ЖИРЕНШЕНІҢ ТАҒЫ БІР АЙТҚАН СӨЗІ
Хан бір күні:
− Осы Жиреншені неғылсақ та, жеңе алмадық, енді осыны бір жеңуге әдіс жасайық, − деп, бір жігітке:
− Сен ертең ертерек біздің үйге келіп отырып, Жиренше үйге кіріп келгенде қатты қылып бір осыр-дағы үйден шыға жөнел. Сонда мен Жиреншеге «ұста» дейін, сонда не дер екен? – депті.
Ертеңіне жігіт ханның айтқанын істеп, Жиренше үйге кіріп келгенде осырып, тұра жөнеле бергенде хан Жиреншеге «ұста», − депті. Жиренше жігітпен жарыса далаға шығып, біраз кідіріп, есіктен қайта келіпті.
Хан: − Ұстадың ба? – дегенде Жиренше:
– Баласы қашып кетті, әкесін ұстап әкелдім, − деп, бір адамның кепкен қу боғын ханның алдына тастай беріпті.
Сонда хан ұялғанынан:
– Мынаған дауа болмас! – деп, күліп жіберіпті.