АЛДАРДЫҢ ҚАЛЫҢДЫҚ АЙТТЫРУЫ. ҚУДАН АЛДАНУЫ

АЛДАРДЫҢ ҚАЛЫҢДЫҚ АЙТТЫРУЫ. ҚУДАН АЛДАНУЫ
Алдар жаман торғайды байға елу атқа сатқанына мәз болып, «осы құрғыр артымнан қуып келіп жүрмесін» деп, тездетіп жүріп, тағы бір тауға келеді. Таудың бауырында тағы бір ел көреді. Елге қарап тұрса:
Қойлар жатыр жусанда
Түйе жатыр сортаңда.
Жылқы жатыр беткейде
Ешкі тастан кетпейді.
Алдекең ағып жатқан малды көріп:
– Енді қандай несіп болар екен, – деп, езу тартып, қарап тұрса, жылқы шетінде жүрген жылқышыны көреді. – Елге бару үшін алдымен осыдан жай–мәнісін сұрап білу керек болар, – деп, жылқышыға келеді. Жылқышыға келіп амандасып, ол–пұлды айтып, қалжыңдап тұрып:
– Бұл кімнің малы, мынау кімнің ауылы? Үлкені кім, ханы кім? Жақсысы кім, жаманы кім? Байы кім, жарлысы кім? – деп, сұрау қойып, жылқышыдан елдің барлық сырын біліп алады.
– Ау, жаным! Тәптештеп, жайын біліп алдың. Өзің кімсің? – деген жылқышының сұрауына:
– Мағлұмбай деген атақты байдың мырзасы едім. Елімнен қыз таба алмай, елу атты қалыңмалға жетектеп, жиһан кезіп, қыз іздеп жүр едім. Еш сұлуды кездестіре алмай келемін, – деп, жауап береді.
– Қыз іздеген, қыз жақтырмаған жігіт болсаң, біздің ауылдың пәлен байында бір қора қыз бар.
Түріне ұқсар түрі бар,
Нұрына ұқсар нұры бар.
Түрлі-түрлі қызы бар,
Әр қызының сыры бар.
Әсіресе, соның ішінде
Жиһаннан асқан бірі бар,
Жаудыраған көзі бар,
Таң қалғандай сөзі бар.
Сағымданып құбылып,
Көз қарасы сүзіліп.
Қарағанда тұрарсың –
Есің ауып бұзылып.
Сен жиһан кезіп, қыз жаратпасаң да, осы қызға тоқталасың.
Бұл – хордың қызы, – дейді жылқышы.
Алдар «қыз іздеп жүрмін» деп, өтірік айтса да, жылқышы қызды тым мақтап жібергенсін «Осы қызды көрсем қайтеді, жаратпаса, қалармын. Менің нем кетіпті. Соған барайын», – деп, байдың жөнін сұрап алып, көрінген елге тартады. Ішкі көңілінде өзінің алдауға шыққанын ұмытып, шынында да, қыз іздеп шыққан адам сияқты болады.
Қызы бар байдың ауылының сыртына келіп:
– Жолық! – деп, айқай салады.
Байдың ауылы қараса, тарамыс сияқты, қатып қалған бір шикі сары, елу атты жетелеп, аю аттың үстінде өзі қайқайып отыр.
– Мынауың кім екен, барып білші!– деп, бай кісі жібереді. Кісі келіп: «Жол болсын», – деп айтады.
– Әлей болсын! Мен қонақпын, қонамын. Жер жүзін шарлап, көздеп жүрген бір нәрсем бар.
Қалған-құтқан сөзімді
Қыз іздеген сырымды.
Атамыз қазақ мұрасы
Қонғаннан соң сұрашы, –
деп, «Лұқсат жоққа» келтірмей, түсе қалады. Байдың жіберген кісісі жүгіріп, байға келеді:
– Жер жүзін шарлап жүрген адаммын. Қонамын, – дейді. Аузында қыз бар…. сірә, – дей бергенде, бай түсіне қалып:
– Әй, қонақ келеді, үйге көрпе салыңдар! – деп, айқай салады. Бір қора қылып, қызын өткізе алмай отырған байғұс жүгіріп жүріп, Алдарды қарсы алып, қонақ қылады. «Қалағаның білсін» дегендей, қыздарын да үйге иіріп қояды.
«Қазақ есіктен қарады дегенше, төрге шықты де» дегендей, «ләмға келді» дегенше, Алдар қойын–қонышқа кірді де, өтірікті шындай, шынды Құдай ұрғандай қылып соғып, бүкіл ауылды иіріп, аузына қаратып алады.
– Мынауың елден озған жүйрік, шешен, жұрттан озған көсем ғой!– деген қорытындыға келтіреді. «Атақты Мағлұмбай байдың мырзасы екен» деген атақ таққызады. «Мағлұмбайың қай бай?» деулеріне жол қалдырмайды.
Сонымен Алдекең алдап–алдап, байдың ең кенже қызына құда түспек болады. «Қайда кетпеген жылқысың» деп, елу атты сол жерде қалыңдыққа тартады.
– Қалған-құтқан кемісін толтыра жатарсың, – деп, бай қалыңдыққа ырза болады.
Бірақ менің қызым қашып жатқан жоқ қой. Менің үш балам бар еді. Сол үш балам жылқы бағып, отарға кеткеніне жыл болды. Әлі жоқ. Қайда жүргенінен де хабар жоқ. Іздететін адамым болмай отыр. Менің сенен сұрайтыным – сол балаларымды іздеп, тауып келсең. Сосын балаларым келгесін, күзге қарай қызымның тойын істеп, қосамын, – дейді.
– Жарайды, – деп, Алдар атқа мінеді. «Осы күзге кенже сұлуды аламын» деп, көңілі тасиды.
Күндеп жүріп, айлап жүріп, ақырында, Алдар жайылып жатқан бір көп жылқыға келеді. Келіп, адамдармен сөйлесіп қарағанда, атасының балалары екенін біледі. Өзінің жай–мәнісін айтып, сол жерде танысып, құшақтасып көріседі.
Байдың балалары бос немелер болса керек. Мыңдаған жылқының басын қайырып, жөнге сала алмай, елге айдай алмай, жатып қалған екен. Алдар келіп болысып, жылқыны жөнге салып, елге айдап келеді. Жылқысы, балалары келгеніне бай қуанып, ат шаптырып, той қылады.
Күндерде бір күні бай Алдарды оңаша шығарып алып:
– Кенже қызыма елу жылқы бердің. Жылқы деген өзімде де көп. Оныңа қанағат етпеймін. Қалыңмалыңның кемін толтыр. Ат басындай алтын тап. Әйтпеген күнде қызымды ала алмайсың, – дейді.
Қулық қылып, байды алдадым деп жүрсе, бай Алдарды алдаған екен. Алдар: «алдыма бір келтірді–ау», – деп, санын бір соғады. Сонда да:
– Алдаудан жеңілгенім бе? – дейді.
– Жарайды, ат басындай алтынды табамын, – дейді.
– Тапсаң, жарайды. Келер жылы осы уақытқа дейін күтемін. Келер жылы дәл осы уақытқа алтынды алып келмесең, күдеріңді үзе бер, – дейді.
Алдар түнімен дөңбекшіді. Қанша дөңбекшісе де, алтынды қайдан аларын білмейді. Анау-мынау алдауға ат басындай алтынның таптырмайтынын біледі. Сөйтіп жатып, ұйқыға кетеді.
Алдар таңертең оянып, көзін ашса, далада жатыр. Айналада ел дегеніңнен еш нәрсе жоқ. Сөйтсе, бай ауылы түннен тұрып, Алдарды жұртқа тастап, көшіп кеткен екен. Алдар ыза болады. Ызасына шыдамай, қазылған жерошаққа түсіп, күлге аунап жатып, жылайды. Ыза болғанда, қыздан айрылып қалғанына емес, байдан алданып қалғанына ыза болады.
«Ұрыны қарақшы ұрлайды» дегендей, қуды қу ұрып кетеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *