның көңілі жай, мінезі салмақты болып қалыпты.
– Осы Құдай атқанның, шынында да, бірдеңесі болып жүрмегей еді, – деп ойлайды ішінен.
Шәй ішіп, жайланып болғаннан кейін:
– Ал, әулием! Көрген-білгеніңнен сөйле! – дейді.
Бақа назданып, азырақ отырып:
– Осы ауылдың қатын-қалаштарына дейін қалдырмай жина, – дейді.
Ауыл адамдары жиналып болғаннан кейін:
– Мата алысқа кете қоймаған болар. Қатын-қалаштардың істеп жүрген істері болар. Отырған адамдардан сұрастырып көріңіз, бәлкім, өздері де мойнына алар, – дейді Бақа салмақты.
Жұрт біріне–бірі қарасады. Бай отырып:
– Естіп отырсыңдар ғой әулие сөзін, ойнап алғандарың болса, өздерің-ақ айтыңдар, – дейді.
Жұрт бірінен соң бірі:
– Құдай сақтасын. Бес-онды қарамыздың игілігін көрсетсін, – дегенді айтады. Соның ішінде бір жастау қатын қызарақтап, Бақаға алақтай береді. Бақа: Әй, сен қатынсың-ау, – деп ойлайды ішінен.
– Әулие, көріп отырсың ғой! Мына жұрт қарғанып отыр. Енді не айтасың? – дейді бай Бақаға.
Бақа азырақ үндемей отырып:
– Жарайды, олай болса, матаның жатқан жерін өзім-ақ айтайын… Осы ауыл маңында бір шұқыр тас болу керек. Сол тас жанында жалғыз ағаш болу керек. Соның түбін қазса, мата табылар. Бірақ бір сүйемдейі жыртылып алынған болар, – дейді.
Мұндай хабарды естіген жұрт отыра ма, шуласып, тұра жүгіріседі. Барып, қазса, айтқанындай, мата шыға келеді. Оның үстіне бір сүйемдей жері жыртылған болады.
Жұрт жағасын ұстап, таң қалысады.
– Мынау нағыз көріпкелдің өзі екен, – деседі.
Матаны алып, жұрт бай үйіне келеді. Әулиенің айтқаны дәл болғанын айтысады. Баяғы жас қатынның жүзі қуарып кеткенін Бақа көз жіберіп байқайды:
– Әй, осы сенсің-ау, – деп ойлайды тағы да ішінен.
Жұрт біраз шуласқаннан кейін манадан бері мата өз ауылының ішінен шыққанға тұнжырап отырған бай:
– Жарайды, әулием! Жоқтың үстінен дәл түстің, мұның жақсы. Енді ұрлаған кісіні айтып бер, – дейді.
Бақа біраз кідіріп отырып:
– Жоқ табылды ғой. Бала–шағалардың істеген ісі болар. Ар жағын қазбалап, біреу-міреуді ұялтып қайтеміз, – дейді.
– Әлде өзің тығып қойып, әулиелік қылып отырсың ба? – дейді бай кекетіп. Осы байдың өзінің қай жағынан шығып кетем деп мүдіріп отырған Бақа бұл сөзге кейіп кетеді.
– Олай болса, жарайды. Бірақ… өзіңізге ұят келіп қалып жүрмесін… – деп, Бақа ептеп басын көтеріп, манағы дүдәмалды әйелге қарайды. Әйелдің көзі тайсалып, жерге қарайды.
– Дәл өзі екен, – дейді ішінен Бақа.
– Матаны алған… – деп келе жатқанда Бақаның сөзін бөліп, жігіт ағасы болған бір кісі:
– Біздің үйдегі келініңіз екен, мына ноғайға ерегесіп, тығып қойып жүрген, – деп, күңк ете түседі.
Байдың беті көлдей болып, төмен қарайды. Манадан бері алақтап отырған жұрт біріне-бірі пыш-пыштап, теріс қарап, күле бастайды.
Матаны ұрлаған байдың інісінің әйелі екен.
ІІ
– Бақа көріпкел әулие екен, жұрт ойнап айтам деп, ойлап айтып жүр екен. «Сөйтіпті, сөйтіпті; солай болыпты», – деген лақап осыдан былай жұрттың бәріне жайылады. Өтірігін қосып, көпірте біреуден біреуге айтылып, Бақаны нағыз Құдайға қол тапсырып келген қылып, шығарады. «Әулие» деген ат шындап тағылады. Қой ұрланса да, бұзау бас жібі ұрланса да, біреу-міреу ұрласа да, жұрт Бақаға шабатын болады. Жұрттың лақабын, нанымын пайдаланып, күнін ойлайтын Бақа сияқты адамдар ма, Бақа бәріне де ұрсып, жауап беріп, қуып жіберіп жүреді. Кей адамдар әулие деген атаққа құштар болса, Бақа тосыннан тағылған атақтан қашып құтыла алмайды.
Күндерде бір күні азуы алты қарыс ел билеген бір бидің жанынан артық көретін, өзі бір түлікке бағалайтын жақсы нары жоғалады. Нарды күні-түні іздеп, таба алмайды.
– Нарды алған кісі бір күн ішінде әкеліп, үйімнің маңына тастап кетпесе, түбіне жетем. Ауыл-мауылымен шабамын. Еркегін құл қылып, қатынын күң қылып, Қоқанға айдатам заннам түбіне жіберсе де, бәрібір, ол нарды таппай қоймаймын, – деп, жарлық таратса да, нардың із-түзі білінбейді.
Ақырында, нардың өз бетімен табылуынан күдер үзгесін бақсы-балгер іздестіреді. Ақырында:
Нағыз көріпкел бір әулие бар дегенмен Бақаға қос ат шаптырады.
– Келсе, алып кел. Келмесе, сабап, айдап кел, – деп, бұйрық береді.
Бидің жіберген кісілеріне «бәлен-әлен» деп, Бақа ергісі келмеген екен, ту сырттан тиген екі қамшының зардабынан:
– Барсам, барайын, – дейді.
Бақа бидің үйіне келеді. Келісімен аттан түсер–түспестен би:
– Солай да солай! Түйемді табасың, таппасаң, басыңды алам, – дейді.
– Би-еке-ай! Елдің келемеж етіп, шашып жүрген лақабы ғой, әулиелік менде қайдан болсын? Мені босқа қыспаңыз, – дейді.
– Қаңғырған шақша бас бақалшыдан менің ауырлығым кем болғаны ма? Би тұра қамшының астына алады.
Бақа қорыққанынан:
– Құлдық, тақсыр, құлдық. Түйеңізді табайын, – дейді.
– Е, бәсе! Оттағаныңша манадан бері соны айтсайшы, – деп, би ашуын басады.
Бақа баяғысындай түнеуге оңаша үй сұрайды. Аттың үй артына байлануын тілейді.
– Жарайды, – деп, би үйін тігіп, бәрін әзірлеп, Бақаны оңаша үйге салады.
– Бүйтіп болған әулиелігің құрысын! Әулиелікті шығарған адамдар құрысын! – деп, Бақа түнімен әулие-әнбиелерді қарғап:
– Енді өлген жерім осы болар! Мазақтың түбі – азап! Азабым осы емес пе? Ел мазағынан өлді деген осы емес пе? – деп, қорланып, жылап шығады.
Таң қараңғысы болды-ау деген кезде ептеп үйден шығады. Аңдып тұрған адам жоққа ұқсайды.
– Жолым болған-ау, – деп, үй артына келсе, байлаудағы аты жоқ.
– Баратқанның балтасын, келеатқанның кетпенін қоймаған жалмауыз енді менің жалғыз атыма ауыз салдың ба? Жарлының жалғыз атын төлеуге алдың ба? – деп, жылап жібереді.
Бірақ, амал қайсы, аттан айырылса да, «бас – садаға» деп, Бақакең тайып отырады.
Қуған болар ма екен деп, тұрып-жығылып, қашып келе жатып, қалың қамыс арасына кеп, адасып кетеді. Жол қарастырып жүріп, қамыстың ортасындағы балшыққа кездеседі. Балшыққа теңкиіп, батып жатқан бір нәрсені көреді. Жақындап келіп қараса, балшыққа батып өлген бір қара нар екен.
– Әй, дәу де болса, осы соның нары-ау, – деп, біраз ойланып тұрып, қуанышы қойнына сыймай, бидің ауылына қайта қайтады. Қайтып келіп, білдірместен есікті бұрынғыша жауып, ұйықтап қалады.
Ертеңіне сәске уақытта тұрып, көңілдене, ешбір уайым жоқ, бидің алдына келеді.
– Ал, таптың ба? – дейді би.
– Нарыңыздың табылуы қиын екен. Алыс сапарға кеткен екен, – дейді Бақа.
– Өліп пе? – деп сұрайды би.
– Өліпті, – дейді.
Би сол жерде отырып, боздап тұрып жылайды.
– Түлікке балаған малым еді, – дейді.
– Мал деп құныққан, ай, ит-ай, – дейді ішінен Бақа.
– Өлтірген кім екенін айт. Аспанға ұшса да, жерге батса да, жоқ қылам, – деп, ақырады би.
Бақа тұрып:
– Нарыңыздың ажалы ешкімнен болмапты. Алладан болыпты. Алланың ісіне шара бар ма? – деп, Бақа көңіл айтып, нардың жатқан жерін айтыпты.
Би ат шаптырып, айтқан жеріне барып қараса, айтқанындай, балшыққа батып өлген, сол нар екен. Сөйтіп, Бақа бұл бәледен де құтылыпты.
– Бүйтіп болған әулиелігің құрысын! Бұған нанған елің құрысын! – деп, Бақа еліне қайтыпты. Басың аманында енді әулиелік құрмасқа ант етті.
ІІІ
Мұндай хабар елде жатқан бай Қырым мен Қытайға жетіпті. Әулие деген атақ жұрттың бәріне жетіпті.
– Солай да солай болыпты. Жарықтық нағыз көріпкел екен. Бұлжытпастан айтып беріпті, – деп, бұрынғы бұрынғы ма, Бақаның әулиелігін көкке жеткізіпті. Елдегі өтірікші қулар ойдан қиыстырып, Бақаның басқа түрлі де істеген керемет әулиеліктерін айтып, қиыстыра беріпті.
«Көріпкел әулие» деген хабарды ханның бір әумесер баласы естіпті.
– Әулиелік ондай адамға қайдан келіп жүр? Мен оның әулиелігін көрсетейін, – деп, жеті жендетін:
– Тірі болса, өзін алып кел. Өлі болса, сүйегін алып кел, – деп, бұйрық беріп, Бақаға шаптырыпты.
Жеті жендетке Бақа:
– Әулие емеспін. Елдің өсегі, мазағы. Бармаймын, – деп, дәлел айтқысы келген екен.
– Сен оныңды бізге айтпа. Хан баласына айт. Біздің міндет – сені өлі болсаң да, тірі болсаң да, алып бару, – деп, ары-бері жондап-жондап, ат құйрығына байлап, алып кетеді.
Еріккен хан баласы әулиені алып келе жатқанын көріп, атқа мініп, алдынан шығады. Жолда келе жатып, тырбаңдап, көлге қашып бара жатқан бір бақаға кездесіп, аттан түсе қалып, қамшының астына ала бастайды. Бақаны бір ұрады, қамшы тимейді, екі ұрады – тимейді. Үшіншіде барып тиіп, тыраң асады. Өлген бақаны тұмағымен бүркейді де, әулиенің келуін күтеді.
Аттың құйрығында жетектеліп келген әулиені келісімен жағасынан алып:
– Сен әулиемін деп жұртты алдап, әулиенің атын қорлап-ақ болдың. Өлетін жерің енді келді. Алдайтын кісің мен емеспін. Тез айт! Мына тұмақтың астында не бар? Тапсаң, жаныңның қалғаны, таппасаң – әулиелігіңмен бірге өңешіңді жұламын, – дейді.
– Дұрыс, шырағым! Менде әулиелік дегеннен түк те жоқ. Әшейін жұрттың келемежі. Мені қинама, шырағым, – дейді, Бақа көзінен жас егіліп.
– Сөзіңді қой! Мынаның астында не барын айт! Айтпасаң да, өлесің. Астында не барын таба алмасаң да, өлесің, – деп, ханның баласы тартып-тартып жібереді.
Соққы батқасын амал бар ма?
– Әй, Бақа-ай! Бұлай бардың – өлмедің, былай бардың – өлмедің, ақырында, енді ажалыңның жеткені ме? – деп, жүрелеп, жылап отыра кетеді. Бақа өзі жөнінде айтса, мұны хан баласы тұмақ астындағы бақаны айтып отыр екен деп:
– Апырай, нағыз әулие екенсің. Мен сізге шек келтіріп едім, онымды кешіріңіз. Тұмақ астындағы бақа екенін білгеніңіз білген болсын, менің екі ұрғанымда өлтіре алмай, үшінші ұрғанымда өлтіргенімді қалай біліп қойдыңыз? – депті.
Бақа жоқ жерден ажалдан құтылып, аман қалғанына қуанып:
– Шырағым, бірін білгесін екіншісі өзі білінеді ғой, – деп, жауап береді.
Сөйтіп, мұны естіген ел тағы да «көріпкел, әулие» деп, жағасын ұстапты.
– Мұндай әулиелігіңнің тұқымы құрысын! – деп, Бақа үйіне қайтыпты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *